Соғыс ойыншықтарын жою күні. Бұл күн 1988 жылы Дүниежүзілік ата-аналарының қамқорлығынан айрылған және жетім балаларға көмек қауымдастығының бастамасы бойынша алғаш рет аталып өтті. Осы күні соғыс ойыншықтарын тәттілерге және жұмсақ ойыншықтарға ауыстыру қабылданған.
Бразилия Федеративті Республикасының Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1822).
Бразилия — Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Астанасы — Бразилиа. Мемлекеттік тілі — португал тілі. Ақша бірлігі — реал.
Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративті Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қыркүйектің 22-інде орнатылды. Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы — Ыдырысов Ерлан.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
11 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Назарбаев Ақтау қаласында өткен бірнеше іс-шараға: паром терминалының, қаланың «Ынтымақ» алаңындағы «Достық» монументінің ашылу салтанатына және Қазақстан жастарының бірінші конгресіне қатысты.
8 жыл бұрын (2004) Елбасының өкіміне сәйкес Бесландағы лаңкестік актінің салдарынан қаза тапқандарды қазақстандықтар жалпыұлттық бір минут үнсіздікпен еске алды. Түс мезгілінде Қазақстанның барлық телеарналары мен радиостансалары хабар таратуын бір минутқа тоқтатты.
7 жыл бұрын (2005) Павлодардың «Космос» жастар-демалыс орталығында әртіс әрі кинорежиссер Қуат Әбусейітовке арналған ескерткіш тақта орнатылды. Осыдан бастап жастардың демалыс орталығы қазақ киносы шеберінің есімімен аталатын болды. Өзінің кіндік қаны тамған Баянауылдың даңқын аспандатқан жерлестеріне арналған кеште актер, кинорежиссер, сазгер әрі ақын Қуат Әбусейітов туралы фильмнің тұсаукесері болды.
94 жыл бұрын (1918) Петроград телеграф агенттігі және РКФСР Халық комиссарлары кеңесі жанындағы баспасөз бюросы негізінде Ресей телеграф агенттігі (РОСТА) құрылды. 1925 жылы шілденің 10-ында КСРО Орталық атқару комитеті Төралқасы Кеңес Одағының Телеграф агенттігін бекітті. 1992 жылы қаңтарда Ресей егемендігін жариялағаннан кейін агенттік атауын ИТАР-ТАСС деп өзгертті. Қазіргі уақытта ИТАР-ТАСС ЮНЕСКО-ның квалификациясы бойынша әлемдегі ірі ақпарат агенттіктерінің бірі.
8 жыл бұрын (2004) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен елордада еврейлердің Орталық Азиядағы ең үлкен «Бейт Рахель — Хабад Любавич» синагогасы ашылды.
8 жыл бұрын (2004) Израильдің Бас раввині Йона Мецгер мен америкалық еврейлердің филантропы Рональд Лаудер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өркениеттер арасындағы диалогқа қосқан үлесі үшін тұңғыш рет тағайындалып отырған Маймонида атындағы Халықаралық сыйлықты табыс етті.
Аталған сыйлық ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген, ислам және иудаизм арасындағы диалогтың негізін қалаған танымал еврей философы Маймониданың (толық аты-жөні Раби Моше бен Маймон) құрметіне аталған. Маймонида сыйлығын Маймонида атындағы халықаралық сыйлықты табыс ету жөніндегі Халықаралық комитет бекіткен.
8 жыл бұрын (2004) Қазақстан әйелдерінің IV-інші форумы ашылды.
8 жыл бұрын (2004) Елбасы Н.Ә.Назарбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналысқа қатысты.
7 жыл бұрын (2005) Алматыда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Опаленные Чернобылем» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті.
Кітап Чернобыль ардагерлері одағының қолдауымен басып шығарылды. Авторы — Чернобыльдың ардагері Рахым Әбдікәрімов. Оқырмандарды қызықтыратын қазақстандық чернобыль-жауынгерлері туралы нақты материалдар, айғақтар және суреттер жинақталған.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Чернобыль ардагерлері, қайтыс болған ардагерлердің жесірлері, Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы және Ауған ардагерлер одағы, Ресей Украина, Беларусия елшіліктерінің өкілдері қатысты.
Чернобыль АЭС-ның ядролық апаты 1986 жылдың 26 сәуiрiнде болды. Ол адам баласының пайда болғаннан бері болған ең үлкен техногендi апаттың бiрі болды. Апаттың қалдықтарын жоюға қазақстанның жауынгерлері қатысты. №20040-шi әскери бөлiм Қазақстанда ұйымдастырылған. Бұл полкте 1986-1989 жылдар арасында 31730 қазақстандық жауынгер-жоюшылар қызмет атқарған. Қазіргі таңда 6 мың 320 Чернобыль ардагерлері бар.
7 жыл бұрын (2005) Оралда «Жайықтың мөлдір сырлары — Поющие берега Урала» атты жинақ жарық көрді.
Кітапқа Ақұштап Бақтыгереева, Татьяна Азовская, Шолпан Кыдырниязова, Роза Ташенова, Дариға Мұштанова, Галина Самойлова сынды Батыс Қазақстанда тұратын белгілі жазушылардың шығармалары енді.
Қатты тыста әдемі ресiмделген кiтап Оралдың «Полиграфсервис» ЖШС баспаханасынан екi тiлде басып шығарылған.
5 жыл бұрын (2007) Алматыда әл-Фараби даңғылы мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы жол айырығы ашылды.
5 жыл бұрын (2007) Шығыс Қазақстан облысының Глубокое кентінде «ИЗАТЕМ» базальт таужынысынан минерал-мақта бұйымдарын өндіретін жаңа зауыт ашылды.
Минеральды бұйымдардың жоғары деңгейдегі отқа төзімділік қасиеті бар және олар жанбайтын материалдар тобына жатады, оны ғимараттың отқа төзімді құрылымында пайдалануға болады.
Бұл әлемдік талаптарға сай жасалған Қазақстандағы жалғыз зауыт болып саналады. «Изатем» зауыты «Восток-Универсал» өндiрiстiк-өнеркәсiптiк кешенiнiң бiрiншi кезектісi болып табылады. Зауыттың іске қосылған бірінші желісінің қуаттылығы жылына 28 мың тонна дайын өнім. Өнімнің 40 пайызы Ресей Федерациясының Батыс Сібір және Орталық Азия елдерінің нарығына экспортталады.
3 жыл бұрын (2009) Астанада бірінші Орталық Азиядағы Эстония Республикасының консулдігі ашылды.
Салтанатты шараға Эстония Республикасының Премьер-министрі Андрус Ансип, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, бизнесмендер қатысты.
3 жыл бұрын (2009) Петропавлда ауған-тәжік шекарасында қаза болған жауынгерлердің құрметіне ескерткіш ашылды.
Жиналғандар есімі гранит тақтасына қашалып жазылған қаза болған 17 жауынгерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
3 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда Қазақстан ардагер-энергетиктерінің І съезі болып өтті.
ЕСІМДЕР
79 жыл бұрын допты хоккейден спорт шебері, КСРО чемпионатының 4 мәрте қола, 5 мәрте күміс жүлдегері және чемпионы БАЙБОЛОВ Қазбек Дәулетбекұлы (1933-1994) дүниеге келді.
Петропавл қаласында туған. Алматының СКИФ, «Буревестник», «Динамо» командаларының құрамында ойнаған. Қазіргі Қазақ спорт және туризм академиясының доценті, кафедра меңгерушісі, «Динамо» командасының аға жаттықтырушысы болған. Допты хоккейден В.Бочков, В.Панев, Ю.Варзин, М.Жексенбеков, А.Сәрсекеев, Л.Лобачев, С.Шаймерденов сияқты спорт шеберлерін дайындаған.
64 жыл бұрын (1948) медицина ғылымының докторы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖАҚЫПОВ Уәлихан Әбуұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Қазақ ұлттық медицина академиясы) бітірген. 1972 жылдан Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі Клиникалық және экспериментальдік хирургия ғылыми-зерттеу институтында (қазіргі А.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығы) қан тамырлары хирургиясы бөлімінің клиникалық ординаторы, хирургі, аға ғылыми қызметкері болған. 1990 жылдан осы ғылыми мекеменің бөлім меңгерушісі. Ғалымның негізгі ғылыми жұмыстары қолқа және қан тамырлары ауруларын хирургиялық жолмен емдеуге арналған. Қолқаның жоғары бөлігі кеңейгенде (қолқа аневризмосы); кеуде қуысын ашып, ішкі органдардың кеңейген қантамырларын қалпына келтіру (торако-абдоминалды аневризм) операцияларын жасаған алғашқы хирургтардың бірі. Ол микроангиопатияны, ішкі органдардың қан айналу жүйесінің бұзылуын, жүйке қантамырларының жаңадан пайда болу белгісін, аяққа баратын қантамырлардың бітеліп қалуын хирургиялық тәсілмен емдеуді ұсынды. «Хирургияда жаңа технологияны зерттеп, оны тәжірибеге енгізу» ғылыми-зерттеу жұмысы авторларының бірі. 100-ге жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 монографияның авторы.
59 жыл бұрын (1953) Қазақстан Республикасы Әділет минстрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің бастығы ХАСЕНОВ Ғалымжан Акпарұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы зауыттың жоғары техникалық оқу орнын бітірген. 1985-1993 жылдары әскериленген өрт сөндіру бөлімінде қызмет істеп, ішкі қызмет капитаны шенінде бастықтың орынбасары лауазымына дейін жоғарлаған. 1993-1998 жылдары — Қарағанды облыстық ішкі істер бас басқармасының инспекторы, баспасөз қызметі бөлімшесінің бастығы. 1998-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөлім бастығы, Баспасөз қызметі басқармасы бастығынң орынбасары. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді.
2003 жылы қыркүйекті оның «10 лет в доспехах «рыцаря» и пера» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Хасеновтың мақалалары облыстық «Индустриальная Караганда» және «Аргументы и факты», «Казахстанская правда» газеттерінің бетінде жарияланып тұрады. 2006 жылдың ақпанынан Қазақ ақпарат агенттігімен тығыз қарым-қатынаста.
142 жыл бұрын (1870-1938) орыс жазушысы КУПРИН Александр Иванович дүниеге келді. Ресейдің Пенза облысында туған. Ол алғашқыда лирикалық, сатиралық өлеңдер, кейіннен әңгіме жаза бастаған. Оның тұңғыш әңгімесі «Соңғы дебют» деп аталады. «Пират әйел», «Миллионер», «Сұраушы», «Керемет дәрігер» сияқты әңгімелерінде езілген халықтың өмірін шындықпен суреттесе, «Түнгі ауысым», «Жорық» шығармаларында патша әскерінің ауыр тіршілігін кеңінен бейнелейді. Куприннің озық шығармаларының бірі М.Горькийге арнаған «Жекпе-жек» повесі. Оның көптеген тамаша шығармалары әлем әдебиетінің алтын қорына қосылды. «Жекпе-жек» повесі т.б. шығармалары қазақ тіліне аударылған.
171 жыл бұрын (1841-1918) халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы МЕРАЛЫҰЛЫ Мұхит (Мұхамбеткерей) дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Әбілқайыр әулетінен шыққан, Қаратай сұлтанның немересі. Оның туған ағалары Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп өнерпаз адамдар болған. Мұхит Орынбор, Қостанай, Жаманқала (Орск), Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырау өңірлерін аралап, «Әнші Мұхит», «Сал Мұхит» атанды. Оның «Дүние-ай», «Зәуреш», «Паң көйлек», «Қыпшақ», «Дөң асқан», «Кербез» әндері әншілік өнерінің сан қырлы табиғатын ашады. Ойлы да қуатты, нәзік те сырлы, мөлдір лиризмге тұнған әндерін асқан шеберлікпен орындай жүріп, өзінің әншілік дәстүрін қалыптастырды. Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 ән мен күйі» кітабында Мұхитты «қазақтың Баяны» атап, Қазақстанның батысында Мұхиттың шығармашылығын белгілі ән мектебі деп қарау керек» деп жазды. Ол тек әнші, ақын ғана емес, күйшілік өнерімен де танылды. Боғда, Есбай, Тазбала, Сәулебай, Абыл күйлерін өте әсерлі орындап, өзі де күй шығарды. Мұхиттың әншілік, ақындық, күйшілік мұрасын біздің заманға балалары — Шоң мен Нәу, немерелері — Шайхы, Лұқпан, Ғұбайдолла жеткізді. Қазақстан композиторлары Мұхиттың туындыларын өздерінің шығармаларында кеңінен пайдаланды. Евгений Брусиловский Мұхиттың «Алуаш» әнін «Жалбыр», «Үлкен Оразын» — «Қыз Жібек», «Дүние-ай» әнін «Ер Тарғын» операларына пайдаланды.
93 жыл бұрын (1919-1988) күйші-домбрашы, Қазақ КСР халық әртісі, Ұлы Отан соғысына қатысушы ОМАРОВ Рүстембек Бейсенұлы дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. Ленинградта (Санкт-Петербор) музыка училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1934 жыдван Қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы, концертмейстері, солист-домбырашысы сонымен қатар консерваторияда сабақ берді. Ә.Есқалиев, Қ.Ахмедияров сияқты көптеген күйшілерді даярлады. Қазақ халық күйлері мұрасын, әсіресе, Құрманғазы күйлерін, оның орындаушылық дәстүрін жетік меңгерген.
33 жыл бұрын (1979) ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағаттар комитеті төрағасының орынбасары АЙТҚАЛИЕВ Әшір Қайыржанұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын (Мәскеу) бітірген. «Самғау» Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ аппарат жетекшісі, «Арна-Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ уәкілетті өкілі болып жұмыс ітеді. Қазіргі қызметінде — 2008 жылдан бері.
105 жыл бұрын (1907-1984) балетмейстер, режиссер, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, өнертану докторы ЗАХАРОВ Ростислав Владимирович дүниеге келді.
105 жыл бұрын (1907-1975) техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер ЛЫСЕНКО Иван Захарович дүниеге келді.