«Баспана» ипотекалық компаниясының басшысы Қайрат Алтынбековтың айтуынша, Шымкент қаласының әкімдігімен арнайы келісімшартқа қол қойылды. Оған сәйкес, қалаға қосымша 20 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Қазақпарат.
«Әкімдік ол ақшаға «7-20-25» бағдарламасы бойынша шамамен 500 мың шаршы метр қосымша тұрғын үй (бір пәтердің ауданы 60 шаршы метр болса, ол шамамен 8,3 мың пәтер — авт.) салып шығуы тиіс. Сосын біз «Жас арман» және «Қамқор баспана» атты жобаларды қолға алдық. Соның аясында жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің алғашқы жарнасын азайту жоспарланып отыр. Ол үшін жергілікті билік осы санаттағы азаматтарға ұзақмерзімді несие береді. Оған проценттік мөлшерлеме жүрмейді. Мәселен, бүгінде «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарнасы 20 процентті құрайды. Соның жартысын жергілікті билік субсидиялайды. Тізімді әкімдіктің өзі жасайды. Қазіргі кезде Шымкент қаласында пилоттық жоба басталды. Оған сәйкес, қала әкімдігі 2 мыңға жуық адамға 2 млрд теңге көлемінде субсидия аударып береді», — деді Қ.Алтынбеков Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Айта кетейік, қазіргі кезде «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек дайын құжаттары бар баспанаға ғана ипотека беріледі. Ал пәтерлердің басым бөлігі құрылыс жұмыстары кезінде сатылып кетеді. Содан жаңа бағдараламаға баспана аз қалады. Осыған байланысты «7-20-25» аясында арнайы тұрғын үй салу жоспарланған.
Ал бүгіннен бастап «Баспана-Хит» атты жаңа ипотека беріле бастады. Оған қайталама нарықтан пәтер сатып алуға болады. Алғашқы жарнаның көлемі өзгермейді. Алайда проценттік мөлшерлеме Ұлттық банктің ставкасына байланысты болады.
«Мәселен, Ұлттық банктің базалық ставкасы 9 процентті құрайды. Оған тағы 1,7 процент қосылады. Осылайша, «Баспана-Хит» бағдарламасы бойынша проценттік мөлшерлеме 10,7 болады. Ипотеканың мерзімі — 15 жыл. Ал бастапқы жарнаның мөлшері 20 процент болып қала береді», — дейді Қ.Алтынбеков.