"78 жылға созылған қақтығыс": Даулы Кашмир аймағымен қазақтарды не байланыстырады - kaz.caravan.kz
  • $ 510.84
  • 579.7
+17 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"78 жылға созылған қақтығыс": Даулы Кашмир аймағымен қазақтарды не байланыстырады

"78 жылға созылған қақтығыс": Даулы Кашмир аймағымен қазақтарды не байланыстырады

Кашмир аймағындағы Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстар 1947 жылдан бері басылар емес.

  • 8 Мамыр
  • 50
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Кашмир аймағындағы қақтығыс

22 сәуірде Үндістан бақылауындағы Кашмир аймағында туристерге шабуыл жасалып, 26 адам қаза тауып, ондаған адам жарақаттанған еді. Үндістан бұл шабуылды Пәкістандық лаңкестік топтар ұйымдастырды деп айыптады. Арада екі апта өткен соң, яғни 6 мамырдан 7 мамырға қараған түні Үндістанның қарулы күштері Кашмирдің Пәкістанның бақылауындағы бөлігіне соққы жасады. Үндістан билігі бұл операцияны «Синдур» деп атап, Пәкістанның 9 нысанына шабуыл жасады. Пәкістан жауап ретінде Үндістанның бірнеше ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге сенсек, қаза тапқандардың жалпы саны шамамен 31 адамға жетті.

Сарапшылардың пікірінше, бұл — екі ел арасындағы ең ірі шиеленістің бірі. Ядролық екі ел арасындағы қақтығыстың ушығып кетпеуіне бүкіл әлем алаңдаулы.

Кашмир аймағына түркілер мен қазақтардың қатысы қандай?

Гималай тауларының арасында сырт көзден жасырын жатқан әлемдегі ең даулы аймақтардың бірі Кашмирді ұлы бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулати XVI ғасырда жаулап алып, 11 жыл билік құрған.

Белгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес облыстардың тарихы жөніндегі аса құнды түпнұсқа жғһболып саналатын, түркі тектес халықтар тарихынан, соның ішінде қазақ кауымының көне шежіресінен аса құнды деректер беретін  «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторы Мұхаммед Хайдар Дулати Ташкентте дүниеге келіп, Үндістандағы Кашмир уалаятында қайтыс болған.

Хайдар Дулатидің әкесі Мұқамед Хусейн Шайбани ханның қолынан қаза табады. Әкесі қайтыс болған соң 1509 жылы Хайдар Дулати сол кезде Кабул уәлаятын билеп тұрған өзінің туған бөлесі Бабыр патшаның қарамағына барады. Сұлтан Саид хан Қашқар елінің билік тағына отырған кезде Хайдар Дулати осында келіп, Қашқар билеушілерінің бірі болады.

Сондай-ақ ол ханның мұрагері Әбу ар-Рашид сұлтанның ұстаз-тәрбиешісі болып тағайындалады. 1533 жылы хан тағына отырған Әбу ар-Рашид дулат тайпасының басшыларынан қауіптеніп, оларды қатты қуғынға ұшыратады. Дулати Үндістанға қашып кетіп, онда Ұлы Моғолдар сарайының әскербасы болады. 1541 жылы Бабыр ұрпақтарының көмегімен Кашмир елін жаулап алып, сонда дербес мемлекетке өзі жеке дара билік жүргізеді. Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінің екінші кітабында Кашмирге 10 тарауын арнаған көрінеді.  1551 жылы Хайдар Дулати сондағы тайпалардың бірімен шайқас кезінде мерт болады.

Жалпы Кашмир өлкесі М.Х.Дулати кезінде де, тіпті бүгін де біртұтас әкімшілік-территориялық құрылым болған емес. Оның көптеген саяси, этникалық және діни себептері бар. 

Бүгінде жалпы ауданы — 222 236 км² болатын Кашмир бірнеше бөлікке бөлінген. Үндістанға қарасты екі одақтас аймақ — Джамму мен Кашмир және Ладакхтың жалпы ауданы 101 387 км², ал халқы 12,5 миллион. Сондай-ақ, өз-өзін жариялаған, бірақ мойындалмаған мемлекет Азад Кашмирдің («Еркін Кашмир») ауданы 13 000 км², халқы 3,6 миллион. Ал Пәкістанның бақылауындағы Гилгит-Балтистанның («Солтүстік аймақтар»), ауданы 72 500 км², халқы 1 миллион адам болса, Қытай Халық Республикасы юрисдикциясындағы Аксайчин аймағының ауданы 37 555 км². Бұл өлкенің бірнеше мың ғана халқы бар.

Айта кету керек, кезінде Қытайдың Алтай өлкесінен қашқан қазақтар Түркияға Гималай тауы, яғни Кашмир арқылы өткен. Бүгінде аталмыш аймақта қазақтардың бар-жоғы белгісіз.