Билеттерді сату кассалары Алматыда — 9, Астанада — 11 жерде орналасқан. Сондай-ақ Қазақстанның қалған барлық 14 өңірінде билеттерге тапсырыс беру қызметтері жұмыс істейді. Билеттерді сонымен бірге, он-лайн түрінде www.astana-almaty2011.kz ресми сайтынан және www.meloman.kz интернет-порталынан сатып алуға болады. Он-лайн режімінде алынған билеттерге төлем, сату кассаларына не болмаса халықаралық төлем жүйелері арқылы жүргізіледі.
Ойындардың салтанатты ашылуы 2011 жылғы 30 қаңтар күні кешкі сағат 18.00-де Астана қаласындағы «Астана-Арена» стадионында (30 мың орын) өтеді. Билеттердің бағасы — 7500-15000 теңге аралығында. Ойындардың жабылу рәсімі 6 ақпан күні Алматы қаласындағы Б.Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында өтеді (5 мың орын). Билеттердің бағасы 4500-12000 теңгеге дейін.
Іс-шараларға кіргізу қатаң түрде штрих-кодтары бар билеттермен ғана жүзеге асырылады. Олардың түпнұсқалығы арнайы сканер арқылы тексерілетін болады. Көрермендер залына кіреберісте сондай-ақ, рұқсат етілмеген заттарға тексеріс жүргізу қарастырылып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты Тәуелсіз Қазақстан мен Азия ойныдарының тарихындағы ең әсерлі шоу-бағдарлама болады. Оған ел басшылығы, достастық елдердің басшылары, Халықаралық олимпиада комитеті мен Азия олимпиадалық кеңесінің президенттері және басқа да құрметті қонақтар қатысады. Ойындардың ашылуына сатылатын билеттер көрермендерге «Астана-Арена» стадионына жетуге болатын толық ақапараттары бар арнайы мұқабаға салынады.
Ал Ойындардың жабылу рәсімі барысында Ақ Азиаданың нәтижесі шығарылатын болады. Шара барысында, сондай-ақ Азия олимпиадалық кеңесінің байрағын келесі 8-нші Қысқы Азия ойындарын ұйымдастырушы елге салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтеді.