7-Қысқы Азия ойындары аясында өтетін Алау эстафетасының Астана қаласындағы бағыты анықталды - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
7-Қысқы Азия ойындары аясында өтетін Алау эстафетасының Астана қаласындағы бағыты анықталды

7-Қысқы Азия ойындары аясында өтетін Алау эстафетасының Астана қаласындағы бағыты анықталды

7-Қысқы Азия ойындары аясында өтетін Алау эстафетасының Астана қаласындағы бағыты анықталды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Алау эстафетасын өткізу жөніндегі қалалық дирекция басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.

  • 23 Желтоқсан 2010
  • 685
Фото - Caravan.kz

Бұған дейін хабарланғандай, Алау эстафетасына әрбір өңірден — 60, Алматыда — 80, ал Астанадан — 100 алаугер қатысады. Эстафета бағыты екі кезеңге бөлінді.

Бірінші кезеңі түскі сағат 12.00-де Тәуелсіздік көшесінде орналасқан «Қазақ елі» монументінен басталады да, Тәуелсіздік пен Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысы — Байтұрсынұлы мен Қошқарбаев көшелерінің қиылысы — «Арқар» көпірі арқылы Орынбор-Қонаев көшелерінің қиылысына дейін — Орынбор көшесінен «Ақ Орда» алдындағы алаң арқылы — «Бәйтерек» монументі -Көлік және коммуникация министрлігі — «Нұр Астана» мешіті — Достық және Қабанбай батыр көшелері арқылы жүріп өтіп, Мемлекеттік рәміздер алаңына келіп тоқтайды. Бағыттың жалпы ұзындығы 8,2 шақырым, қатысушы алаугерлердің саны — 50.

Техникалық үзілістен кейін сағат 15.30-да Астана әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңнан эстафетаның екінші кезеңі басталады. Алаугерлер Абай даңғылы арқылы Республика көшесіне шығып, Есіл өзенінің үстіне түседі. Осы кезде креативті кезеңдер ұйымдастырылады деп күтілуде. Мәселен, Азиада Алауын Есілдің үстімен шаңғышылар, конькишілер, каскадерлар, қарда жүретін машиналар мен морждар алып өтетін болады. Одан кейін эстафета «Рэдиссон САС» қонақ үйінің алдындағы көпірге түсіп (Тұран даңғылы), «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық кешеніне келіп тоқтайды. Эстафетаның аяқталуына орай кешенде үлкен шоу-бағдарлама өтеді. Екінші кезеңнің жалпы ұзақтығы — 2 сағат, ұзындығы — 7,2 шақырым. Қатысушы алаугерлер саны — 50.

Сағат 18.00-де «Астана-Арена» стадионында 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы басталады. Салтанатты рәсімнің аяқталуына қарай, яғни сағат 20.00-де Ақ Азиаданың басты қазандығын жағу үшін Алау «Хан шатырдан» «Астана-Арена» стадионына жеткізіледі. «Астана-Арена» стадионында Қысқы Азия ойындарының аясында ешбір ойындар өткізілмейтіндіктен, ресми іс-шара аяқталғаннан кейін, басты қазандық көпшіліктің назарына қойылу үшін «Думан» ойын-сауық кешенінің алдындағы алаңға қойылады. Айта кетейік, осы алаңда Астанада бұған дейін болмаған этно-үлгідегі алып мұз қалашығы салынады.


Еске салайық, 7- Қысқы Азия ойындары Алау эстафетасының факелі 11 қаңтар күні Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Куәйт қаласында тұтандырылып, Ойындарды ұйымдастырушы Қазақстанның өкілдерінің біріне тапсырылады. 12 қаңтар күні Алау ұшақпен Алматы қаласына жеткізіледі. Осыдан бастап оның Қазақстанның өңірлері бойынша саяхаты басталады. Алматыда кейін алау құтысы Тараз (13 қаңтар), Шымкент (14 қаңтар), Қызылорда (15 қаңтар), Ақтау (16 қаңтар), Атырау (17 қаңтар), Орал (18 қаңтар), Ақтөбе (19 қаңтар), Қостанай (20 қаңтар), Петропавл (21 қаңтар), Көкшетау (22-23 қаңтар), Павлодар (24 қаңтар), Өскемен (25-26 қаңтар), Талдықорған (27 қаңтар), Қарағанды (28-29 қаңтар) және Астанаға (30) жеткізіледі.

Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера