«Елордалық туризм қауымдастығы» 7-ші Қысқы Азия ойындарын өткізуге қатыстырылатын қонақ үйлерді таңдау бойынша комиссияның мүшелігінде болды. Өкінішке қарай, қонақ үйлердің денінің қызметкерлері шетелдік қонақтарды қарсы алып, күтуге мүлдем дайын емес болып шықты. Ал шет ел тілдерін меңгергендері жоқтын қасы. Нәтижесінде, біз Астана қаласының әкімдігіне өз ұсыныс-пікірлерімізді жолдадық», — деп атап өтті В.Жүнісова.
В.Жүнісованың сөзіне қарағанда, шет ел қонақтарының өзі астаналық қонақ үйлер мен мейрамханалардағы қызметтердің сапасы бағаға сәйкес келе бермейтінін айтуда. Бұл түйіткіл туралы Елбасы Н.Назарбаев та бірнеше мәрте айтқан болатын.
Осы ретте, Азиадаға дайындық және Астана қаласындағы туристік қызметтер көрсететін жалпы нысандардың сапасын арттыру мақсатында, елорда әкімдігі мен Елордалық туризм қауымдастығы «3С сапа бренді» жобасын әзірледі. Жоба аясында арнайы комиссия туристік нысандардың деңгейі мен олардың жалпы жағдайына баға бере отырып, қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жаттығу-тренингтер өткізетін болады. Комиссияның шешімі бойынша «3С сапа брендіне» толығымен сәйкес келеді деп танылған нысандарға символдық бейнелемелер мен арнайы атрибуттар табыс етіледі.
Бұған дейін хабарланғандай, қысқы Азиада ойындарына 1500-ге жуық шет елдік спортшылар мен бапкерлер келеді деп күтілуде. Айта кетейік, осыдан төрт жыл бұрын 2007 жылы Қытайда өткен Азиадаға 800 спортшы қатысқан болатын. Азия құрлығында орналасқан 45 елдің 30-ы 2011 жылы Қазақстанда өтетін 7-ші Қысқы Азия ойындарына қатысуға ниет білдіріп отыр. Оның ішінде 27-сі — мұсылман елдері болғандықтан, Астана мен Алматының қонақ үйлерін халал стандарттарына сай келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.