8 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
8 қаңтар.  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

8 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

8 қаңтар СЕЙСЕНБІ

  • 8 Қаңтар 2013
  • 928
Фото - Caravan.kz

Грециядағы Гинайкратия. Грецияда қаңтардың 8-ін мағынасы біздің 8 наурыздағы мерекемізге ұқсайтын күн деп айтуға болады. Бұл күні әйелдердің Гинайкратия фестивалі өтедi. Әйелдер жанұядағы үй машақаттарынан босап, демалыс орындарында көңіл көтереді. Осы уақытта күйеулері үй шаруаларымен шұғылданады.

Тайландта балалар күні. 1-і маусым күні атап өтетін Халықаралық балалар күнiнен айырмашылығы, Тайландта осы оқиғаны қаңтардың екiншi сенбiсiнде атап өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

50 жыл бұрын (1963 қаңтардың 8-9-ы) Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші құрылтай съезі өтті. Онда аталмыш одақтың бірінші хатшысы болып Шәкен Кенжетайұлы Айманов сайланды.

10 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының «Инвестиция туралы» Заңы қабылданды.

304 жыл бұрын (1709) Ресейде алғашқы азаматтық күнтізбе жарық көрді. Онда күннің, айдың тұтылуы, жыл мезгілі, соғыс пен келісім шаралары, денсаулық туралы мәліметтер жазылған.

149 жыл бұрын (1864) Торғайда (Орынбор бекінісі) қазақ балаларына арналған алғашқы мектеп ашылды. Ыбырай Алтынсарин осы оқиғаға байланысты қуанышын Н.Ильминскийге жазған хатында бөлісті.

16 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Жамбыл қаласының аты Тараз болып өзгертілді. Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдың ортасындағы Қытай деректеріндегі ескертулерде сақталған қаланың тарихи атауы қайтарылды.

6 жыл бұрын (2007) Парижде Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз достығының қоғамы ашылды.
Мұстафа Шоқай (1889-1941) — өткен жүз жылдықтың бiрiншi жартысындағы ұлттық тарихтың танымал қоғам және саясат қайраткерi, Орта Азияның бостандығы мен тәуелсіздігіне күрескен публицист, идеолог, «Алаш Орда» партиясы жетекшілерінің бірі.

6 жыл бұрын (2007) Батыс Қазақстан облысында «Жыр өзегі — Жымпиты» атты ұжымдық жинақ жарық көрді. Кітапқа Сырым ауданы ақындарының туындылары енген.

5 жыл бұрын (2008) Шымкенттік «Шикула және компания» баспасы балалар үшін қазақ тілін өлең арқылы үйрену әдістемесіне негізделген бастаманы қолға алды. Жаңа жыл қарсаңында баспагерлер қазақ тілін үйренетін балалар үшін екі жаңа кітап басып шығарды. Ақын Ольга Исерқұлова құрастырған жаңа кітаптар өлең тілінде жазылған тілашар іспетті. Кітап суреттермен безендірілген. Алғашқы екі кітапта «Бау» және Бақша» тақырыптары қамтылып отыр.

5 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасында Парламент Сенатында «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының таныстырылымы болды.
«Атамекен» одағы» болашақта бизнес бастамаларының барлығының да жүзеге асуын қамтамасыз етіп, жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін мол мүмкіндіктер жасайтын болады. Сондай-ақ елімізде шығарылатын тауарлардың сыртқы нарыққа шығып, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына сәтті кірігуін қамтамасыз етеді.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1943-1991) композитор, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты ДӘСТЕНОВ Жолан (Жолдыбай) дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1967-1982 жылдары — Қазақ филармониясының лекторы, Алматы консерваториясының оқытушысы, Қазақ теледидары музыкалық бағдарламаларының бас редакторы болған. 1982 жылдан Қазақстан Композиторлар одағы Ертіс өңірі бойынша бөлімшесінің төрағасы. Ол балаларға арналған алғашқы «Қаңбақ шал» атты операның авторы. Оның бұдан басқа «Мамаев қорғанында», «Тауда», «Отырардың ақырғы күні» атты симфониялық поэмалары, балет сюитасы, оркестрге арналған екі концерті, фортепьяноға арналған «Кешкі ертегі» сюитасы, «Достық гимні» хор поэмасы, әндері, романстары, т.б. музыкалық шығармалары бар.

44 жыл бұрын (1969) Жамбыл облысының әкімі БОЗЫМБАЕВ Қанат Алдабергенұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 1994-1997 жылдары — Алматы қаласы әкімінің көмекшісі. 1997-1998 жылдары — жеке меншік компанияның экономика мәселелері жөніндегі директоры, Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігі аумақтық саясат бөлімінің бастығы, Қаржы департаментінің бастығы, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ-ның экономика жөніндегі вице-президенті. 1998-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Мұнай және газ департаментінің директоры. 1999-2000 жылдары — «ҚазТрансОйл» ЖАҚ, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ЖАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. 2000-2001 жылдары — ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі. 2001-2008 жылдары «КЕGОК» ААҚ-ның 1-ші вице-президенті, президенті, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқарудың қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамының төрағасы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан — «KEGOC» акционерлік қоғамының президенті. Қазіргі қызметінде 2009 жылдың қарашасынан бастап істейді.
«Құрмет» орденімен марапатталған.

55 жыл бұрын (1958) С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының әртісі КЕМАЛОВ Қайрат Кемалұлы дүниеге келді.
Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерватория- сының театр факультетін бітірген (1978), драма театрының актері. Қазақ және орыс тілдерін біледі. 1978 жылдан — М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. 1980-1983 жыл- дары, 1985-1994 жылдары — С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері. 1990- 1995 жылдары — Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері. 1995 жылдың қыркүйек айынан бері — С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының әртісі. ҚР (2001), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің (2002) құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2006). Мәдениет қайраткері (2006).

57 жыл бұрын (1956) «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнайхимия жобалары бойынша бас менеджері АМАНТҰРЛИН Ғалымжан Жыршыбекұлы дүниеге келді.
Гурьев қаласында туған. Бүкілодақтық «Еңбек Қызыл Ту» орденді политехникалық институтты сырттай (1982) инженер-технолог мамандығы бойынша; Бүкілодақтық «Құрмет белгісі» орденді қаржы-экономикалық институтын (1992) экономист мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты. 1971 жылдан — №1 полигондағы 1-ші разрядты жұмысшы, 1972 жылдан — 2-ші разрядты слесарь, 1973 жылдан — «Гурьевнефтехимстрой» тресінің жиналмалы құрылыстық құрылымдар мен бөлшектер комбинаты бетон-ерітінді цехының 3-ші разрядты слесарі. 1974 жылдан — Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1976 жылдан — №3 цехтың ЭЛОУ-АВТ қондырғысының 4-ші разрядты операторы; 1977 жылдан — 5-ші разрядты операторы, 1981 жылдан — 6-шы разрядты аға операторы, 1982 жылдан — қондырғы бастығы, 1985 жылдан — ЛГ қондырғысының 6-шы разряд бойынша аға операторы; 1986 жылдан — №3 цех бастығының орынбасары, 1991 жылдан — зауыт басқармасының өндірістік-техникалық бөлімі бастығының орынбасары, 1992 жылдан — №1 цех бастығы, Гурьев мұнай өңдеу зауытының бас технологы — техникалық бөлімінің бастығы. 1994 жылдан — бас директордың бірінші орынбасары — бас инженер; 1998 жылдың ақпанынан — мұнай өңдеу департаментінің директоры — бас инженері; 1998 жылдың қыркүйегінен — мұнай өңцеу департаментінің вице-президенті — директоры — бас инженері; 1999 жылдан — «Атырау МӨЗ» АҚ президенті. 2003 жылдың мамырынан — мұнай өңдеу департаментінің директоры, 2003 жылдың тамызынан — мұнай, газ және мұнай химиясы департаментінің директоры; 2006 жылдан — мұнай өңдеу департаментінің директоры; 2008 жылдан — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарушы директоры. 2009 жылдың маусымынан бері — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы жобалары ж-ніндегі бас менеджері. «Emerson Process Management» (2004), «Bureau Veritas» (2005) кеңестерінің ұйымдастырушысы.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасыныңтәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен; «Мақат кен орнына 90 жыл» белгісімен марапаттапған.

103 жыл бұрын (1910-1998) балет әртісі, педагог, Қазақ КСР-нің және КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері УЛАНОВА Галина Сергеевна дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған.
1928-1944 жылдары С.М.Киров атындағы Ленинград опера және балет театрының әртісі болды. Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақ опера және балет театрында (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) қызмет атқарды. 1944-1960 жылдары КСРО Үлкен театрының соло-бишісі, балетмейстер-репетиторы болды.
Одетта-Одиллия (П.Чайковскийдің «Аққу көлі»), Мария (Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы»), Жизель (А.Адананың осы аттас операсы), Джульетта (С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта») және т.б. партияларды орындады.
Оның бишілік өнері хореографиялық элементтерінің және мәнерлеу тәсілдерінің айрықша үйлесім табуымен, таңғажайып орындаушылық шеберлігімен ерекшеленді және өз шығармашылығымен орыс хореографиялық мектебінің принципі мен дәстүрін ілгері дамытты.
КСРО Мемлекеттік, Ленин сыйлықтарының иегері.
Парасат, 3 мәрте Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, 2 рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1940) аудармашы, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының құрметті азаматы НҰСҚАБАЙҰЛЫ Жарылқасын дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Еңбек жолын қазақ теледидарында бастап, бас редакторы болған. Қазақ телеграф агенттігінің («Қазақпарат» ҰҚ» АК) аудармашы-редакторы, «Жалын» баспасының бөлім меңгерушісі, «Мектеп» баспасының бас редакторы, директоры қызметтерін атқарған.
Балаларға арналған кітапшалардың, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Көне басылымдар, аяулы есімдер», «Алты алаштың ардақтылары» атты ғылыми-педагогикалық еңбектердің авторы.
Х.Андерсеннің «Ертегілер жинағын», «Словак халық ертегілері», «Сібір халықтарының ертегілерін», Ш.Әлімбаевтың «Даналық субстанциясы» романын, Е.Кобалевтің «Хо Ши Мин» ғұмырнамасын, «Шаңқай түсте көлеңкелер қалмайды» деп аталатын 7 сериялы көркем фильмді, «Аласұртқан ақша» көркем фильмін, түрікмен жазушылары Х.Халлыевтің «Жол», Ш.Чарыевтың «Саз сырнайшы», беларус, қырғыз, тәжік, орыс, армян жазушыларының әңгіме, повестерін аударған.

67 жыл бұрын (1946) Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты директорының кеңесшісі ДЕГІТАЕВА Людмила Дәулетқызы дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Волгоград облысында туған. Қазақ қыздар педагогикалық институтын бітірген. 1963-1968 жылдары — Орал облысы Жәнібек аудандық кітапхананың, ауылдық кітапхананың меңгерушісі. 1979-1981 жылдары — Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары, 1981-1987 жылдары — Алматы қалалық атқару комитетінің нұсқаушысы, Әуезов аудандық партия комитеті бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бастығы. 1987-1991 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, саяси ұйымдастырушысы, консультанты. 1991-1996 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты секторының аға референті, меңгерушісі, кадр саясаты бөлімінің бас сарапшысы. 1996-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті жеке мұрағаты және кітапханасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жалпы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі. 1997-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры. 2004-2008 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап — қазіргі қызметінде. 15 томнан тұратын деректі жинақтар мен анықтамалық-ақпараттық басылымдарды шығаруға белсене қатысушы, жинақтап құрастырушысы және жауапты хатшысы болған.
«Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері»,» «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Конститутциясына 10 жыл», Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, БЛКЖО ОК-нің Құрмет белгісімен, БЛКЖО ОК және Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеттерінің, Алматы қаласы Әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

47 жыл бұрын (1966) ҚР Қарулы Күштері Әскери-Теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал ЖАНЗАҚОВ Жандарбек Сәдуұлы дүниеге келді.
Қостанай облысы Демьянов ауданы Речное ауылында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1983 жылдан 1988 жылға дейін Владивосток қаласы С.О. Макаров атындағы Тынық мұхит Жоғары Әскери-теңіз училишесінің курсанты, мамандығы «Кеме қару-жарағы». 2001 жылдан 2004 жылға дейін Шучье қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде оқыды.2008 жылдан бастап Мэскеу қаласы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Бас штабының Әскери академиясында оқиды.

1988 жылдан 1995 жылға дейін Суасты кемесі флотилияларының лауазымдарында қызмет өткерді. 1995 жылдан 2000 жылға дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің лауазымдарында қызмет етті. 2000 жылдан 2003 жылға дейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде лауазымдарда қызмет атқарды.. 2003 жылдан 2008 жылға дейін «Батыс» өңірлік қолбасшылығында эртүрлі командалық лауазымдарда қызметте болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 30 қыркүйектегі № 368 өкімімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.

78 жыл бұрын (1935-1977) аңызға айналған американ әншісі, рок-н-роллды құрушылардың бірі Элвис ПРЕСЛИ дүниеге келді.