8 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
8 қараша.  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

8 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

8 қараша. БЕЙСЕНБІ

  • 8 Қараша 2012
  • 550
Фото - Caravan.kz

Халықаралық көңілділер мен тапқырлар клубы күні (КВН).

Қытайда журналист күні. 2004 жылдың 8 қарашасынан атап өтіледі.

Әке күні. Тұңғыш рет «Әке күні» Вашингтонда 1910 жылғы 19 маусымнан жаппай тойлана бастап, содан бері Америкадағы көптеген отбасылар өздерінің әкелерін құттықтайтын болған. Алайда, тек президент Линдон Джонсон маусымның үшінші жексенбісін ұлттық мейрам деп жариялағаннан кейін ғана, 1966 жылдан бастап «Әке күні» бүкіламерикалық мейрамға айналды. Әдетте, жыл сайынғы салтанаттар барысында мемлекет пен қарапайым азаматтар балаларын жалғызілікті тәрбиелеп отырған, табыстары төмен әкелерге қамқорлық жасауға асығады екен.

Баку метрополитені қызметкерлерінің күні. Әзірбайжан Президентінің 2006 жылғы 28 қазандағы жарлығына сәйкес, бакулік метро жүйесінің іске қосылғанына 40 жыл толуына байланысты, Әзірбайжанда жыл сайын қарашаның 8-інде Баку метросы қызметкерлерінің күні аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

15 жыл бұрын (1997) Алматыдағы Президент резиденциясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Ақмола қаласына (қазіргі Астана қаласы) шығарып салу салтанаты өтті.

10 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды.

69 жыл бұрын (1943) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен жоғары басқару командасы құрамындағы тұлғалар үшін «Жеңіс» жоғарғы әскери ордені бекітілді. Бұл орденмен И.Сталин, Г.Жуков, И.Конев, С.Тимошенко, т.б. марапатталған. Дәл осы күні 1,2,3-ші дәрежелі «Даңқ» ордені бекітілді.

34 жыл бұрын (1978) газеттерде Л.Брежневтің «Тың» кітабы жарыққа шыққаны туралы хабар басылды. Кітапта Қазақстан, қазақ ұлты жайында өте жақсы пікірлер айтылған.

8 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері Елшілері клубының бірінші мәжілісі болып өтті. Мәжіліске Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қытай Халық Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжікстан Республикасының, Өзбекстан Республикасының Елшілері қатысты. Мәжілісте ШЫҰ хатшылығының, Қазақстанда тіркелген Ұлттық үйлестірушілер мен тұрақты өкілдер кеңесінің бірлескен әрекеттестіктері қарастырылды.

8 жыл бұрын (2004) Қазақстан делегациясы 8-11 қарашада Лондонда «World Travel Market» — WTM-2004 туристік көрмесіне қатысты. Көрмеде әлемнің 190 елінен келген мемлекеттік туристік ұйымдар мен жеке туристік компаниялардың өкілдері өздерінің туристік мүмкіндіктерін паш етті және іскер ынтымақтастықтың болашағын талқыға салды.

Біздің делегация құрамында Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Туризм жөніндегі комитетінің, аймақтық туризм жөніндегі департаменттердің, «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысының, Қазақстан туристік ассоциациясының, сондай-ақ «Тұран-Азия», «Отырар-групп», «Глобал-Эйр», «Хан Тәңірі», «Asia Discovery», «Азия Туры» тәрізді ірі қазақстандық туристік компаниялардың және «Астана Интер Отель» мен «Қазақстан» қонақ үйлерінің өкілдері қатысты.

8 жыл бұрын (2004) Семей мешітіне 1907 жылы Қазанда басып шығарылған Құран табыс етілді. Оны ескі ғимаратты жөндеу жұмыстары кезінде «Дау-Қаз» серіктестігінің қаржы директоры Олег Власенко тауып алған. Бұл басылымда Құранның араб мәтінімен қатар көрнекті орыс шығыстанушысы Гордий Саблуков жасаған орысша аудармасы қоса келтірілген.

8 жыл бұрын (2004) Павлодар қаласының «РубиКОМ» ЖШС-і «Агропродэкспо» халықаралық көрмесінен төрт алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Бұл фирма ет және шұжық бұйымдарын шығарумен айналысады, өнімдерін Қазақстанның басқа да облыстарына жөнелтеді.

82 жыл бұрын (1930) Кеңес үкіметінің күштеп ұйымдастыру саясатына, алым-салық, мал жинау науқанына қарсы бағытталған шаруалар көтерілісі Көжебай сайы (Ақтөбе облысы) деген жерде жеңіліс тапты. Жеңіліс тапқандарды жазалау үшін ОГПУ-дің жанынан «үштік» құрылып, 12 басшысы ату жазасына кесілді. ІЗ адам 10 жылға бас бостандығынан айрылып, 163 сарбаз әр түрлі айыптау жазаларына тартылды.

18 жыл бұрын (1994) Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 60 жыл толуына орай, оқу орнының бас ғимараты алдына Әл-Фараби ескерткіші орнатылды.

17 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заң күші бар Жарлығы шықты.

15 жыл бұрын (1997) Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі құрылды.

12 жыл бұрын (2000) Париждегі ЮНЕСКО үйінде Түркістан күндері өткізілді.

7 жыл бұрын (2005) желтоқсанның 8-нен 18-і аралығында «Қазпошта» АҚ-ы Қазақстан қалаларында ІІ Папа Иоанн Павелді еске алуға арналған Польша Республикасының пошталық маркілерінің көрмесін ұйымдастырды. Алғашқысы Алматы пошта ғимаратында өткізілді. Аталмыш шара «Қазпошта» АҚ-ының өзге мемлекеттердің пошталық әкімдіктерімен мәдени байланысын тереңдетуге және пошталық маркілерді алмастыру мен маркі жинау үрдісін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

5 жыл бұрын (2007) Алматыда қоғам қайраткері Болатхан Тайжанға ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің авторы Тимур Сүлейменов.

Болатхан Тайжан (1941-2006) танымал дипломат, Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық байланыстар министрінің бірінші орынбасары, Мысыр, Марокко, Тунис Алжир, Иордания, Сирия, Ливия, Малайзия елдеріндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, «Ұлт тағдыры — Ел тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалыстың төрағасы қызметтерін атқарған. КСРО Журналистер одағының мүшесі.

3 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіруге, оның пайда болуына байланысты жауапкершілікті күшейту, оның алдын алуға бағытталған тетіктерді енгізуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

3 жыл бұрын (2009) Осакада (Жапония) Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының ашылу рәсімі болып өтті. Құрметті консул болып әлемге танымал «Тошиба» корпорациясының вице-президенті Широ Кавашита тағайындалды. Консулдықтың ашылу салтанатына Жапонияның ресми тұлғалары, ірі компаниялардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Елшілік аясында Қазақстан туралы фотокөрме ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Осакадағы Құрметті консулдықтың басты міндеті екі елдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

ЕСІМДЕР

114 жыл бұрын (1898-1937) Алаш қозғалысының қайраткері, әдебиет сыншысы, абайтанушы МҰСТАНБАЕВ Ыдырыс дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Тінібай медресесін, екі сыныпты орыс-қазақ училищесін бітіріп, Семей гимназиясында оқыды. Еңбек жолын пошта телеграфисі болып бастады. 1918 жылы Семейде Алаштың атты әскер полкін жасақтауға қатысты. 1919-1921 жылдары Семей губревкомы мен губаткомының мүшесі болып, Семей, Өскемен, Аягөз, Зайсан университетінде ұйымдастырушылық-басшылық қызметтер атқарды. 1920 жылы Қазақ АКСР-нің Құрылтай съезінде ОАК-нің мүшелігіне сайланды. 1921-1926 жылдары Орал, Ақмола губерниясының прокуроры, Сырдария губаткомының төрағасы, Қазақ ОАК-нің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. 1926 жылы «Сырдария ісі», «Шаян ісіне» қатысты жауапқа тартылды. 1926-1927 жылдары — Қазақ АКСР-інің байланыс халық комиссары. 1927 жылы Семейде өткен атаман Аненковқа қарсы сотта мемлекеттік айыптаушы болды. Өмірінің соңғы жылдарында Қызылорда мен Алматыда әр түрлі кеңес, партиялық, шаруашылық қызметтер атқарды. Қазақстандағы жер мәселесі, ауылдағы тап тартысты, байлардың мүлкін тәркілеу, мекемелерді қазақыландыру, т.б. социалистік қайта құрулар мен голощекиндік ұлт саясатына қарсы күрескені үшін, «сәдуақасовшылдық», троцкилік оппозицияның көрнекті өкілі ретінде қудаланып, бірнеше рет партия қатарынан шығарылды. Мұстанбаев әдеби сынға өзіндік үлес қосып, қазақ әдебиетінің тағдырына қатысты талас-тартысқа белсене араласты. Абай, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтардың шығармашылық мұрасын таптық-идеологиялық шабуылдан қорғады. Саяси қуғын сүргіннің құрбаны болды. 1991 жылы ақпанның 18-інде ақталды.

84 жыл бұрын (1928-1996) жазушы, филология ғылымының кандидаты СЕЙДЕХАН Көбей дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Ұзақ уақыт Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. «Бақытқа кенелгендер», «Оқ пен ән» атты деректі повестердің авторы. «Пернедегі термелер» атты қазіргі қазақ поэзиясының антологиясын, Ж.Жабаев шығармаларының екі томдығын құрастырды. Көркем аударма саласында А.Якубовтың «Ұлықбектің қазынамалары», «Мухадас», Айбектің «Балалық шақ», Н.Фазыловтың «Түркістан әуендері», Н.Сафаровтың, Х.Гулямның, М.Мухсының шығармаларын қазақ тіліне аударған.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапаттталған.

88 жыл бұрын (1924) кескіндемеші РЕЧЕНСКИЙ Павел Иванович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Саратов облысында туған.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

1930 жылдан Қарағанды қаласында тұрады.

«Саран шахтерлары», «Дүбірлі Қарағанды», «Қазақстан Магниткасы», «Алтын шынар», «Күз», «Көктемгі қар», «Шахтаға түскен суретшілер», «Прометей туралы аңыз» еңбектердің авторы.

43 жыл бұрын (1969) «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары БЕКЕЖАНОВА Жаннета Дүйсетайқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

1989-1995 жылдары «Казахинторг» бірлестігінде аға экономист, ҚР-ның ҚХР-дағы Сауда өкілдігінде аға экономист, Гонконгтегі Қазақ сауда үйі директорының орынбасары, 1995-1997 жылдары «Финекс-Центр» ЖШС-нің директоры, 1997-2004 жылдары «ҚазТрансОйл» ЖАҚ-ның материалдық-техникалық жабдықтау департаментінің бастығы, қаржы жөніндегі атқарушы директоры, қаржы директоры, қаржы директоры — қазынашылық бастығы, экономика және қаржы жөніндегі бас директордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2004 жылдың сәуірінен — «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары қызметін атқарады.

2004 жылдың шілде — тамызында «АНПЗ» ЖШС қадағалаушы кеңесінің мүшесі.

87 жыл бұрын (1925-2009) тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Халықаралық Ақпараттану Академиясының академигі, Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, КСРО Жоғары мектебінің үздігі БАТЫРБЕКОВ Мүштай дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1957-1978 жылдары — Қазақ политехникалық институтының ассистенті, аға оқытушысы, факультет деканы, сырттай оқу жөніндегі проректоры. 1978-1985 жылдары — Жоғары және арнайы орта білім беру министрлігі Жоғары оқу орындары бас басқармасының бастығы. 1985-1989 жылдары — Қазақ политехникалық институтының проректоры. 1989 жылдан зейнет демалысына шыққан. Оның 7 монографиясы, 130-дан астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Ақтау, Шығыс Қазақстан техникалық, Павлодар университеттерінің және Атырау мұнай және газ институтының құрметті профессоры. 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған.

72 жыл бұрын (1940) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қытайдың еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Үздік дарын» сыйлығының лауреаты РЫСКЕЛДИЕВ Тұрсынәлі Мырзабайұлы дүниеге келді. ҚХР-дың Іле аймағында туған. Шыңжаң университетін бітірген. 1998 жылы тарихи Отаны — Жетісу жеріне көшіп келген.

Оның үш кітаптан тұратын «Тасқын» трилогиясы, «Өркен», «Мысал әңгімелер», «Бесік» атты әңгімелер жинағы, «Тау тағысы»,«Ұлы көш» романдары, «Қара көлдің балықтары» атты повестер топтамасы, «Қос аққу» комедиялық пьесалар жинағы, «Тамызық» жинақтары, тағы басқа көптеген туындылары бар. Ол қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі бейнеленген «Іле салтанаты» көркем фильмінің сценарийін жазған.

63 жыл бұрын (1949) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы ИБРАЕВ Төлеген Тоқтасынұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Үлкен нарын ауданының Көктерек ауылында туған. Семей зоотехникалық — мал дәрігерлік институтын және Қазақстан-Американ еркін университетін бітірген. Институтты бітіргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы (ШҚО) Таврия ауданының Саратовка ауылында совхоз-техникумның кәсіподақ төрағасы болып жұмыс істеді. 1982-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Таврия аудандық комитетінің нұсқаушысы, Таврия аудандық арнайы шаруашылық бірлестігінің партия комитетінің хатшысы, Қазақстан Компартиясы Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, партия комиссиясының төрағасы, ұйымдастыру-партиялық және кадр жұмысы бөлімінің нұсқаушысы болып жұмыс істеді. 1990-1992 жж. — халық депутаттары ШҚО облыстық Кеңесі төрағасының референті. 1992-1996 жж. — Шығыс Қазақстан облысы басшысының, әкімінің аппарат жетекшісі. 1996-1997 жж. — Өскемен қаласындағы «Жалын» АҚ президенті, ШҚО Қатонқарағай ауданының әкімі. 1997-2003 жж. — ШҚО әкімі аппаратының жетекшісі. 2003-2005 жж. — ШҚО ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі басқармасының бастығы. 2005-2006 жж. — ШҚО ауыл шаруашылығы департаментінің директоры, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аумақтық басқармасының бастығы — Қазақстан Республикасы ШҚО Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тәртіптік кеңесінің төрағасы. 2006-2007 жж. — ШҚО жер қатынастары басқармасының бастығы. 2007-2010 жж. — облыс әкімінің кеңесшісі — хатшылығының меңгерушісі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы. 2010 жылғы 22 қыркүйектен бастап — төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бастап — бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» ХДП мүшесі, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі. «Құрмет» орденімен марапатталған.

63 жыл бұрын (1949)ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ПЕПЕНИН Анатолий Сергеевич дүниеге келді.

Латвияның Резекне қаласында туған. 1972 жылы С.Орджоникидзе атындағы Сібір металлургиялық институтын, 1988 жылы Алматы жоғары партиялық мектебін бітірді. Институтты аяқтаған соң, инженер-технолог, шебер, болат құю цехының бюро бастығы, Кентау экскаватор зауыты комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. 1976-1984 жж. — Қазақстан ЛКЖО Шымкент облыстық комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі. 1984-1989 жж. — Қазақстан Компартиясы ОК Ұйымдық — партия жұмысы бөлімінің нұсқаушы, кадр жұмысы секторының меңгерушісі. 1989-1991 жж. — Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің ұйымдастыру партия жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Алматы облысы халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы ОК жауапты ұйымдастырушысы. 1991 жылы Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің хатшысы. 1991-1993 жж. — Қазақстан Республикасы Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары. 1993 жылы — Қазақстан «Атакент» Іскерлік ынтымақтастық орталығы акционерлік қоғамының аппарат басшысы. 1993-1994 жж. — Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппартының Кадр саясаты бөлімі мемлекеттік органдар секторының меңгерушісі. 1994-1995 жылдары және 1998-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің кадрар, мемлекеттік қызмет, ұйымдастыру, бақылау және қауіпсіздік бөлімдері меңгерушісінің орынбасары. 1995-1998 жылдары және 1999-2012 жылдары — Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Іс басқармасының Үкімет Аппаратының және Премьер-Министрі Кеңсесінің мемлекеттік қызмет және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі. 2012 жылғы қаңтардан бастап — бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «За трудовое отличие» медальдарымен марапатталған.

52 жыл бұрын (1960) кеңестік және ресейлік театр және кино актері, театр режиссері, Ресей халық әртісі МЕНЬШИКОВ Олег Евгеньевич дүниеге келді.

165 жыл назад (1847-1912) ирландтық жазушы Брэм СТОКЕР (Абрахам Стокер) дүниеге келді.

112 жыл бұрын (1900-1949) американ жазушысы, «Жел ұшырып әкеткендер» роман-бестселлерінің авторы Маргарет Манерлин МИТЧЕЛЛ дүниеге келді.

89 жыл бұрын (1923-2005) американдық инженер, алғашқы интегральдық микросхема жасаушы, Нобель сыйлығының лауреаты Джек КИЛБИ дүниеге келді.

77 жыл бұрын (1935) француз театр және кино актері, режиссер, продюсер, сценарист Ален ДЕЛОН (толық аты-жөні — Ален Фабьен Морис Марсель Делон) дүниеге келді.

66 жыл бұрын (1946) нидерландтық футбол жаттықтырушысы, Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Гус ХИДДИНК дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар