«Осы мәселеге арналған үкімет қаулысының жобасын 10 күн ішінде толықтырып, аталмыш кәсіпорындарды тез арада бәсекелі ортаға беруге қатысты шешім қабылдау қажет»,- деді үкімет басшысы Даниал Ахметов.
Осы мәселеге байланысты баяндама жасаған ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, арнайы құрылған үкіметтік комиссия 4 мыңнан астам мемлекеттік кәсіпорынға талдау жасаған. Министрдің айтуынша, «бұл кәсіпорындардың бірқатары шығынды жұмыс істейді, салық бойынша бюджет алдындағы кредиторлық берешектері мен қызметкерлерге жалақы бойынша берешектері шаш-етектен». Сонымен бірге Қ.Келімбетовтың айтуыша, кейбір кәсіпорындарда «даму жөніндегі жоспары мен қаржылық ахуалды сауықтыруға қатысты шаралар қабылданбаған».
Кәсіпорындардың іс-қызметі түрлеріне санақ жүргізу нәтижесінде, министрдің айтуынша, комиссия мемлекеттік кәсіпорындар «мектептен тысқары, мектепке дейінгі және балалардың бос уақытын өткізуге арналған және спорттық шараларды, сондай-ақ, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек, стационарлық және арнаулы мамандандырылған көмектер беру тәрізді медициналық функцияларды» атқаруы тиіс деп тапты. Сонымен бірге «түрлі тілдерде жарық көретін қоғамдық-саяси газеттер арқылы» жүзеге асырылатын қызмет түрлері мемлекеттік кәсіпорындардың қарамағында қалады.