Бұл туралы Ақтау қ. № 11 ОМ, Қостанай қ. физика-математика лицейі, Қызылорда қ. № 217 ОМ жобаның тұсаукесері кезінде белгілі болды.
Жоба Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бастамасымен «Роботек» қазақстандық жетекші робототехника мектептерінің бірімен бірлесіп жүзеге асырылып отыр.
Жобаның тұсаукесері барысында Қор мен «Роботек» өкілдері оның міндеттері, бағыттары мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Жоба оқытушылардың біліктілігін арттыруға, дарынды балаларды анықтауға, дамытуға, озық білім беруге бағытталғаны жайлы айтылды.
— Алғашында Ақтау, Қостанай және Қызылорданың білім бөлімдерімен бірлесіп әр өңірде оқушылармен факультативтік сабақтар өтетін бес мектепті іріктедік. Екі апта ішінде үш қаланың әрқайсысында 20-30 мұғалімді оқытамыз, біліммен бөлісеміз. Содан кейін 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың сәуіріне дейін оқытылған педагогтар оқушыларға сабақ береді. Әр қалада 2-7 сынып оқитын 250-300 оқушы қамтылады, — дейді «Роботек» робототехника мектебі Б2С бағытының жетекшісі Гүлназ Қайыржанова.
Осылайша, «Роботек» өкілі атап өткендей, оқытушылар өз біліктіліктерін арттыра алады және алты ай бойы балаларға инженерия, электроника және бағдарламалау саласында сабақ береді. Өткізілген факультативтер үшін оқытушылар Нұрсұлтан Назарбаев Қорынан қаржы алады.
Балаларды оқытудағы 6 айда жергілікті педагогтар «Роботек» мектебімен оқу процесін үйлестіру және мониторинг жүргізеді.
Ал 2024 жылдың сәуір-мамыр айларында үш қалада жобаға қатысушы мектептер арасында робототехника бойынша турнирлер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жобаға қатысатын педагогтар «Robotek.pro» онлайн платформасына тегін жазыла алады.
Естеріңізге сала кетейік, «Ozyq urpaq» жобасы былтырдан бері жүзеге асырылып келеді. Ол Жезқазған және Семей қалаларынан басталып, 10 мектептің робототехника және информатика сыныптарының мұғалімдері оқудан өтті. Сол кезде жоба 500-ден астам оқушыны қамтыды.