«86 адам көшкіннен қаза тапқан»: Қазақстан табиғи апаттарға төтеп бере ала ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 512.44
  • 593.15
+22 °C
Алматы
2025 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«86 адам көшкіннен қаза тапқан»: Қазақстан табиғи апаттарға төтеп бере ала ма?

«86 адам көшкіннен қаза тапқан»: Қазақстан табиғи апаттарға төтеп бере ала ма?

Қазақстанның таулы өңірлері табиғаты көркем, туризмге қолайлы, бірақ қауіп-қатері де аз емес аймақтар. Қар көшкіні мен жер көшкіні елдің оңтүстік-шығысындағы Алтай, Жетісу және Іле Алатауы, Күнгей мен Теріскей Алатауы сияқты биік жоталарда жиі тіркеліп отырады.

  • 16 Мамыр
  • 7
Фото: blog.allopnues.com

Бұл табиғи үдерістер адам өміріне, инфрақұрылымға және экожүйелерге тікелей қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы Орталық Азия елдерін зерттеуші ұйым дабыл қақты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Қар көшкінінің қатері және алдын алу шаралары

Қазақстанда шамамен 124 мың км² аумақ көшкін жүру қаупі бар саналады. Әсіресе Алтай мен Іле Алатауында қар массасының көлемі 1 млн м³-ке дейін жететін көшкіндер тіркеледі. 1960 жылдан бері көшкін салдарынан 86 адам қаза тапқан. Көбіне бұл туристер, альпинистер мен шаңғышылар.

Мемлекет көшкін қаупін басқаруға кешенді көзқараспен қарап отыр. География институты ықтимал қауіпті аумақтарды картаға түсіріп, спутниктік деректер мен метеоболжам негізінде ерте ескерту жүйесін жүргізеді. Қауіп күшейген жағдайда, қар массасын жасанды түрде түсіру үшін артиллериялық құрылғылар қолданылады. Сонымен қатар қорғаныс нысандарын, бетон галереялар, қорғаныш торлар салынуда. Мысалы, 2021 жылы Алматы-Бішкек тас жолында Жапониямен бірлесіп көшкінге қарсы галерея салынды.

Жер көшкіндері мен геотехникалық қауіптер

Соңғы 20 жылда елде 142 ірі жер көшкіні тіркелген, олардың көбі Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған. 2017 жылы Көксу шатқалында болған көшкін 12 адамның өмірін қиды. Жер көшкіндерінің негізгі себептері – сейсмикалық белсенділік, эрозия және беткейлердің тозуы. Алдын алу үшін Қазақстан беткейлерді нығайту, арнайы торлар орнату сияқты геотехникалық әдістерді кеңінен қолданады. 2019 жылы Алматыда “Қауіпсіз қала” бағдарламасы аясында 15 шақырым қорғаныс торлары орнатылды.

Мұздықтардың еруі және су қауіпсіздігі

Қазақстанның Тянь-Шань тауларындағы мұздықтар Іле және Шу өзендерінің ағысын 70%-ға дейін қамтамасыз етеді. Алайда 1970 жылдан бері бұл мұздықтардың массасы 25%-ға азайған. Мұздықтардың еруі кенеттен болатын сел қаупін арттырып, ауыл шаруашылығы мен сумен қамтамасыз ету жүйелеріне қысым түсіреді.

Мемлекет бұл мәселеге де ғылыми және технологиялық тәсілмен келуде. География институты 2005 жылдан бері жыл сайын Заили Алатау мұздықтарына экспедициялар ұйымдастырып, дрондар мен спутниктік мониторинг жүргізуде. 2020 жылдан бастап мұздықтарды жасанды түрде мұздату жобасы қолға алынды. Бұл бастама климат өзгерісіне бейімделудің инновациялық мысалы бола алады.

Экономикалық залал мен бейімделу қажеттілігі

2010–2020 жылдар аралығында қар көшкіні мен опырылулардан келген шығын 1,2 млрд долларды құрады. Бұл – бұзылған жолдар, инфрақұрылым мен үйлердің қалпына келтіру шығындары. Сонымен қатар мұздықтардың еруі Қазақстан халқының 40%-ын сумен қамтамасыз ететін өзендердің су деңгейіне тікелей әсер етуде.

2024 жылы Қазақстан аталған тәуекелдерге қарсы күреске 500 млн доллар бөлді. Бұл қаржы ерте ескерту жүйесін жетілдіруге, қорғаныш құрылымдарын салуға және ғылыми зерттеулерге бағытталуда.

Халықаралық ынтымақтастық – табысты үлгі

Қазақстан халықаралық әріптестікті дамытып келеді. Жапония, Ресей, БҰҰ сынды серіктестерден технологиялық және қаржылық көмек тартылуда. 2023 жылы Жапония Алматы облысындағы көшкінге қарсы инфрақұрылым жобасына 15 млн доллар бөлді. Мұндай серіктестік елдің қауіпсіздігін арттырып, жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік беруде.

Көрші елдерде жағдай қандай?

Мысалы, Тәжікстанда таулы аймақтар ел аумағының 90%-дан астамын алып жатқанымен, көшкін және мұздық қатерлеріне қарсы іс-қимыл шектеулі. Елдің ЖІӨ Қазақстаннан 25 есе аз, нақытрақ 12 млрд доллар шамасында. Тиісінше, алдын алу шаралары да негізінен халықаралық донорлар есебінен жүзеге асады. 2024 жылы Тәжікстан бұл мақсаттарға небәрі 50 млн доллар бөлсе, оның 60%-ы сыртқы гранттар есебінен қаржыландырылған.

Соған қарамастан, Тәжікстан БҰҰ арқылы “Мұздықтарды сақтау халықаралық жылын” жариялауға мұрындық болып, 2025 жылы осы тақырыпта халықаралық конференция өткізбек. Алайда ел ішіндегі ғылыми зерттеулер мен инфрақұрылым жобаларына жеткілікті қаржы бөлінбеуі бейімделу процесін тежеп отыр.

Қазақстан таулы өңірлердегі қауіптерге қарсы күресте ғылыми-зерттеу, инфрақұрылымдық даму және халықаралық ынтымақтастықты ұштастырып, жүйелі жолмен әрекет етуде. Бұл тәсіл климат өзгерісінің ұзақ мерзімді салдарына қарсы тұруға мүмкіндік береді.