Жарияланды: 830

9 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

9 қаңтар.  АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

9 қаңтар СӘРСЕНБІ

Мемлекеттiк мереке - Серб Республикасының күнi. 1992 жылғы қаңтардың 9-да Босния мен Герцеговинаның Серб Республикасы жарияланды. 1992 жылдың сәуірдің 5-де Босния мен Герцеговина Югославиядан тәуелсіздігін жариялаған соң, Босния мен Герцеговинаның Серб Республикасы 1992 жылғы сәуiрдің 7-де Босния мен Герцеговинадан бөлiнетіні туралы және Югославияның құрамында қалатыны туралы жария етті. 1992 жылғы тамыздың 12-нен бастап республика Серб Республикасы деп аталатын болды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 21 жыл бұрын (1992) Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының «Иман» газеті жарық көрді. 20 жыл бұрын (1993) Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Германия Федеративтік Республикасында, Иран Ислам Республикасында, Франция, Әзербайжан, Армения, Беларус, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина Республикаларында және Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының елшіліктері ашылды. 6 жыл бұрын (2007) әлемге танымал марафоншы қарағандылық Павел Сиротин «Бейбітшілік елшісі» атағын алды. 2006 жылы желтоқсан айында 70 жылдығын атап өткен спортшы өмірінің тең жартысында марафондық жүгірумен айналысып келеді. Ол бірнеше рет 100 шақырымдық қашықтыққа да жүгірген. Павел Сиротин өзінің мерейтойын да кезекті марафонмен атап өтіп, Теміртаудан Қарағандыға дейінгі 32 шақырым қашықтықты жүгіріп өткен болатын. Мерейтойының құрметіне берілген құрметті атақты П.Сиротин Жер бетінде бейбітшілік орнатуға қосқан үлесі үшін - Дүниежүзілік бітімгершілік федерациясы мен Дінаралық және халықаралық федерациясынан алып отыр. «Басқаларға үлгі болып табылатын өмірі үшін, сондай-ақ, мораль, отбасылық құндылықтар, түрлі дін өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүру идеалдарына қызмет еткені үшін осынау құрметті атақ беріледі», делінген «сенім грамотасында». «Бейбітшілік елшісі» атағы берілген азаматтар Біріккен Ұлттар ұйымының айрықша қамқорлығында. 6 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Елшілігін ашу туралы Жарлыққа қол қойды. 214 жыл бұрын (1799) Англияда табыс салығы пайда болды. 13 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезекті отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасының заңсыз көшіп-қону мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» және «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобалары мақұлданды. 7 жыл бұрын (2006) Теміртау қаласының тұрғыны, педагог-зейнеткер Мария Хилова өз жанұясының тарихы, Сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы қысымшылықтарды өлеңде сипаттаған. Автор өлеңдерін қарапайым және кәсіби емес деп санайды, бірақ оларда өмір шындығы жазылған. Бұл шығарманы ол өз анасына арнаған. М.Хилованың өлеңдері Ресейде «Возвращение» атты Мәскеу тарихи-әдеби қоғамның қолдауымен «Поэзия узников ГУЛАГа» атты кітапқа кірді. Жинақ «Демократия» халықаралық қорының «Россия. ХХ век. Документы» топтамасына кірді. Кітапқа ату жазасына кесілген ақындардың шығармалары, кеңес заманы кезіндегі түрмелер мен лагерлерде шығарылған өлеңдер кірді. 5 жыл бұрын (2008) Астанада салық мәселелері бойынша қызмет көрсететін Call-орталық ашылды. Қаржы министрлігінің ғимаратында орналасқан Салық комитетінің Call-орталығы жұртшылықты салық мәселелерімен таныстыруда, сондай-ақ салық заңнамаларының нормаларына түсіндірме жұмыстарын жүргізуде халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында ашылып отыр. Бүгінгі таңда кез-келген жеке тұлға, соның ішінде жеке кәсіпкер 58-09-09 телефонына қоңырау шалып, Салық комитетінің мамандарынан өзіне қажетті көмек ала алады. 5 жыл бұрын (2008) Париж маңындағы Ножан-сюр-Марн қаласында Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіш тақта ашылды. Мемориалдық тақтада Мұстафа Шоқайдың өмірбаяны мен Қазақстанның тарихи-географиялық мазмұны жазылған. Қалалық мұражай басшылығының пікірінше, бұл мемориалдық тақта мұражайдың басты жәдігерлерінің бірі болады. Мұстафа Шоқай 1889 жылғы желтоқсанның 25-інде Қызылорда облысы Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Мұстафа Шоқай - Алаш қозғалысы қайраткері, Түркістан өлкесі халықтарының азаттық күресі жетекшілерінің бірі, публицист. 5 жыл бұрын (2008) Алматыдағы «Өнер» баспасынан белгілі қылқалам шебері, суретші Жеңіс Кәкенұлының шығармаларын топтастырған альбом жарыққа шықты. 14 баспа табақ туынды «Қазіргі заман суретшілерінің шығармалары» топтамасымен жарық көрген. Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын Өмірбеков бұл жинаққа жазған алғысөзінде суретшінің шығармашылығына жан-жақты тоқталған. Көркем бейнеленген альбомда суретшінің қаламынан шыққан жүзден астам туындылары жарияланып отыр. Оның ішінде майлы бояумен салынған шығармалар, қарындашпен бейнелеген және компьютерге салынған еңбектері бар. Суретші өз шығармаларында көбіне-көп таулы өңірлерді және желмен жарысқан сәйгүліктерді бейнелейді. Ол сурет өнерінің әр қырына қалам тербеген. Оның портрет, натюрморт, абстрактылы шығармалары өте көп, адам жанының ішкі иірімдері бірқатар натюрморттарда көрініс тапқан. 3 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы көліктік, ветеринарлық, санитарлық-карантиндік бақылауды және өсімдіктер карантинін бақылауды жүзеге асыру бойынша функцияларды кеден органдарына беру арқылы мемлекеттік шекарадан тауарларды және көлік құралдарын алып өту кезінде автомобильдердің өту пункттерінде интеграцияланған бақылауды енгізуге бағытталған «Кеден ісі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. ЕСІМДЕР 84 жыл бұрын (1929-1990) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ИЗИМОВ Изиз дүниеге келді. Алматы облысының Ұйғыр ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1952-1957 жылдары Шелек аудандық газетінде жауапты хатшы болды. 1958 жылдан Еңбекшіқазақ ауданының И.Таиров атындағы орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. Изимовтың алғашқы өлеңдері 1948 жылдан жариялана бастады. Тұңғыш жинағы «Жастық әні» деген атпен жарық көрді. 1957 жылы бір топ шығармалары Ташкентте шыққан «Өлеңдер» атты кітапқа енді. Ақынның «Тау бөктерінде», «Ауыл әуендері», «Көмекшілер», т.б. жинақтары бар. Ол көркем аударма саласында А.Пушкиннің «Полтава», Н.Некрасовтың «Темір жол» поэмаларын, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының 1-ші кітабын, С.Мұқановтың «Ботакөз» романын, т.б. шығармаларды ұйғыр тіліне тәржімалаған. 163 жыл бұрын (1850-1902) орыс геологы және географы, Түркістан өлкесін алғаш зерттеушілердің бірі МУШКЕТОВ Иван Васильевич дүниеге келді. Ресейдің Волгоград облысында туған. Санкт-Петербор тау-кен институтын бітірген. Түркістан генерал-губернаторының жанындағы ерекше тапсырмалар бөлімінде қызмет істеген. 6 рет ғылыми-зерттеу экспедицияларына қатысып, Тянь-Шань, Жоңғар (Жетісу) Алатауы, Памир-Алай тауларын зерттеді. Түркістан өлкесінің картасын түзетіп, толықтыруға ат салысты. Орта Азия тау тізбектерінің орографиялық кұрылысы туралы бұрынғы түсінік өзгертіліп, Тянь-Шань мен Памир-Алтай тауларының солтүстікке қарай иілген ендік доғалардан тұратындығын анықтады. 1884 жылы Г.Романовскиймен бірге Түркістанның тұңғыш геологиялық картасын жасады. Арал Қарақұмының шығу тегін, Каспий теңізі деңгейінің көтерілу мөлшерін зерттеп, Батыс Қазақстанда геологиялық және географиялық бақылаулар жүргізді. 1887 жылы Верныйға (қазіргі Алматы) келіп, жер сілкіну себептерін және оның зардаптарын анықтады. Өлкедегі зерттеулерін 2 томдық «Түркістан» деп аталатын еңбегінде қорытындылады. Бұл еңбекте аймақтың тұңғыш геолог және орографиялық толық сипаттамасы берілді. Әр жылдары Оңтүстік Оралда, Кавказда геологиялық және кен барлау жұмыстарымен айналысты. 2 томдық «Физикалық геология» атты теориялық еңбегі жарияланған. Мушкетов құрметіне Сібірдегі тау, Тянь-Шаньдағы мұздық аталған. 67 жыл бұрын (1946) «Қазақтүрікмұнай» жауапкершілігі серіктестігінің бас директоры, экономика ғылымдарының кандидаты МАҚАШЕВ Нұрпейіс Мақашұлы дүниеге келді. Атырау облысы Исатай ауданында туған. Ташкент темір жол көлігі инженерлері институтын бітірген. 1972-1979 жылдары - «Гурьевмұнайхимқұрылыс» тресінің шебері, бас инженері, ҮҚК-інің бастығы. 1979-1984 жылдары - «Гурьевмұнайхимқұрылыс» тресі партия комитетінің хатшысы. 1984-1985 жылдары - Гурьев қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1985-1987 жылдары - «Гурьевмұнайхимқұрылыс» тресінің басқарушысы, облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы. 1987-1990 жылдары - «Гурьевмұнайхимқұрылыс», «Ембімұнайқұрылыс» трестерінің бастығы. 1990-1992 жылдары - Гурьев қалалық атқару комитетінің, Халық депутаттары қалалық кеңесінің төрағасы. 1992-1993 жылдары - Гурьев қалалық әкімшілігінің басшысы. 1993-1999 жылдары - «Магденли-халықаралық тасымал» фирмасының, «АТМА-Әуежай Атырау және тасымал» акционерлік қоғамынының бас үлестірушісі. 1999-2001 жылдары - Атырау облысы әкімінің орынбасары. 2001-2002 жылдары - «Қазақойл» ҰМК, «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ президенттерінің кеңесшісі. 2002-2004 жылдары - «Ембімұнайгаз» ААҚ-ының президенті, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ» «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директоры. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және аймақтық даму жөніндегі комитетінің мүшесі қызметтерін атқарған. 2007 жылдан - қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен, С.Радонежскийдің 1-ші дәрежелі медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. 55 жыл бұрын (1958) ҚР Парламенті Мәжілісмінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ӨМІРЗАҚОВ Ізбақ Қуанышұлы дүниеге келді. Ақтөбе облысының Новороссийск кентінде туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін Дөң кең байыту комбинатының жөндеу-құрылыс басқармасының жұмысшысы, ағаш өңдеу цехының шебері, қосалқы өндіріс учаскесінің бастығы, «Хромтаутяжстрой» тресі кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. 1984-1987 жылдары - Хромтау қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1987-1989 жылдары - Новороссийск аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы. 1991-1992 жылдары - өнеркәсіп, құрылыс, көлік бөлімінің меңгерушісі, Новороссийск аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992-1993 жылдары - ауданның комуналдық меншік объектілерін жекешелендіру жөніндегі комиссияның төрағасы. 1993-1996 жылдары - «Дөң кең байыту комбинаты» АҚ бас директорының орынбасары. 1996-1997 жылдары -Ақтөбе аумақтық мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, төрағасы. 1997-1998 жылдары - Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі. 1998-2002 жылдары - Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының әкімі. 2002-2003 жылдары - Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Хромтау ауданының әкімі. 2003-2004 жылдары - Атырау облысының мұнайгаз кешені, сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялық саясат жөніндегі облыстық басқарма бастығы. 2004-2012 жылдары - Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. 154 жыл бұрын (1859-1920) танымал орыс психиатр-дәрігері КАЩЕНКО Петр Петрович дүниеге келді. 100 жыл бұрын (1913-1994) АҚШ-тың 1969-1974 жылдардағы 37-ші президенті Ричард Милхауз НИКСОН дүниеге келді. 91 жыл бұрын (1922-1984) Гвинеяның солшыл-ұлтшыл саяси және қоғам қайраткері, жазушы, Гвинея Республикасының 1958-1984 жылдардағы тұңғыш президенті Ахмед Секу ТУРЕ дүниеге келді. 71 жыл бұрын (1942) кореялық танымал миллиардер, даңқты ірі Samsung Group концернінің бұрынғы төрағасы Ли КУН-ХИ дүниеге келді. 68 жыл бұрын (1945) Арменияның 1991-1998 жылдардағы тұңғыш президенті Левон А.ТЕР-ПЕТРОСЯН дүниеге келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін