900-дей сауда орны күлге айналған барахолка саудагерлері наразылық білдіруде - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
12 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
900-дей сауда орны күлге айналған барахолка саудагерлері наразылық білдіруде

900-дей сауда орны күлге айналған барахолка саудагерлері наразылық білдіруде

Алматыда өрт салдарынан жұмыссыз қалған саудагерлер бүгін наразылық білдіруде. Олар сауда орындарын дереу қалыпқа келтіруді талап етті. Тек оның орындала қоюы екіталай. Төтенше жағдайлар қызметі бұл базарлардың қызыл линияда тұрғанын айтып отыр. Сондықтан құрылыс мұнда қайта басталмауы мүмкін. Ал жексенбі таң алдында тұтанып, тәулікке жуық әл бермеген тілсіз жау 3 мың 800 шаршы метр аумаққа таралыпты. Салдарынан 900-дей контейнер күлге айналған. Қазір өрт шығуының бірнеше себептері айтылуда. Мамандар қасақана қойылған деген болжамды да қарастырып жатыр.

  • 19 Қараша 2013
  • 405
Фото - Caravan.kz

Барахолканың бұған дейін де көрмегені жоқ. Жалаңдаған жалын бутиктердің түгін қалдырмай жалмаған. Тіпті, өрт сөндірушілердің өзін тықсырып, тікұшақтарға да бой берер емес.       

Міне, қазір біз «Құлагер» базары мен «Арал» базарының ортасындамыз. Өрттің нақ ошағында. Жан-жақтың барлығын полиция қоршаған, бірақ бізге өтуге мүмкіндік туды. Мұнда ауа жұту мүмкін емес. 03:46 Өрттің көк түтіні тамақтан өтіп барады. 04:47 Жарты саудагер өздерінің киімін, заттарын алып үлгеріп жатса, ал жартысы әлі ішке де кіре алмауда.

Асқар Көшекбаев, саудагер:

— Ажиотаж. Есігін жауып тастаған, амондар кіргізбейді. Бір есікпен ғана шығарады, бір-бірін таптап кетті ғой. Ұрылар келіп ұрлап жатыр. Біз тауарымызды сыртқа шығарып қоямыз, сырттан кеп бұл жақтан екінші тауарды алып келгенше ұрлап жатыр.

Контейнерлердің құр қаусаған құр қаңқасы ғана қалды. Қырғынның нағыз көкесі сыртта болды. Ішке жанұшыра ұмтылған саудагерлер мұздай қаруланған жасақты бұзып жарып өтіп жатты.        

Айсұлу Алданиязова, саудагер:

— Әдейі өртенгені білініп тұр. 15-і күні базарды босатыңдар деген. 15-інде босатылмады, міне 16-сына келіп базар өртенді.

Қаптаған полицей, көз жасын көлдеткен коммерсант, құжынаған топтың ортасында тонаушылар да табылды. Қазір осы деректеп 6 адам қамауға алынған. Ал жалын 20 сағатта әрең дегенде өшірілді. Жабылады деп басы жанжалға қалған базарлар, осылайша, ақыры, бір-ақ күнде жанып бітті.


Ерлан Әлібеков, Алматы қалалық ТЖД басқарма басшысы:

— Қазіргі таңда мамандардың бәрі өрт орнында жұмыстарын атқарып жатыр. Біз барлық күшімізді салып, жаңағыдай жұмысты атқарып жатырмыз, тез арада бітіруге бәріміз әрекетін жасап жатырмыз.

Бірақ саудагерлер айлап созылатын сараптама қорытындысын күтіп отырмақ емес. Бүгін өрт кесірінен дымсыз қалған олар наразылық білдіріп, сауда орындарының дереу қалыпқа келтірілуін талап етті.

Әділ Сыдықова, саудагер :

— Малмыз ба біз? Кеше көргенде ештемеміз қалмады. Кеше сенбей мен түнде келіп қарадым. Рас түтін болды ма, өтірік түтін болды ма деп. «Құлагер» өзімізге ұнайды. Құлагерден өстік, осы жерде қаламыз. Басқа базарға бармаймыз!

Базардың қазіргі көрінісі тым аянышты. Күні кеше сатуға деп ілінген дүниелер қазір ешкімге қажетсіз қоқыс болып жан-жақта шашылып жатыр. Мұнда өртенген базарлардың саудагерлері ғана емес, сонымен қатар өзге аман қалған сауда орындарының адамдары да жүр. Таңнан бері оларды күш құрылымдары ішке кіргізбеуде, жан-жақтың барлығы қоршалған. Ал өрт сөндірушілер болса, өз кезегінде осыншама зардап әкелген алып өрттің салдарын түсіндіруге әлі асығар емес.