Аталмыш өзгерістерге байланысты спорт журналисі Аслан Каженов те әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Қазір “Барыс” хоккей клубындағы проблемалар жіті назарға алынды. Бәленбай жыл тапжылмай отырған басшысын алып, орнына қазақ маманын әкелді. Дәл солай проходной двор болып кеткен бас бапкердің лауазымын шетелдіктерден тазалап, өзімізің маманды қойды. Енді біртіндеп легионерлерді елдеріне қайтаруға кірісіп жатыр. Бірақ, бұл шаруа бір ойлағандай оңай емес екен.
Келісімшартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін клуб қожайындары аса ірі көлемде өтемақы төлеуге мәжбүр. Мәселен, шабуылшы Майкл Маклауд 92,5 миллион теңге, қорғаушы Уил Бутчер 107 миллион теңге, тағы бір қорғаушы Натан Болье 65 миллион теңге алған. Осылайша, астаналық клуб 3 шетелдік ойыншыға 265 миллион теңге жұмсаған. Бұл жөнінде Трансферы КХЛ” телеграмм-арнасына сілтеме жасап, “Бірінші бол” сайты мәлімдеді. Масқара…», — дейді ол.
Аслан Каженовтың сөзінше, антикор кейінгі алты жылда хоккей клубтарына 95,8 млрд ақша бөлгенін анықтаған. Ал, бұл қыруар қаржының басым бөлігі «Барыс» клубына кеткен.
«Ешқандай мониторинг болмаған… Жемқорлыққа қарсы агенттік соңғы 6 жылда еліміздегі хоккей клубтарына 95,8 млрд тг бөлінгенін анықтады. Басым бөлігі, әрине, «Барысқа» кетті. 48,9 млрд тг. Оның жартысынан көбі ойыншылардың, әсіресе, шетелдік ойыншылардың жалақысына жұмсалған. Одан бөлек, өңірлерде хоккей клубтарын ұстау үшін 4 пен 11 млрд тг арасында ақша қарастырады. Мәселен, Қарағандыда 11,1 млрд тг, Атырауда 6,5 млрд тг, Көкшетауда 5 млрд тг, Ақтөбеде 4,2 млрд тг деген сияқты. Осылай кете береді. Барлығы халықтың ақшасы. Өкінішітісі сол, мен айтқан соңғы 6 жылда ешқандай мониторинг болмаған. Яғни, әркім өз білгенін істеп келді. Әлі де істеп жатыр..», — дейді ол.
Айта кету керек, журналист айтқан бұл жаңалыққа қатысты антикор әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.