Жарияланды: 730

А. Есімов: дауылда құлап қалған ағаштар қала экологиясына қауіпті

Алматы облысындағы Іле-Алатауы ұлттық бағының аумағында Іле Алатауы тауларында дауыл жел құлатып кеткен ағаштар қаланың экологиялық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, деп мәлім етті Алматы әкімі Ахметжан Есімов.

«Құлаған ағаштар өрт қауіпті. Әдетте кешке экологиясы онсыз да күрделі қаламызда самал есетін. Енді өрт маусымы басталса, бұл самал жел тау салқынының орнына түтін алып келеді», - деп атап өтті Алматы әкімі жұма күні қалалық кеңесте. Сондай-ақ, оның атап көрсетуінше, ағаш қабығымен қоректенетін қоңыздардың кесірінен инфекция ошақтарына айналған бұл ағаштар тау өзендерінің арналарын бөгеп тастап, сел тудыруы мүмкін. «Олар су жинақтағыштар түзіп, ертең «жарылып», сел қауіпті жағдайға алып келуі мүмкін... Бұл ағаштар қар ұстап келді. Қыстың күні қар көшу қаупі туындайды», – деді әкім. А.Есімов бұл жағдай тұрғындарды да, қала басшылығын да алаңдатып отырғанын жеткізді. Іле-Алатауы ұлттық бағында әлі бір де бір құлаған ағаш алынған жоқ. Қаржыландыру мәселесі шешілмей отыр. Мамандар тартылмаған. Не күтіп отырмыз», - деп ашынды қала басшысы. Салыстыру үшін ол Алматы аумағындағы Медеу бағындағы жағдайды мысалға келтірді, онда құлаған 4100 ағаштың 3100-і жинап алынған. Ал ағаштарды жинау жұмыстары 20 күннің ішінде аяқталады. Тақырыпты жалғастырған А. Есімов ағаштар құлаған жерлерге апаратын жолдар салып, ағашты уату, одан тыңайтқыш жасау технологияларын қолдану керек екенін айтты. «Азиаданың есебінен салынған жолды бүлдіруге жол бермейміз», – деп ескертті әкім кеңеске қатысып отырған ауыл шаруашылық министрлігінің, басқа да мүдделі министрліктердің өкілдеріне қаратып айтқан сөзінде. Бұл жағдайда А. Есімов ағаштар құлаған жерлерде шағын-цехтар ұйымдастырып, оларды сол жерде уатып, дайын өнім шығаруды ұсынды. Сонымен бірге, әкімнің айтуынша, тазалау жұмыстарын ұйымдастыру, ағаштар құлаған жерлерге Алматы облысының орман шаруашылықтарынан жұмыскерлерді жеткізу, оларды тамақтандыру, жалақы төлеу мәселелері ашық күйі қалып отыр. «Жағдайды кім есептеді? Ол мамандар қайда? Институттар(ғылыми-зерттеу институттары - ҚазТАГ) не істеп отыр?Ақпарат мүлдем жоқ, комитет (орман және аңшылық шаруашылығы - ҚазТАГ) қандай шара қабылдап жатыр?», – деді қала басшысы. Әкімдіктің мәліметтеріне сәйкес, Алматының айналасында дауыл желден зардап шеккен орман алқабының жалпы аумағы 480 гектарды құрайды. Құлаған ағаштардың жалпы көлемі 97 мың текше метрге тең.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть