Жарияланды: 420

А. Перуашев 4 шілдені «Жеке кәсіпкерлер күні» мерекесі ретінде белгілеуді ұсынады

4 шілдені Қазақстанда «Жеке кәсіпкерлер күні» мерекесі ретінде ресми белгілеу әділ, әрі дұрыс шешім болар еді.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық жетістіктері: нәтижелері мен мақсаттар» атты тақырыпта өткен конференцияда «Атамекен» одағы» ҰЭП төрағасы Азат Перуашев осылай мәлім етті. «Қазақстанның тәуелсіздігінің алғашқы жылдары ел экономикасының еңсесін көтеруге бағытталған тағдыршешті шешімдер қабылданды. Бұның бәрі жинақтала келе, еліміздің бүгінгі жетістіктеріне жетеледі. 20 жылдық тәуелсіздіктегі елдің еңсерген жетістігінде жеке бизнестің де қосқан үлесі зор. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қабылдаған заңдарының бірі «Жеке кәсіпкерлікті қолдау туралы» Заңы болатын. Бұл 1992 жылғы 4 шілде еді. Бұл заң жеке кәсіпкерліктің дамуына үлкен серпін берді», - деді А. Перуашев. Сонымен қатар, «Атамекен» басшысы 2008 жылдан бері 4 шілдені «Жеке кәсіпкерлер күні» ретінде кәсіби мереке етіп ресми белгілеуді ұсынғанын айта келе, мәселенің әлі де шешім таппай отырғанын атап өтті. «Осыған орай, Сенатты, басқа да мүдделі органдарды аталған мәселені тағы да қарастыруды, бұған назар аударуды сұраймын. Бизнес қауымдастығы бұның әділ әрі дұрыс шешім болатынына сенімді», - деді А. Перуашев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін