Абай облысында жұмыс істемейтін дәретханаға 22 миллион жұмсап, қызметкер бекіткен - kaz.caravan.kz
  • $ 523.17
  • 550.06
0 °C
Алматы
2024 Жыл
3 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Абай облысында жұмыс істемейтін дәретханаға 22 миллион жұмсап, қызметкер бекіткен

Абай облысында жұмыс істемейтін дәретханаға 22 миллион жұмсап, қызметкер бекіткен

Театр киімілгіштен басталса, туризм әжетханадан басталады.

  • 12 Шiлде
  • 28
Фото: caravan.kz

Абай облысында 22 миллион теңгеге айдалада жұмыс істемейтін әжетхана орнатып, сол істемейтін туалетке арнайы қызметкер бекітіпті. Оның жұмысы келген кісілерге туалет жұмыс істемейді деп айту, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Тоғыз миллион теңге тұратын дәретхана рекорд болмай шықты. Енді Абай облысындағы ең қымбат дәретханаға 30 миллионға жуық қаржы бөлінген.

«Менің әріптестерім сонда барып, шошып кетті. Бір үйдің бағасынан да қымбат. Тексеру өтпесе, мен оны өз қаражатыма ұйымдастыруға дайынмын”, – деген еді “Әділдік жолы” қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Смағұлов.

Қаржы мониторингі агенттігі сынға былай деп жауап берген.

“Нысанның құнына су мен электр қуатын орнату және жеткізу кіреді. Пайдалану ауданы – 36,92 кв.м. Нысанда сауда алаңы, мүгедектерге, ерлер мен әйелдерге арналған ванна бөлмесі, сонымен қатар қызметкерлер бөлмесі және электр жылытуы бар техникалық бөлме бар”.

Желіде пайда болған видео авторы аталмыш қымбат әжетханаға қызметкер кіргізбей қойғанын айтып шағымданды. Су мен жарық жоқ екен. Есесіне қызметкері бар.

Елімізде қоғамдық әжетханалардың жыры бітпейді. Бір Алматының өзінде 60-тан аса қоғамдық әжетханалар орнатылған. 2023 жылдың көктемінен бастап қоғамдық дәретханалар әкімдіктің құзырында. Оған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Бірақ нақты қанша сома екенін әкімшілік айтпайды.

Көлік министрі Марат Қарабаев жол бойындағы бір дәретхананы салуға және күтіп ұстауға кететін қаржының көлемін жариялады. Министрдің айтуынша, осы уақытқа дейін 108 жаңа дәретхана орнатылған. Биыл тағы 48-і қойылады.

Ондай дәретхананың бағасы аумағына және орналасқан жеріне байланысты екен. Басында 8 милллионнан болды, қазіргі бағасы 8-18 миллион теңге.

Министрдің айтуынша бір дәретхананы күтіп ұстауға 300 мың теңге кетеді. Екі адам кезек-кезек жинайды, немесе бір адам қарауы мүмкін.

«Ондай жүйе тиімсіз, сол себепті дәретханаларды жанар-жағармай құю станцияларында, немесе дәмханаларда көптеп ашуға басымдық беріледі. Ал дәретханалар сервистік және туристік нысандарда ашылса, олар өздері күтіп ұстайды», – деді министр.

Жалпы Алматыда әжетханалар 2021 жылдан бастап орнатыла бастаған. Сол жылы Алматы қалалық туризм басқармасы 20 қоғамдық дәретхана орнатқан.  Ол 178,5 миллион теңге. Яғни, әрқайсына 9 миллион теңге кетті. 2023 жылдан бастап жұмыс істеуі керек болған қоғамдық орынға қаңтар оқиғасы кедергі болған. Әжетханаға жауапты мамандар былтырдан бері «жақында жұмыс істейді» деген уәдемен келеді. Ал басқа сылтаулары мынау: монета қабылдағыш істен шықты немесе жөндеу жұмыстары аяқталмады.

Жақында әлеуметтік желіге жұмыс істеп тұрған Гагарин мен Мыңбаев қиылысындағы аллеядағы әжетхана туралы видео жүктедік. Оның бір есігі ғана халыққа қол жетімді. Іші таза болып шықты. Алайда қажетті гигиеналық құралдар жоқ. Әкімдік бұған қатысты былай деген:

«Барлық дәретханаларда розеткалар мен қол кептіргіштері, сонымен қатар гигиеналық құралдар – дәретхана қағазы мен сұйық сабын бар», — деп сендірген.

Ол видеоның астында халық бірқатар пікір қалдырған. Айтуларынша Алматыда жұмыс істейтін дәретханалардың барын білмепті. Тіпті таң қалып отыр. Бар болса да, үнемі жабық есікті ғана көретіндерін айтқан.

Әдетте, кез-келген қоғамдық дәретханаға кіріп шығу үшін 50 теңге төлейсің. Ал Вознесенский соборының жанында орналасқан әжетханаға 100 теңге төлеп кіре аласың. Есесіне әрқашан ашық. Қала әкімдігі ол ақшаға әжетханаға қажетті заттарды алуға жұмсаймыз деген. Шындығында біз оны көре алмадық.

Дәретханалар алдында монета қабылдағыш пен карталай төлемге арналған (тек кейбірінде) құрылғы қойылған. Оған қоса аппарат тек 50 теңгелік монетаны қабылдайды. Онлайн төлем жасау мүмкіндігі әзірше жоқ. Ол құрғыр тиын қабылдай алмаса, не үшін жасаған? Сынып қала берсе, адамды қойып жұмыс істету керек қой.

Басқа да мәселе бар. Қоғамдық дәретханалар қыстың күні де дұрыс жұмыс істемеді. Аяздан жарамсыз болып қалды деді, труба жарылды деді де ақталды. Қазір жаз. Оның өзінде тек 10.00 — 22.00 аралығында жұмыс істейді. Солай жазылған. Тіпті осы уақыт аралығында да есігі ашылмайды. Таңертең ерте тұрып жүгіретіндер, түнде қалада қыдырғысы келетіндер бар. Қоғамдық дәретхана дәл осы адамдар үшін емес пе? Олар қайда барады?

Міне, бақылаушы қойып қойған Абай облысындағы әжетхананың түрі мынау. 22 миллионның әжетханасы ашық болғанымен, келушілерді істемейді деп кіргізбейді. Желге ұшқан миллиондар…

Қаңтар айында АҚШ-тың әйгілі The New York Times газеті жаңа жылда баруға тұрарлық әлемдегі 52 жердің дәстүрлі тізімін жариялады. Бұл тізімде Алматы қаласы да бар болып шықты. Туристерге көрсететін жеріміз жетер-ақ. Жақында Мемлекет басшысы туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті. Тіпті ТикТок әлеуметтік желісінің әлеуетін пайдалану керектігін айтты. Ал сервистен жұрдай болғанымызды қайтеміз?

Мысалы Алакөл ауданы, Көктұма ауылында он шақырымға бір туалет дейді. Оның өзі жабық тұр. Мынадан кейін қайдағы туризм? Қайдағы сервис?

Театр киімілгіштен басталса, туризм әжетханадан басталады.

Туристерден бұрын, өз халқымызды тіпті болмаса сапалы, қол жетімді, таза дәретханалармен қамти алмай отырмыз. Бұл «табысы төмен, дамудан қалған ел» дегенмен тең.

БҰҰ дерегі бойынша, әлемде 4,5 миллиард адам қауіпсіз дәретханаға әлі қол жеткізе алмай жүр. Сөйтіп диарея мен антисанитариядан туындайтын өлім саны да арта береді.