Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет кулуарында журналистер премьер-министрдің бірінші орынбасарынан Абай облысындағы 14 адамның өмірін қиған алапат өрт үшін нақты кім жазаланатынын сұрады.
"Абай облысының бөлінгеніне бір жыл ғана болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің жауапкершілігі тексеріле ме?" — деп сұрады журналистер.
"Семей орманы" қорығы облыстың емес, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құзырында", — деп жауап берді Роман Скляр.
Журналистер экология министрі Зүлфия Сүлейменованың өрт болған аймаққа бірден бармай, не үшін Астана халықаралық форумына барғанын сұрады.
"Форум өткен күні, түстен кейін өрт шықты. Масштабы нақты бағаланбай, қатты жел соғып, күннің ысуы 38 градус температураға дейін жетіп, ормандағы өрт өте тез тарады", — деді Премьер-министрдің орынбасары.
Ол қазір прокуратураның тексеру жүргізіп жатқанын және оның аясында барлық кінәлілер жауапкершілікке тартылатындығын айтты.
Осыған дейін облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков "Семей орманы" алқабындағы өрттің шығуына екі рет найзағай түсуі себеп болғанын айтқан. Құқық қорғау органдары Абай облысындағы жаппай өрттің себебін анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.