Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Дана Нұржігіт Амангелді Сейітханның жарының сағына еске алып, өмірден озғандығы жайлы баяндағанын айтты:
"Аманның кеткеніне де қырық күн болыпты-ау…
Кеше Алматыдан қайтарда Амангелді досымның жары Назгүлге соғып қайттым.
Үш аптадай ауырып жатып,жан баласына тіс жарып айтпа деп Назгүлді тырп еткізбепті жарықтық… "Айтқызбады ғой, Дана! Әбекеңсіз дастархандағы кесе қозғалмайды біздің үйде. Маскада жатып,видео-қоңырауға соғып, бас бармағын көтере берді,бәрі жақсы деген ишарат білдіріп…Ризамын дегені болды ма…білмеймін…әйтеуір бәрі сол бас бармаққа сыйып кетті ғой!" деп көзіне жас алып тұр Назгүлжан. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады дейді.
Асқынып кеткен…
Баяғыда Аман мен Назгүлдің кіші ұлы дүниеге келгенде құтты болсын айтып,барғанымыз көз алдыма келді.Назгүл жөргекке сәбиді тастай қылып орап жатқаны,келген қонағына жылы қабағын,ас толы табағын ұсынып шауып жүргені кеше ғана сияқты…
Атасының қолында өскен елгезек, алғыр, намысшыл Амангелді туған Мақаншысының ғана емес, бүкіл қазақтың мақтанышы еді!
Қос ұлы мен қызын да сол ата жолымен керемет тәрбиелепті. Анасының қасынан шықпай,қабағын бағып тұр,айналайындар.Сөздері де әкесінің шешендігінен кем емес!
Қаншама қазақтың батырына жанкүйер боп шапқан, Аманжан-ай, осалдығыңды жан баласы көрмесін дедің бе, көппен бірге басқа салғанды көремін дедің бе, қиналғаныңды біз естімей, үзілгеніңде төбемізден жай түсті ғой!
Қайтейін,досым…
Марқұм Бейсен екеуіңнің дәл осылай қатар тұрып, біріңнің артынан бірің қайтпасқа кете барғандарың өзекті өртейді…", деп жазды желідегі парақшасында.