«Әбіләзов түрмеде отыруы тиіс» - республикалық басылымдарға шолу
![]() |
Кез келген елдің экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуы мемлекеттік бюджеттің жоспарлану және атқарылу сапасына тікелей байланысты. |
Бұл - дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Аталған мәселенің өзекті сипаты, әсіресе, тұрақсыздық пен әлемдік дағдарыс салқыны айқын сезіліп тұрған кезеңде байқала түсуде. Сондықтан еліміздің бюджет процесінде атқару тәртібінің қалай сақталып жатқаны жөнінде Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы басшысының бірінші орынбасары Ерген Дошаев «Егемен Қазақстан» газеті арқылы ой бөліскен. Халық қалаулысы жыл сайын ел бюджетінен миллиардтаған қаржының игерілмей қалатындығын сынай келе: «Сондықтан да бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдаудың кезі жетті деп ойлаймын. Ең алдымен, шенеуніктердің бюджетті сапасыз жоспарлағаны, толық атқармағаны және қаржылық бұзушылығы үшін жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Осы орайда айта кететіні, әлемнің көптеген елдерінде бюджет заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті заңнамалық тұрғыдан бекітудің әртүрлі тәжірибесі бар», - дейді. Мақала «Мемлекет қазынасы халық игілігіне жұмыс істеуі тиіс» деген тақырыппен берілген.
«Халықаралық қылмыскер Әбіләзовтің аяғының астында жер жанып жатыр. Бүгінде ол қазақстандық және ресейлік сот орындарынан ғана емес, британдық фемидадан да жасырынып жүр. Көптеген қылмыстары үшін оның ерте ме, кеш пе заң алдында жауап беруіне тура келеді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Әбіләзов түрмеде отыруы тиіс» деген тақырыптағы мақаласына. Басылымның атап өтуінше, 2004-2008 жылдары Әбіләзовтің тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де бүлдіргендері аз емес екен. Мәселен, Ресейде оған 4 млрд. доллардың қаржысын алаяқтықпен жымқырды деген айып тағылды. Бұрын оның аты осы елде жүзеге асырылады делінген көптеген ірі де өршіл жобалар арқылы белгілі-тін. Өкінішке қарай, осының бәрі Әбіләзовтің ақшаны ұрлап, шетелдердегі өзінің шоттарына аудару үшін жасаған әрекеттері болып шықты.
***
Күнделікті тұрмыс-тіршілікпен біте қайнаса енген нарық түсінігі рухани саладан да алшақ кеткен жоқ. Тіпті кез келген өнер адамы, ерекше талант иесі өз қабілетін тауар және тауар өндіруші түсінігіне таңуға икемделе бастады. Біреулер бұны биік өнердің салмағын түсіру, қалталының қалауымен қаламын сайрататын «бұлбұлға» айналу десе, енді бір шоғыр «кітап та тауар, ол қыруар қаражат түсіруге тиіс өндіріске айналуы керек» деген тұжырымға тоқтайды. Дамыған және дамушы елдер үшін қалыпты, солай болуға тиіс бұл құбылысты біздің қаламгерлер қалай қабылдап жүр? Шығармашылығынан туған дүниені саудаға салудан гөрі, қазақы қалыппен сыйға тарта салуды мәртебе көретін біздің мәрт қаламгерлердің айтар уәж, құп көрер кесімді сөзі қандай? Сарапшылардың бұған қатысты пікірі «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында «Қаламгерге тауар өндіруші ретінде қарайтын кез жетті ме?» деген тақырыппен берілген.
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, соңғы кездері еліміздегі мемлекеттік аурухана мен емхана дәрігерлерінің жекеменшік медициналық мекемелеріне ауысып кету жағдайы жиілей бастаған. Осының салдарынан еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Бір ғана Астана қаласын мысалға алатын болсақ, Мәжіліс депутаты Надежда Петухова биылғы жылдың қаңтар мен қыркүйек айларында елорданың денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарынан 1292 медқызметкер жекеменшік медициналық ұйымдарға ауысып кеткенін мәлімдеді. Оның 550-і дәрігерлер екен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп екені де байқалып отыр. Ал ауылдағы жағдайды айтуға ауыз бармайды. Айта кетер жайт, білікті медицина қызметкерлерінің жекеменшік медициналық орталықтарға кетуі, мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда маман тапшылығының туындауына, халықты жекеменшік, ақылы медициналық орталықтарға жүгінуге мәжбүр етіп отыр. Мақала тақырыбы - «Жекеменшікке жеткен дәрігердің мемлекеттік емханаға жетпей тұруының сыры неде?».
***
«Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл отандық қымыз өндірушілерді қолдау мемлекеттік бағдарламасын ұсынады», - деп жазады «Время» «Кумыс доброй надежды» деген тақырыппен басылған мақаласында. Басылымның атап өтуінше, халық қалаулысы аталған сусынның өндірісін дұрыс жолға қоюға бел шеше кірісуге тас-түйін дайын отыр. Депутаттың алға тартқан деректеріне қарағанда, Ресейге қарасты Саха Республикасында қымыз туралы заң бар болса, Германияда 50 қымыз фермасы өз жұмыстарын жандандырып отыр. Осы ретте А.Смайыл елімізде де қымыз туралы заңды қабылдауды ұсынуда.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров Ұлттық банк төрағасына Қазақстанның зейнетақы жүйесіне дағдарыстың қауіп төндіріп тұрғандығын ескертеді. Ол өз депутаттық сауалында еліміздің зейнетақы қорларында шамамен 3 трлн. теңгеге жуық зейнетақы аударымдары жатқандығын әрі ол тиімсіз басқарылатындығын, соның салдарынан азаматтардың жинаған ақшасын инфляция «жеп» жатқандығын айтады. Мақала «Председателю Национального банка: Что в пенсии тебе моей...» деген тақырыппен берілген.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін