"Адамдар қансырап жатты" - автобус апатынан зардап шеккен фельдшердің әңгімесі - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Адамдар қансырап жатты" - автобус апатынан зардап шеккен фельдшердің әңгімесі

"Адамдар қансырап жатты" - автобус апатынан зардап шеккен фельдшердің әңгімесі

Нұр-Сұлтандағы жол-көлік апатында жарақат алған қалалық жедел жәрдем қызметкері Қамар Сәтпағанбетова ауруханада жатыр

  • 28 Наурыз 2019
  • 87
Фото - Caravan.kz

 Елордадағы ірі жол-көлік апатына күтпеген жерден тап болған Қамар Сәтпағанбетова оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Elorda Aqparat.

26 наурыз күні елордада болған ірі апатта жедел жәрдем бригадасы да зардап шеккен болатын. Алайда олар өз жарақатын ұмытып, бірден адамдарға көмек көрсетуге кіріскен.

"Бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанда, кенеттен көліктің артынан қатты соққы болды. Менің басым алдыңғы терезеге ұрылды. Аз уақытқа есімнен танып қалдым. Көмекшім алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен соң, өз-өзіме келдім. Жан-жағыма қарасам, бізге автобус соғылыпты. Ал біздің көлігіміз алдымыздағы жеңіл көлікке ұрылған. Автобустан адамдар у-шу болып түсіп жатты. Бірден есімді жиып, жедел медициналық көмек көрсетуге кірістім. Қансырап жерде жатқан адамдарды көргенде, өз жарақатымды ұмытып кетіппін. Себебі бұл — менің мамандығым", — деді Қамар Сәтпағанбетова.

Фельдшер сол жердегі адамдардан қосымша бірнеше жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметін шақыруды сұраған.

"Жолаушылар жарақаттарының деңгейі әртүрлі болды. Біз басында 20 шақты адам бар деп ойлағанбыз. Кейін одан да көп екенін көрдік. Мен өз басым жиырмаға жуық адамға көмегімді тигіздім. Сондай-ақ, жеңіл көлікпен келе жатқан адамдар да тоқтап, өз көмектерін ұсынды", — дейді ол.


Қамар зардап шегуіне қарамастан, бір жарым сағаттай өз міндетін атқарған. Кейін өзіне де жедел жәрдем көмегі қажет екенін түсініпті. Фельдшердің көмекшісі де жарақат алды.

"Ол аяғын жарақаттап алды. Бірақ еш нәрсеге қарамастан, өз жұмысын істеді. Кейін теміржол ауруханасына барып, аяғына гипс салғызып, үйіне қайтты", — деді Қамар Сәтпағанбетова.

Қазір Қамар №1 қалалық ауруханада емделуде. Өзін жақсы сезінетінін айтады.

Еске сала кетсек, 26 наурызда Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Үш автобус соқтығысып, бірнеше автокөлікке, соның ішінде жедел жәрдем көлігіне де зақым келді. Апат салдарынан 1966 жылы туған автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы көз жұмды.

 

Соңғы жаңалықтар