Адамзат дамуы жөніндегі БҰҰ-ның баяндамасында Қазақстан 76-орынға көтерілді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Адамзат дамуы жөніндегі БҰҰ-ның баяндамасында Қазақстан 76-орынға көтерілді

Адамзат дамуы жөніндегі БҰҰ-ның баяндамасында Қазақстан 76-орынға көтерілді

2003-жылғы адамзат дамуы жөніндегі БҰҰ-ның баяндамасында Қазақстан былтырғы 79-орыннан 76-шы орынға көтерілді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне БҰҰ-ның еліміздегі өкілдігінен хабарлады.

  • 10 Шiлде 2003
  • 3479
Фото - Caravan.kz

Баяндамада дүниежүзіндегі 175 елдің адамзат дамуы жөніндегі индексі бойынша иемденген рейтингі көрсетілген. Бұл тізімде Норвегия бірінші , ал Африка құрлығындағы Сьерра-Леоне мемлекеті ең соңғы орында.

БҰҰ-ның бағалауынша, адамзат дамуының деңгейіне қарай ТМД елдерінің арасынан Беларусь Республикасы алдыңғы қатарға көтерілді. Бұл мемлекет тізімде 53-ші орынды еншілесе, адамзат дамуына қарай орташа деңгейден көрінген Ресей 63-ші орынды місе түтуға мәжбүр. Ал адамзат дамуы жағынан Қазақстанды басып озған Украина 75-ші орында. Тізімдегі 87, 88, 89-шы орындарды Түрікменстан, Грузия, Әзірбайжан Республикалары иемденген. Ал Өзбекстан мен Қырғызстан БҰҰ-ның 2003-жылғы есебіндегі 101 және 102-ші орынды еншілеген.
2003-жылғы адамзат дамуы жөніндегі Ғаламдық есептің тұсаукесері БҰҰ Даму бағдарламасының администраторы Марк Маллок пен Ирландия үкімет басшысы Барти Агерн мырзалардың басқаруымен 8-шілдеде Дублинде болып өтті. Тұсаукесер салтанатына U2 тобының әншісі Боно да қатысты. Тұсаукесер шарасының екінші бөлігі бүгін, 10-шілдеде Африка құрлығындағы 40 мемлекет президенттерінің қатысуымен Мозамбик астанасы Мапуто қаласында өтеді.
БҰҰ-ның Даму бағдарламасының тапсырысы бойынша әзірленетін адамзат дамуы жөніндегі жыл сайынғы есеп-баяндама 2000-жылғы Мыңжылдық Декларациясына қамтылған Мыңжылдық Даму Мақсаттарына (МДМ) қол жеткізу саласындағы адамзат дүниесіндегі ілгерілеушіліктерге талдау жасайды. Бұл мақсаттардың арасында кедейлікті азайту, қоршаған ортаны қорғаудан бастап СПИД-пен күреске дейінгі барлық даму мақсаттары қамтылған.
2003-жылғы есепте Мыңжылдық Даму Мақсаттарына (МДМ) қол жеткізуге бағытталған жаңа ғаламдық шаралар жоспары жарияланды. Жоспар Мыңжылдық дамуға арналған Бүкіләлемдік Форум деп аталады. Баяндама авторларының жазуына қарағанда, Мыңжылдық Декларациясына қол қойған кезде адамзатқа берілген уәделер кедей мемлекеттер кең көлемді реформаларды жүзеге асырған, ал алпауыт елдер сауда-саттық жағдайын жақсартып, дамушы елдерге ауқымды көмек-жәрдем көрсеткен жағдайда ғана жүзеге асады.
Баяндамада шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ірі көлемде капитал жұмсауды талап ететін салалардан гөрі көп мөлшерде жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін индустрия саласына құйылатын инвестиция ауқымын арттыру жөнінде нұсқау берілген. Сондай-ақ, есеп авторлары дамушы елдер үкіметтерін әсіресе кедейлер мұқтаж боп келетін бастауыш білім және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласындағы қызмет түрлеріне бюджеттен қаржы жұмсауға басымдық беруді ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар