А.Дауылбаев Сеулде өткен Бас прокурорлардың төртінші дүниежүзілік саммитіне қатысты - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
А.Дауылбаев Сеулде өткен Бас прокурорлардың төртінші дүниежүзілік саммитіне қатысты

А.Дауылбаев Сеулде өткен Бас прокурорлардың төртінші дүниежүзілік саммитіне қатысты

Сеул қаласында «Прокуратураның жаңа бастамасы - адал және әділ қоғам» атты тақырыпқа арналған Бас прокурорлардың төртінші дүниежүзілік саммиті аяқталды.

  • 1 Шiлде 2011
  • 548
Фото - Caravan.kz

Форум әлемнің жүзден астам елінен жоғары қадағалау органдарының басшыларын жинады, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Оған Қазақстан Республикасынан Бас прокуроры Асхат Дауылбаев қатысып, Саммит сессиясында «Жаңа уақыт сынына қарсы күресте қылмыстық қудалау органдарының тиімділігін арттыру» атты тақырыпта баяндама жасады.

Саммитті Корея Республикасының Президенті Ли Менг Бак және БҰҰ Бас хатшысының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Патрисия ОБрайан ашты.

Форумда трансұлттық қылмысқа қарсы күресте қадағалау органдарының өзара әрекетінің тиімділігін арттыру мәселелері, қазіргі заманда әлемдегі өзекті сындар мен қауіп-қатерлерге қарсы әрекет етудегі олардың алатын орындары талқыланды. Атап айтқанда, пікірталас қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыруға қарсы күрестегі прокуратураның орны, қылмыстық сот төрелігімен байланыста нақты адамдар тобымен жұмыс жасау, қылмыстың жаңа түрлеріне тиімді қарсы әрекет ету, халықаралық қылмыстарды қудалау, ынтымақтастық тетігінің жаңа үлгілеріне көшу секілді күнделікті көкейтесті тақырыптар аумағында болды.

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры форум мінбесінен сөз сөйлей тұрып, жалпы планеталық сипаттағы проблемалар, оның ішінде трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес мәселесі халықаралық қоғамдастықтың күшін біріктіру жолымен ғана шешімін таба алатынын ерекше атап өтті. Жалпы іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу, соның ішінде ерекше маңыздысы, оны іске асыру үшін жағдайлар мен тетіктер жасау жетістікке қол жеткізудің кепілі болып табылады.

А.Дауылбаев сондай-ақ, трансұлттық қылмыстарға қарсы әрекет ету бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан маңызды бағыттарға тоқталып өтті. Республиканың әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесі бола отырып, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өз үлесін қосып отырғаны ерекше атап өтілді.

Жаңа халықаралық құжаттар әзірлеу, сондай-ақ қолданыстағы конвенциялар мен келісімдерге қосылу шетелдік мемлекеттердің уәкілетті органдарымен сапалы жаңа деңгейдегі өзара әрекетке шығуға және халықаралық терроризм, экстремизм, есірткі бизнесі, қару-жарақтың заңсыз айналымы, адам саудасы, сыбайлас жемқорлыққа және қылмыстық жолмен табылған кірістерді жылыстатуға қарсы күреспен байланысты етек алып келе жатқан теріс үрдістерге уақтылы ықпал етуге мүмкіндік береді.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Испания Корольдігінің Бас прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжат екі ел арасындағы қылмыспен, соның ішінде оның ұйымдасқан түрлерімен, терроризммен, сыбайлас жемқорлықпен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен, экономика саласындағы қылмыстармен күресте тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік ашады. Прокуратура органдарына арналған кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, екі жақтың мүдделеріне сай келетін өзекті мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту өзара іс-қимылдың өзге де маңызды бағыттары ретінде белгіленді.

Сонымен қатар А. Дауылбаев Корея, ҚХР, Макао, Сауд Арабиясы, Иран, Молдова, Моңғолия, Латвия, Литва, Таиланд, Ирландия, Италия, Жапония, Түркия, Малайзия және Сингапурдың бас прокурорларымен екіжақты кездесулер өткізіп, өзара ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Саммиттің қортындысы бойынша оның қатысушылары әлемдік қауымдастықтың прокуратура органдарының одан әрі ынтымақтастығының негізгі бағыттары белгіленген Декларация қабылдады.

Осы күндері Кореяның астанасында прокурорлардың Халықаралық қауымдастығының жыл сайынғы конференциясы болды. Конференцияның тақырыбы «Прокуратура қоғамдық қызмет ретінде» деп аталды және ол қазіргі заманғы әлемдегі прокуратураның рөліне арналды. Конференцияда мемлекет тыныс-тіршілігіндегі прокуратураның шешуші орны мен функциясын қайта қарауға және кеңейтуге қатысты кең пікірталас болды, осы мәселедегі түрлі инновациялық көзқарастар қаралды. Сондай-ақ прокурорлардың құзыреттілігі мен кәсібилігін арттыру, қоғамдық беделі мен халық сенімінің өсуіне бағытталған құқықтық жағдайын кеңейту жолдары талқыланды.

Соңғы жаңалықтар