Сұлтан Хан Аққұлұлы «Әдебиет порталының» тілшісіне: «Абайтанудың басында Әлихан Бөкейхан тұр десек асыра айтқандық емес. Абайдың қазасы туралы тұңғыш жазған керемет азанамасы бар. Абайтану туралы сөз қозғалғанда «оның басын Мұхтар Әуезов бастады» деген пікірге мен келіспеймін. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын Әлиханның тікелей тапсырмасымен жазды деуге толық негіз бар. Мұрағаттарда сақталған кейбір құжатты жарияласақ бұған ешкімнің таласы болмайды» деп айтқан.
Ал оған қарсы пікір айтқандардың арасында белгілі ақын Талғат Ешенұлының уәжін көпшілік қолдап жатыр.
«Жарайды, Сұлтанханның айтып отырғаны дұрыс-ақ дейік. Бірақ бұл «дұрыстың» жаңалығы қандай? Онда тұрған не бар? …Әлемдік әдебиеттегі, ғылымдағы, музыкадағы идея атаулының тоқсан тоғыз пайызы авторына тиесілі емес. Арыдан бейнелеп айтқанда, төрт кітаптың, жалғыз алманың немесе бұлбұл құстың арқасы. Беріден деректеп айтқанда, әлем көркемөнеріндегі ең сүбелі деген дүниелердің бәрінің де «идеялық иесі» бар. Мысал үшін, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы идеясының артында Софья Андреевнаның (Толстойдың әйелі) әкесінің тұрғаны айтылады. Роман туралы пікір бөлісіп, жазысқан хаттары да бар.
Габриель Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы жазушының өз әулетінің тарихы іспеттес. Шешесінің идеясы, оны өзі де жазады» дейді Талғат Ешенұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында.