«Әдейі ұйымдастырған тапсырыс»: Танымал актер домбыраны келемеждеген хиджабтағыларды орнына қойды - kaz.caravan.kz
  • $ 485.04
  • 525.98
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Әдейі ұйымдастырған тапсырыс»: Танымал актер домбыраны келемеждеген хиджабтағыларды орнына қойды

«Әдейі ұйымдастырған тапсырыс»: Танымал актер домбыраны келемеждеген хиджабтағыларды орнына қойды

Белгілі актер Бекжан Тұрыс ұлттық құндылық – домбыраны «арам» деп, ұлт аспабын келемеждегендерді сынға алды.

  • 14 Қыркүйек 2023
  • 107
Фото - Caravan.kz

Ол көпшілікті жат ағымда жетегінде кеткендермен күресуге шақырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл туралы ойын актер өзінің желідегі парақшасында жазды.

«Жаңа қойылымның қызу дайындығынан әлеуметтік желіден қол үзіп қалған едім, домбыраға байланысты жат ағымның жетегінде кеткендердің айтқанын енді көріп естідім. Қолынан домбыра тастамаған қазақтың бірі ретінде бұған бейжай қарай алмаймын.
70 жыл орыстың боданында отырғанда өз ұлтымның аузымен “қазақтың домбырасы — арам” дегенді ешкім айтқызбап еді. Ұмытпасам, “Терме” дейтін хабар да жүрді эфирде. Ал Тәуелсіздік алған соң бізге не көрінді, ағайын? Түсінгім-ақ келеді, бірақ… Діннің атын жамылып ұлттық құндылықтарымызға тиісу қайдан шықты? Қай кезде белең алды бұл? Дінге жапқымыз келеді, анығында, ұлтының қастерлі мұрасынан безген һәм теріс ағымның жетегіне ерген “шіріген жұмыртқа” болғандардың түсінігі бұл. Әйтпесе кез келген халықтың дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы өз ұлты үшін қасиетті саналатынын білмей ме бүкіл қазақ? Домбыра — қазақтың жаны, бабадан қалған бағзы мұра. Бірақ көне заманнан бері қазақтың жүрек қылын, даланың терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресін шертіп келе жатқан ұлттық аспапты қазақтан айыру басталған сияқты.

Әлдекімдердің әдейі ұйымдастырған тапсырысы тәрізді көрінгені де рас. Бір мезгілде бірінен соң бірі кезекпен неге бұлай айтып жатқаны осындай ойға жетеледі. Домбыраны “харам” деп жүрген жат ағымдағылардың әрекетіне тыйым салынуы керек, уақыты келді. Тұтас ұлт болып ұлттық аспабымыз — қасиетті домбырадан қазақты бездіргісі келетіндерге жауап ретінде қолынан домбырасы түспеген дәстүрлі әнші-күйшілерден бастап, бар қазақтың әлеуметтік желіде тек домбыра жайлы арнайы пост жариялап отыруын өтінем. Қағынан жерігендердің теріс насихатына, өзге ағымға кіріп дәстүр-салтымыз бен ұлттық мәдениетімізге қарсы шабуыл жасайтындарға арнайы заң қабылданып, белгілі бір шара қолданғанша бұл челенедж үзілмесе деймін. Әр қазақ арнайы пост жазбаса да, домбырамен айтылған ән немесе күйді парақшасына күнде жариялап отыруға тиіс. Ұсыныс-өтінішіме немқұрайды қарамайды деп сенем. Қазақты дәстүр-салтынан, ұлттық музыкасынан айырып, ұлт ретінде жойғысы келетін арампиғылдардың әрекетіне жол жоқ. Осыны түсінетін кез жетті. Сүрініп кетпе, қазақ баласы, сүрініп кетпе!», — деп жазды ол.