Оның мемлекетке тигізген залалы 300 млн доллар деп бағалануда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«2014 жылдың мамыр айында Алматы әкімдігі талап білдірген еді. 2015 жылдың қазан айында бірінші инстанциядағы сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, істі Швейцарияда қарау керектігін айтты. Біз бұл шешімге шағым білдірдік, енді іс Калифорния сотында қаралатын болды. Біз Храпуновтың қылмысын әшкерелейтін барлық дәлелдерді ұсынамыз. Калифорнияда оның жылжымайтын мүлкі бар, оған қол жеткізіп, сату арқылы Алматы қаласына келтірген шығынның орнын толтыра аламыз. Храпунов өз активтерін қайда жасырса да, оны елге қайтарып, шешімді орындатуға болады», — деп мәлімдеді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев журналистерге Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Алматы әкімдігінің мүддесін Әділет министрлігі қорғайды. Жұмысты 2009 жылдан бері М.Бекетаев жетекшілік ететін мамандандырылған департамент жүргізеді.
Әділет министрлігінің дерегі бойынша, Храпуновтың Калифорнияда бірнеше вилласы және бірнеше қымбат автомобилі бар. «Осы дүниелердің оған тиесілі екендігін дәлелдеу керек. Храпунов барынша дайындалған, мүлік сатып алу үшін де білікті заңгерлерді жалдаған. Бұл мүлік офшорлық компаниялар арқылы заңды тұлғалардың атына жаздыру арқылы сатып алынған. Аталмыш заттардың оған тиесілі екендігін дәлелдеп, кейін өндіріп алу қажет. Алда көп еңбекті талап ететін жұмыс тұр (…) Қазақстан халқынан ұрлаған қаржыларды ешкім басқа елде пайдалана алмайды», — деп атап өтті ол.