Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
«Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабын ағылшын тіліне тәржімалаған аудармашылардың бірі — Арч Тэйт. Ол бұған дейін Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармаларын да аударған. Бірақ түпнұсқа тілден емес, орыс тілінен. Тэйт қазақтың бай мұрасын сол қалпында жеткізу үшін енді қазақша меңгеру қажеттігін айтады.
«Қазақ тілін үйренгім келеді. Байтұрсынұлының шығармалары менің тілге деген махаббатымды оятты», — дейді ол.
Бұдан бөлек, ол халқымыздың басынан өткен, бірақ тарих тасасында қалып қойған көптеген беймәлім деректер әлем жұртшылығының назарына ұсынылу керек деген пікірде.
«Меніңше, бұл кітап Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтардың бетін ашып, қазақ тілі мен әдебиеті туралы маңызды ақпаратты ағылшынтілді аудиторияға паш етеді. Ахмет Байтұрсынұлы Ресей патшалығы заманында қудалауға ұшыраса да, түрмеге тоғытылса да жүрекжұтқан жан болған. Ол өзінің миссиясына адал болып, қазақ ұлты үшін басын бәйгеге тіккен адам», — дейді Арч Тэйт.
Қазақстанның Біріккен Корольдіктегі елшілігі ұйымдастырған шараға британиялық шығармашылық интеллигенция өкілдері қатысты. Ағылшын ақын-жазушыларына, аудармашыларына Ахмет Байтұрсынұлының өмірі және шығармашылығымен тереңірек танысуға жағдай жасалды.
«Мен Байтұрсынұлының шығармаларымен енді танысып жатырмын. Оның қазақ халқының біртуар ұлы, ұлт реформаторы, оқу-ағарту ісінің дүлдүлі болғанын білдім. Бұл туралы еуропалық оқырмандар да хабардар болуы керек деп ойлаймын. Меніңше, шетелдіктер осындай кітаптардың арқасында Қазақстан тарихымен және ғұламаларымен танысуға мол мүмкіндік алады», — дейді ағылшын жазушысы әрі аудармашысы Джон Фарндон.
Кітапты Ұлттық аударма бюросы басып шығарған. Жинаққа қазақ әдебиеті және мәдениеті көрнекті қайраткерлерінің Ахмет Байтұрсынұлы туралы жазған еңбектері енген. Ішінінен Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллиннен бөлек, Мәмбет Қойгелді, Дархан Қыдырәлі, Дихан Қамзабекұлы сияқты қазіргі алаштанушы ғалымдардың зерттеулерін де табуға болады.