Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
-Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Қазақстанның стратегиялық міндеті, ол отандық ауыл шаруашылығын дамыту, өнімді жеткізу логистикасын оңтайландыру және импортқа тәуелділікті азайту арқылы шешіледі. Тұрақты өндіріс пен сапалы өнім халықтың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі болуда. Бүгінде жаһандық азық-түлік дағдарысы мен халық санының өсуі жағдайында өзін-өзі қамтамасыз ету тәуелсіздік пен тұрақтылықтың маңызды факторына айналуда. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде жыл басында өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесу өткізіп, ауыл-аймақтардағы өзекті мәселелермен таныстым. Ауылдағы шаруалар агросектордағы ең өзекті әрі күрделі мәселенің бірі ретінде кадр тапшылығын атап өтті. Әсіресе, малшы, сауыншы, механизатор, ветеринар, агроном, зоотехник секілді мамандардың жетіспеушілігі бар екенін жеткізді. Бұл жағдай ауылдық жерлердегі тұрмыс деңгейінің төмендігімен, еңбекақы мөлшерінің жеткіліксіздігімен және әлеуметтік қолдау тетігінің әлсіздігімен тікелей байланысты, — деді Т. Қырықбаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, бұл жүйелі мәселелер Жоғары аудиторлық палата есебінде де айқын көрініс тапқан. Атап айтқанда, зейнетақы жарналары аударылмаған азаматтардың санының айтарлықтай көп болуы назар аудартады. Бұл жағдай еңбек заңнамасының сақталу деңгейінде елеулі олқылықтар бар екенін көрсетеді. Мұндай үрдіс жұмыс берушілер тарапынан міндеттемелердің толық орындалмауы немесе бақылау тетіктерінің әлсіздігімен байланысты болуы мүмкін.
-Осыған байланысты ауыл шаруашылығы саласына мамандарды тарту және оларды тұрақтандыру мақсатында кешенді әрі жүйелі өзгерістер енгізу қажет деп есептеймін. Осыған орай келесі мәселелерді шешуді сұраймын. Бріншіден, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру мақсатында Үкімет тарапынан қосымша төлемдер қарастырып, жергілікті бюджет есебінен арнайы субсидиялау бағдарламасын енгізу маңызды. Бұдан бөлек, осы салада еңбек ететін азаматтар үшін жеке табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеуді, сондай-ақ аграрлық колледждер мен жоғары оқу орындарында мақсатты гранттар санын ұлғайтып, шәкіртақы көлемін арттыруды ұсынамын, — деді депутат.