"Ахметті ойнағым келмеген": Азамат Сатыбалды Байтұрсынов рөліне қатысты айтылған сындарға жауап берді - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Ахметті ойнағым келмеген": Азамат Сатыбалды Байтұрсынов рөліне қатысты айтылған сындарға жауап берді

"Ахметті ойнағым келмеген": Азамат Сатыбалды Байтұрсынов рөліне қатысты айтылған сындарға жауап берді

Актер Азамат Сатыбалды бастапқыда "Соңғы үкім" фильмінде Ахмет Байтұрсыновтың рөлін сомдаудан бас тартқанын мәлімдеді.

  • 30 Мамыр
  • 73
Фото - Caravan.kz

Ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында өзінің болмысы Ахмет Байтұрсыновтан мүлде бөлек екенін айтқан, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

«Маған Ахметті ойнауға ұсыныс келгенде Мұқағалиді ойнап жаттым. Мұқағали менің кумирім, оны жақсы көрдім, еліктедім. Менің болмысым, актерлік қабілетім, темпераментім сол ақынға келіп тұрды. Бірақ, үш ұйықтасам да Ахмет Байтұрсыновты ойнаймын деп ойлаған жоқпын. Мен үшін ол кісі бөлек тұлғалы, табиғаты маған келмейтін адам. Фильмнің сценарий авторы Ғалым аға маған хабарласып, ұсыныс білдіргенде мен бірден бас тартып, Ахмет қайда, мен қайда дедім. Ол кісі бірден шешім шығарма, екеуміз кездесейік сосын шешіміңді айтасың деді. Екеуміз кездестік. Мен кездесуге басқа адам болып кіріп, басқа адам болып шықтым. Ол кісі көндірді, түсіндірді. Мен де асықпай менімен жұмыс істесеңіз түсемін деп өз талабымды қойдым», — дейді ол.

Актер Ахмет Байтұрсыновты сомдаған рөліне қатысты айтылған сынды қалай қабылдайтынын да жасырмаған.

«Маған қатысты айтылатын пікірлерді қадағалап қарамаймын. Себебі, олар адамды бұзады. Мақтау сені тежейді, сын уақыт ұрлайды. Байқасаңыздар, Еуропа елдерінде тұлпар шапқан кезде оның көзін жауып қояды. Үлкен жылдамдықпен жүріп келе жатқанда біреу айқайлап, сені мақтаса, бәрібір пенде болғаннан кейін құлағыңа жағады. Бәсеңдейсің, айталған сөзге мән бересің. Сын айтса да мән бересің. Екі жағдайда да уақыт жоғалтасың», — дейді ол.