Қазақстаннан Түркияға футбол жарысына аттанған 10 жастағы бала құжатын жоғалтып алып, депортациялау бөлмесіне екі күн бойы жалғыз қонған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Қараусыз қалған кішкентай ұл бала тамақ сұрап жеу үшін ұялы телефонындағы аударма қосымшасын қолданған. Сол сияқты жатқан орны мен бөлмесінің ішін видеоға түсіріп көрсеткен. Бала өзінің қорқып отырғанын дауысы дірілдеп отырып айтып берді.
Адвокат Данилхан Шағатаевтың айтуынша, балаға бас-көз болу «Air Astana» әуекомпаниясының қызметкеріне жүктелген, себебі компаниядан сол қызмет кіретін билет сатып алынған.
«Рейске тіркелу, тексеру және ұшаққа отырғызу кезінде баланың барлық құжаты сөмкесінде болған. Түркияға барған соң ол төлқұжатын жоғалтып алыпты, оны қасында еріп жүрген «Air Astana» қызметкеріне айтқан. Алайда төлқұжаты сол қалпы табылмаған. Салдарынан бала қайтарда Түркиядағы паспорттық шекара бақылауынан өте алмай, депортация бөлмесіне орналастырылады», — деп жазды адвокат.
Айтуынша, ұл бала 21 желтоқсаннан 23 желтоқсанға дейін, яғни екі күн жападан-жалғыз бөлмеде қалған. Ал әуекомпаниясының қызметкері оған қарамаған. Баланы күтіп алатын адамдар оған жете алмаған, себебі бала транзиттік зонада қалып қойған.
«Небәрі 10 жастағы балақай не болғанын түсіне алмай, жылап отырған. Елдің шекаралық бақылау, полиция қызметкерлері және әуежай қызметкерлері баланы тергеген, бірақ оның шет тілін білмеуі жағдайды тіптен қиындатқан. Ал әуекомпания тарапынан балаға ешқандай көмек көрсетілмеген. Баламен анасы үнемі байланыста болған, бірақ кішкентай болғандықтан ол өз жағдайын әрең түсіндірді», — дейді адвокат.
Данилхан Шағатаевтың баланың анасы екеуі Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығына шығып, екі күннен кейін балаға Қазақстанға қайту үшін уақытша құжат жасата алған.
«Енді сұрақ: «Air Astana» қызметкерлері сол уақытта қайда болды? Әуекомпанияның өкілдері неге байланысқа шығып, балаға көмек көрсетпеген? Біз мұны анықтаймыз», — деп жазды адвокат.