Сот отырысы 2017 жылы 22 желтоқсанда аяқталған еді. Әйтсе де, еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі саналатын «Эйр Астана» әлі күнге дейін Оғыз мырзаға 1 теңге көлеміндегі моральдық шығынын өтемеген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
Бұл туралы бізге Оғыз Доғанның өзі айтып берді.
— Әлі төлеген жоқ. Тағы біраз уақыт күтіп, қалай төлейтіндіктерін сұрайын деп отырмын. Шынымды айтсам, мен де сол сұрақтың жауабын білгім келіп отыр.
— Моральдық шығынды төлеу мерзімі қанша уақыт еді?
— Ондай нақты мерзім жоқ деп ойлаймын. Мен құжатқа қол қойғызып, қолма-қол төлеулерін қалаймын. Негізі сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін олар төлеуге міндетті.
Енді электронды поштасына жазатын шығармын. Шынымды айтсам олардың қай басшысымен сөйлесу керектігін де білмеймін. Негізі, олардың өздері маған хабарласып, «Біз төлейік. Шешім шықты ғой, енді осыны орындап, құтылғымыз келеді» деуі керек қой. Бірақ, олар әлі тыныш жатыр. Кішкене күтем. Бірақ, қанша күту керектігін де білмеймін.
— Өткенде Қырғызстандық орыс азаматының сізді боқтап жазған сөзін жариялапсыз, негізі көрші елде сізге қысым жасау, қорқытып-үркіту жиі бола ма?
— «Эйр Астанамен» сот болған кезде орыс азаматтарының қысым жасап жазғандары болған. Ал былайғы өмірде олардың маған қысым жасауға батылы жеткен жоқ. Қырғызстанда да, Қазақстанда да солай. Олар тек қана жазу жүзінде, мен түсінбеген тілде боқтайды. Боқтай берсін. Шын өмірде ондай нәрсе болған жоқ. Ал болып жатса біз дайынбыз, құдайға шүкір, қорықпаймыз.
— Жалпы қай елде тіл үшін шовинистік пиғыл қатты байқалады, қырғызда ма, қазақта ма?
— Өзіңіз де білетін шығарсыз Қазақстанның солтүстігі мен шығысындағы орыстардың мінезі мен оңтүстік жақтағы орыстардың мінезі басқаша. Менің бұрынғы жұбайым Өскеменнің қызы болған. Ол жаққа барғанда жергілікті орыстармен жыл сайын ұрсысып қалатынмын. Ол жердің орыстары әбден шектен шыққан шовинистер. Ал енді Алматыдағы, Шымкентегі орыстардың ондайға батылы жетпейді. Бішкектеде тура сондай. Қырғызстанның солтүстігінде, Чүй облысында орыстар басқаша. Әбден шектен шыққан шовинистер. Ал оңтүстігінде орыстар ондай емес, өздері қырғызша сөйлеп жүр. Бұлар көп болған жерде осындай болады екен.
Естеріңізге салсақ, былтыр тамыз айының 14-і күні Оғыз Доған Air Astana әуе компаниясы бортсерігінен өзіне қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап етіп, арты дауға ұласқан болатын. Бұл қылығы үшін әуежайда оған айыппұл салынады. Кейін Оғыз Доған аталмыш компанияны сотқа берген. Ал желтоқсан айының соңында іске нүкте қойылды.