Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады

Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті жағдай бар. Еліміз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде 1-ші орында және толық ядролық-отын цикліне ие.

  • 27 Тамыз
  • 5
Фото: ашық дереккөз

Бүгін Ерте ме кеш пе бәріміз референдум өтетінін жақсы білген едік. Енді Қазақстанда АЭС салу туралы халық шешім қабылдайтын күннің ауылы алыс емес, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Журналист Оңғар Қабден осы туралы өз ойын білдірді.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың сөзінше, референдум өткізу атом энергетикасын дамыту және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде салмақты шешім қабылдауға көмектеседі.

«Бүгін біз тарихи оқиға қарсаңында тұрмыз. Біз, қазақстандықтар, елімізде тұрақты, экологиялық таза және үнемді электр қуатының болуы үшін маңызды шешім қабылдауымыз керек. Бұл біздің болашағымызды айқындайтын шешім», — деді сала басшысы.

Біздің қоғамда атом энергетикасын дамыту мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатыр ғой. Бүгінде елімізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген. Шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Яғни, АЭС салуға дайындықсыз отырмыз деп ешкім уәж айта алмайды.

Иа, Сәтқалиев айтқандай, АЭС-тің артықшылықтары көп. Жаңа жұмыс орындарын құруға, экономикалық өсуді ынталандыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік бар.

Бұған қоса, атом энергетикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі рөлі туралы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвенциясында тайға таңба басқандай анық жазылған. Соған сәйкес, 2050 жылға қарай атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру туралы халықаралық декларацияға қол қойылды. Тек біз ғана емес әлемдегі дамыған, дамушы мемлекеттер АЭС салудың артықшылықтарына көз жеткізіп отыр.

Сонымен қатар, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті жағдай бар. Еліміз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде 1-ші орында және толық ядролық-отын цикліне ие. АҚШ, Қытай, Франция және Ресеймен бірлесіп уранды конверсиялау және байыту кезеңдерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 2021 жылы Үлбі металлургия зауытының базасында атом электр стансалары үшін дайын ядролық отын өндіретін зауыт ашылды, оның өнімі Қытайға экспортталып жатыр.

Тағы бір мысал, Ақтауда 25 жыл ішінде әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды ядролық реактор сәтті пайдаланылды.

Көріп отырғанымыздай, АЭС құрылысы тек энергетикалық және экологиялық міндеттерді шешіп қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Халықаралық серіктестермен бірлескен жобалар Қазақстанды уран өндіруде әлемдік көшбасшы ретінде ғана емес, атом саласындағы жоғары технологиялық шешімдерде де жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі.

АЭС салу біздің энергетикалық тәуелсіз болуымызды және 2060 жылға дейін қабылданған көміртекті бейтараптық стратегиясын іске асыру жолындағы негізгі қадамға айналмақ. Референдум кезінде еліміздің энергетикалық болашағына қатысты тарихи шешім қабылдағалы отырмыз. Бұл біздің еліміздің ғана емес, болашақ ұрпақтың дамуын айқындайтын маңызды шешім екенін назарда ұстау керек деп санаймын.

«Соңғы сөзді Халық айтсын! Референдум сол үшін ғой»,- деп аяқтады пікірін журналист.