Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Компания өкілдерінің айтуынша, Vulcan атты робот жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі датчиктерді қолданады. Сол арқылы ол қораптың салмағын сезіп, манипуляторлармен қорапты сындырмай көтеру үшін қажетті қысым күшін есептей алады. Amazon-ның Вашингтондағы тапсырыстарды өңдеу орталығында Vulcan роботы жүктердің 75 пайызымен жұмыс істей алады. Компания мәліметінше, қоймада шамамен бір миллион сәлемдеме бар.
Amazon бұл «сезімтал роботты» күнделікті қайталанатын, ауыр және қауіпті жұмыстарды атқару үшін пайдаланатынын атап өтті. Робот 3,6 килограмға дейінгі заттарды көтере алады. Қазіргі таңда ол тек баспалдақсыз қол жетуі қиын жоғары сөрелерге орналастырылған сәлемдемелерді реттеумен айналысады.
Amazon Robotics бөлімінің жетекшісі Аарон Парнесс компания тірі адамдарды роботтармен толықтай алмастыруды жоспарламайтынын айтады.
Мен 100 пайыз автоматтандыруға сенбеймін, – деді ол.
Дегенмен 2021 жылдан бері IT-алпауыт қоймадағы роботтар санын 350 мыңнан 750 мыңға дейін көбейткен. Amazon-ның бағалауынша, роботтар компанияға 2030 жылға дейін 10 миллиард доллар үнемдеуге көмектеседі.