«Alem fighteters» кәсіби спорт клубының спортшысы, ММА шебері, Ережесіз жекпе-жектен WBK нұсқасы бойынша әлем чемпионы Республикалық және Халықаралық турнирлардың жеңімпазы Айбек Нұрсейіт Caravan.kz медиа порталының тілшісімен тілдесіп, өз ойымен бөлісті.
— Айбек сізді көпшілік қауым тек спортшы ретінде біледі. Алайда жеке өміріңіз жайлы бейхабар жандар көп. Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз?
— Мен Айбек Нұрсейітов 1994 жылы Еңбекші қазақ ауданында, Қазақстан ауылында дүниеге келгенмін. Кішкентай кезімнен спортқа жақын болдым. Ағаларымда мені спортқа баулыды. Мен екінші сынып оқып жүргенде әкем мені еркін күрес үйірмесіне алып келді. Содан аудан, облыстық турнирлерде жеңімпаз болып жүрдім. Сөйтіп жүріп жетінші сынып оқып жүргенімде «Дарынды балаларға арналған мектепке» түстім. Сол жерді тәмәмдап, кейін Алматыға ат басын бұрдым. Сосын еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер болдым. Біз университет оқып жүргенде спорттың ММА түрі дами бастаған еді. Сол кезде Ардақ Назаров ағамыздың “Alem fighteters” спорт клубына жазылдым. Сол жерден бастадым алғаш үлкен қадамымды.
— Дәл қазіргі сәтте немен айналысудасыз?
— Қазіргі таңда «Арлан ММА про» деген командадамын.Қазір Қазақстанның түпкір-түпкірінен осындай кәсіпқой боксшыларды жинап команда құрдық. Осы уақытқа дейін ММА-дан әлем чемпионатынан күміс жүлде иегері атандым. Жекпе-жектен Қазақстан чемпионымын.Евразиядан қола жүлде иегерімін. Республикалық турнирлердің жеңімпазы болдым. Сосын кәсіпқой спортшылар арасында да біраз жүлделерім бар.
— Қателеспесем Қытайда өткен жарыса қазақ қандасымызбен жұдырықтаспай қаншама жүректерді елжіреткен едіңіздер. Бұл алдын ала келісім болды ма? Әлде қалай?
— Иә, бұл сайыс 2016 жылы Қытайдың Нембо деген қаласында болып өтті. Бұл WBK деген Қытайда дүркіреп тұрған спорт додасы еді. Сол жарыста негізінен төрт спортшыдан бір жеңімпаз шығуы керек болатын. Ал мен бұл сайысқа он күн қалғанда тап болдым. Бапкерім Ардақ Назаров сөйлесіп, мені жіберетіндігін хабарлады. Өйткені қатысатын спортшы жарақатына байланысты сайыстан шеттетілген екен. Енді бұл сайыстың басты жүлдесі WBK белбеуі және қомақты қаржы болды. Және бұған үміткер менің қарсыласым болды Майкл Дубойс деген. Мен Майклмен шығам ал Ғабит француздық спортшымен шығатын болады.Содан кім жеңеді сол жаңағы басты жүлдеге ие болатын еді. Бұл жерде алдын-ала сөз байласу деген нәрсе болған жоқ. Өйткені мені жеңеді деп ешкім күткен жоқ. Өйткені француздық спортшының бойы да, салмағы да , тәжірибесі де менен әлде қайда мықты еді. Ал менің бұл кәсіпқойлар арасындағы алғашқы қадамым еді, оның үстіне тек он күндік дайындықпен келдім. Сосын мен қарсыласымды жеңіп шықтым. Ғабит та оны күтпеген еді.Мен өзім бір күн алдын салмақ өлшегенде, ертең сайыс деген күні түнде тұрып намазымды оқыдым. «Алла тағала француздық спортшыны жеңіп шығуыма көмектесші. Егер арғы жақтан Ғабит бауырым жеңіп шықса онда ең қайырлы жеңісті нәсіп етші»- деп дұға еттім. Сонымен сайыс басталды Ғабит негізі белбеу үшін соққыға жығып, жеңіске ұмтылу керек еді. Бірақ ол маған соққы берген жоқ. Менде оны түсіндім. Сосын біз күрестік. Қызыл белгі алып екеуімізді де шығарып жіберді. Бірақ біз еш өкінбедік біз үшін қайырлы жеңіс қазақ бола тұра бір-бірімізді қанға былғамағанымыз еді. Ақша мен белбеуді бауырмалдылықтан жоғары қойған жоқпыз.
— Қанша уақыттан бері Ардақ Назаровтың клубында жаттығасыз?
— 2015 жылдан бері Ардақ Назаровтың клубында жаттығамыз. Әлі де сол клубтың атынан сайысқа шығамын. Жақынға құрылған «Арлан ММА про» клубында да бармын. Осы командада жұмыс жасап жүрмін. Команда құрамында 30 шақты спортшы бар. Бұл енді дайын кәсіп қой. Ал “Alem fighteters” клубында 5 жастан бастап қызығушылығы бар балаларды алып келіп қатыстырады.
— Клубқа балаларды алып келсе, оны қабылдағанда неге мән бересіздер?
— Баланың қабілетіне қараймыз. Батыр майданда шынығады дейді ғой. Кез-келген баланың спортқа қызығушылығы жаттығу кезінде белгілі болады. Жүре келе дамиды. Шынығады белгілі бір уақытта өзі дайын бола бастайды сайыстарға.
— Жалпы болашақтағы арман, мақсатыңыз қандай?!
— Негізі адам баласында арман таусылған ба? Ал спорттағы арманыма келсем, кез-келген ММА спорт түрінде жүрген спортшының мақсаты ол UFC белбеуіне ие болу. Бұл әлем бойынша ең мықты нөмір бірінші ұйым ғой. Ал бұған алғаш қытайдың қазағы Жұмабек Тұрсын шықты сосын орынбордың қазағы Дамир Исмагулов ал Қазақстаннан жақында Мария Агапова шықты, сосын Жалғас Жұмағұлоы шықты. Осы ұйымның бір салмақта болсын бір белбеуән елге алып келу меніңде арманым.
— Қазіргі өсіп келе жатқан балалар қандай спорт түрімен айналысқан дұрыс? Еркін күрес пен ба әлде классикалық спорт түрімен ба?
— Қай спорт түрін таңдаса да сол жақтың жілігін шағып, майын ішу маңызды. Кім қандай спортты қаласа түбі бәрібір кетеді. Балаңызды классикалық спортқа берсеңіз оның қызығушылығы еркін күресте болса ,ол түбі сонымен айнлысады. Сосын тек спортшы ретінде ғана тәрбиелемеу керек. Оны ізгілікке, бауырмалдыдыққа, патриотизмге баулып тәрбиелеу керек. Сонда ғана жақсы нәтиже шығады.
— Сіз өзіңіз еркін күреспен әлі күнге дейін айналысасыз ба? Қандай марапаттарыңыз бар?
— Мен енді ауылда кезде бізде тек еркін күрестің үйірмесі ғана болды. Сол себепті әкем мені сонда қатыстырды да қызығушылығым артты. Басқа спорт түрлерін жақсы көрем әрине. Оның үстіне мен мектеп бітірген соң еркін күрестен кеттім үш, төрт жылдай спорттан алыстадым. Себебі оқу орынына түстім, басқа мамандық таңдадым. Кейіннен төртінші курска келгенде осы ММА спорт түрі шығып, дамып жатқандықтан осы спорт түріне келдім.