Айдос Сарым: Үгіт-насихат барысында кандидаттар өз сөздерін ашық айтып, үгіттеуге мүмкіндік алды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Айдос Сарым: Үгіт-насихат барысында кандидаттар өз сөздерін ашық айтып, үгіттеуге мүмкіндік алды

Айдос Сарым: Үгіт-насихат барысында кандидаттар өз сөздерін ашық айтып, үгіттеуге мүмкіндік алды

 

  • 13 Мамыр 2019
  • 78
Фото - Caravan.kz

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат шаралары мен кандидаттардың белсенділігіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үгіт-насихат жүргізу науқаны бірнеше кезеңнен тұратыны анық. Қазір тіркелу үдерісі аяқталып, үгіт-насихат жүргізу жұмыстары басталып кетті. Үгіт-насихат барысында кандидаттар өз сөздерін ашық айтып, халықты өздеріне дауыс беруге үгіттеуге мүмкіндік алды. Осы кезеңге дейін көріп отырғанымыз: іштеріндегі ең белсендісі — Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық штабы. Оның бөлімшелері бүкіл аймақ-аудандарда құрылып жатқанын естіп жатырмыз. Жалғыз ғана билборд ілуден ғана алға шықты деп айтуға болады. Алматы қаласында көріп жүргенім: әрбір кандидаттың шама-шарқынша билбордтары ілінген сияқты. Әлі де болса, бірақ штабтардың жұмысында кідіру бар секілді. Себебі, кейбір штабтар стендтерге кандидатының өмірбаяны немесе басқа да мәліметтерді уақытында іліп үлгермепті», — дейді Айдос Сарым.

Саясаттанушының айтуына қарағанда, интернеттегі белсенділікте де Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы жақсы жұмыс жүргізіп жатқаны байқалады.

«Осыған байланысты Матрица.кз сайтында жақсы бір талдау материалы жазылыпты. Ондағы мәліметке сүйенсек, әлеуметтік желідегі бүкіл ауқымдағы жазбалардың 74 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі екен. Екінші орында Әміржан Қосанов тұр. Себебі, Әміржан Қосановтың өзі де, оның қолдаушылары да әлеуметтік желіде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желідегі ең белсенділер — осы екі топ десек, қалған кандидаттардың үлесі шынын айту керек, 2-3 пайыздан аспай жатыр. Десе де, олардың әлеуметтік желіні пайдаланып қалу мүмкіндігі бар сияқты», — дейді ол.

Айдос Сарым өз сөзінде «фейсбукстан» үрдісінде де үлкен күш барын айтады.

«Біздің Қазақстандағы ең саясиланған әлеуметтік желі ол — фейсбук. Бірақ, өкінішке қарай ма, әлде бақытқа қарай ма — өмір фейсбукпен шектеліп қалмайды. Фейсбукте белсенді деген қалада немесе саясатқа қатысы бар адамдар отырады. Олардың белсенділігі жалпы барша қазақстандықтың белсенділігін танытпайтыны анық. Сондықтан, фейсбуктің ішіндегі тайталас айналып келгенде сайлаудың нәтижесі болады дегенге сену қиын», — дейді саясаттанушы.

Айдос Сарым ең көп адам отыратын Инстаграм желісінде де негізгі салмақты кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев екеніне көзі жетіп отырғанын атап өтті.


«Өз басым әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін абсолюттендірудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол — белгілі бір көрінісі, ішінде не болып жатқанын көрсететін жақсы мүмкіндік. Десе де, Қазақстанның қоғамы мен фейсбук тең ұғым емес. Екеуінің үлкен айырмашылығы бар. Сайлауға көбіне-көп қарттар мен орта буын барады деп есептесек, олардың көбі интернетте мүлде жоқ. Дауыс берген кезде сол себепті нақты нәтиже мүлде өзгеріп кетуі мүмкін. Мәселен, «Брексит» болған кезде Британияның жастары «біздің пікіріміз ескерілмеді» деп тулаған болатын. Бірақ, оларға тек неге дауыс беруге бармадыңдар деген бір ғана нақты жауап болды», — дейді ол.

Саясаттанушы өз сөзінде сайлауға жастар ерекше белсенділік танытып жатқанын байқағанын айтады.

«Ірі қалаларда, әлеуметтік желілерде жастардың арасында үлкен белсенділік байқалады. Сайлау күні бақылаушы болайық деген жастардың саны артып келеді. Бұл менің ойымша, жақсы үрдіс. Себебі, жаңа буын, жаңа толқын сайлаушылардың легі келе жатыр. Оларға жақсы мүмкіндік берілуі керек. Сайлауға бақылаушы болу — олардың азаматтығын, мемлекет өміріне атсалысу үрдісіне ықпал ету керек деп есептеймін», — деп түйді сөзін Айдос Сарым.

Еске сала кетсек, 11 мамырда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат шаралары басталған болатын.

Биылғы сайлау осымен алтыншы рет өтіп отыр. Осы жолы ҚР Орталық сайлау комиссиясы жеті кандидатты тіркеді. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясынан -Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан — Төлеутай Рахымбеков, Қазақстанның коммунистер партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан Әміржан Қосанов, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Сәді-Бек Түгел, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева бар.

 

Соңғы жаңалықтар