«Ең қызығы, еліміздің жалпы тұрғындарының санына шаққанда әйелдер ерлерден бірнеше пайыз асып түседі. Сонымен қатар көптеген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі көрсеткеніндей, әйелдер білімді болып келеді. Екі немесе одан да көп жоғары білімі барлар жиі кездеседі. Соған қарамастан, еңбек нарығында олар қысым көріп жүр. Сұраныс негізінен ерлерге түседі. Әйелдерге кем сұраныс болатындығының басты себебі, олар отбасы, бала-шаға, басқа да түйткілді мәселелерге көбірек назар аударатындықтан, жұмыс берушілер оларды өздеріне жұмысқа алғысы келмейді», — деп түсіндірді Комиссия хатшысы.
«Сонымен қатар, ерлер отбасы түйткілдеріне аз назар аударады, екінші сөзбен айтқанда, олар әйелдер сияқты ондай нәрсеге жандары қатты ауырмайды. Сосын күш-қайрат жағынан олардың басымдығы айқын. Ал дене күшін көбірек қажет ететін бос жұмыс орындары бізде аз емес. Сондықтан, табиғатынан нәзік болғасын әйелдер ондай жұмыстарды атқара алмайды», — деп санайды психолог Наталья Семененко.
Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлағанындай, жұмыссыз жүрген әйелдердің көпшілігі әлеуметтік қорғауға өте мұқтаж адамдар. Олар оқитын әйелдер, мектепке дейінгі және мүгедек балалары бар, жалғызбасты, көпбалалы немесе зейнет жасының алдындағы әйелдер, сондай-ақ, түрмеден босаған және соттың шешімімен мәжбүрлі емдеуден өткен әйелдер.