Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Тіпті жүргіш болса да, баласы басқадан болса да, қол көтеруге, өлтіруге ешкімнің қақысы жоқ екенін түсінбейтіндер барда өмір сүру қорқынышты.. Әйел күйеудің меншігі емес екенін түсінбейінше, бұндай қаныпезерлік тоқтамайды.
Не жағдай орын алса да, қол көтеруге болмайды! Кешіре алмайтын нәрсе болса, айрылысып кет, екі бөлек кетіп қал. Нүкте! Әйелі — күйеуінің, күйеуі — әйелінің меншігі емес. Екеуі екі тұлға. Қателесті ме, сүймейсің бе, ол сүймей ме, ұнамай ма, өмірін қорламай, айрылысып кетіңіздер. Жалпы үйленіп, тұрмыс құрар алдын кіммен байланысқандарын тексеріп алғанға не жетсін..
Көңілдеріңізге келсе де, таяқтың бір ұшы өзіме тисе де, айтайын, әйелге қол көтеретін, әйелді өзінен төмен санайтындар, көбіне оңтүстіктің жігіттері. Бишімбаев та біздің жақтың адамы..Өкінішті. Өзегіңді өртейтін өкініш. Әрі туған жеріңнің жігіттерінің (бәрінің емес, әрине) төмендеу түсініктері үшін ұяттан жерге кірердей болады екенсің..
Күзде бір үлкен іс-шараға барғанда айтқан бір әпкемнің сөзі еске еріксіз түсті. Сол жиында түсініксіздеу, жайсыздау оқиға орын алды. Сонда “әпке, ана жігітке сіз сонша сөз айтқанда, мен іштей қорқып тұрдым, бетіңізден алып, қарсы айғайласа, не істеймін деп, зәрем қалмады”-дедім.
— Ләзка, біздің жақтың жігіттері (солтүстік өңір) қанша жерден мінезді, батыр болса да, әйелге қарсы сөз айтпайды. Әйел шектен шығып бара жатса, өзі шығып, кетіп қалады. Әйел затына қол көтермек түгілі, қатты да сөйлемейді. Ол қорыққандарынан емес, біздің жігіттер әйелмен керіскенді еркектік деп санамайды. Сен оңтүстіктің жігіттерінің сондай әдетін білгесін, қорыққансың ғой. Біздің жақта ондай жоқ. -дегенде, ұялғаным да, риза болғаным да есімде.
Бұл жерде жерге бөліп, біреуді кемсітіп, не біреуді көтеру мақсатында емес, “дос жылатып айтады” деген ниетпен жазып отырмын. Бәріміз бір қазақпыз. Демек, қазақта әйелге қол көтеру болмаған ғой. Қызды төрге отырғызып, құрметтеген, бетін жаппаған, өзгелер секілді. Бұндай сұмдық әдет қайдан келді, сонда?", — деп жазды адвокат Ләззат Ахатова.