Нострадамус не депті?
Кей зерттеушілер ортағасырлық сәуегей Мишель Нострадамустың кейбір катрендерін (төрттаған өлең түрінде жазылған болжамдар) саралай келе, ол 2017 жылға мынадай болжам айтқан деп отыр:
«Иран мен Түркияның арасында үлкен қақтығыс туындайды.
Бұл жылы мұсылмандар мен христиандар арасында соғыс басталуы мүмкін.
Латын Америкасында халық жаппай бас көтереді.
Еуроодақ экономикалық, қаржылық дағдарыстан қиналады. Әсіресе Италияға тіпті қиын болады, онда жұмыссыздық көбейеді, несие алу қиындайды.
АҚШ жаңа жылға жаңа Президентпен аяқ басады. Бұл елді басқару қиындай түседі.
Еуроодақтың күш салуы арқасында Ресей мен Украина татуласуы мүмкін.
Адамзатқа қажетті ресурстар азаяды. Жаһандық жылыну күшейіп, көптеген табиғи апаттар орын алады».
Ванга айтқан деседі
Әйгілі болгар сәуегейі Ванганың болжамдары да жарияланып жатыр. Кей зерттеушілердің пайымынша, ол 2017 жылға мынадай болжам жасаған деседі:
«Әлемнің әр түкпіріндегі түрлі соғыстардың кесірінен экономикалық ахуал нашарлайды, көп жерді аштық жайлайды, өмір қиындай түседі. Бір ірі соғыс басталып, көп адамдардың өмірін үзеді.
Көп елдерде билікке талас жолындағы күрес күшейеді, кейін ол азық-түлікке қатысты күреске ұласады. Өйткені көп елде аштық болады. Адамдар әділдік пен заңдылық дегенді ұмытады, күрес-таласта кім күшті болса, сол жеңіске жетеді.
Әлемдік дағдарыс күшейіп, көптеген қиындықтар орын алады. Бұл қиындықтан Ресей алдымен шығады, кейін ол өзге елдердің де дағдарыстан шығуына жәрдемдеседі. Қытаймен және Үндістанмен ынтымақтаса отырып, Ресей әлемдегі басты жетекші мемлекетке айналады.
Сириядағы жағдай қиындай түседі. Еуропада соғыс басталып, ол 3-ші Дүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін. Мұсылмандармен арада соғыс болып, онда ядролық қару қолданылады».
Кейсидің болжамдары
Енді бір зерттеушілер ХХ ғасырда өмір сүрген медиум Эдгар Кейсиді былай деп «сөйлетіп» жатыр: «Климат қатты өзгеріске ұшырайды. Табиғаты тұрақты жерлер мен субтропиктерде тропикалық климат орнайды.
Жапония, Солтүстік Еуропа, Америка түгел, Гренландияның көп бөлігі су астында қалады. Жер сілкіністері көбейеді, Кариб теңізінде жаңа аралдар бой көтереді. Оңтүстік Америкада күшті жер сілкіністері орын алады. Әлем картасы өзгереді, ол өз кезегінде экономикалық және саяси беталыстарды өзгертеді.
2017 жылы қазіргілерден ДНК-сы мүлде өзгеше, зақымданған жағдайда өздігінен тез қалпына келе алатын жаңа, мықты адам тұқымы пайда болады».
…Міне, тарихта бұрынғы-соңғы өткен әйгілі сәуегейлер 2017 жылдың қандай болмағы жөнінде осылай деген көрінеді. Мұны олардың болжамын зерттеушілер айтып отыр.
Әрине, алда не болатыны бір Құдайға ғана аян. Ендеше, алдағы уақыттар тек қана жақсылығын әкелсін деп тілейік.