Айшат Бақытова: "Әрқашан арманға қарай қадам басу керек" - kaz.caravan.kz
  • $ 493.85
  • 519.04
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
15 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Айшат Бақытова: "Әрқашан арманға қарай қадам басу керек"

Айшат Бақытова: "Әрқашан арманға қарай қадам басу керек"

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты Айшат Бақытовамен таныс болыңыз. Айшат Toraighyrov University-де географ мамандығы бойынша оқып жатыр, сабақтан тыс кезде сүйікті хоббиімен айналысады.  

  • 13 Қараша 2023
  • 6931
Фото - Caravan.kz

«Мен жүгіруді, суда жүзгенді, оқығанды жақсы көремін, бұған қоса, кесте тіккенді, тоқығанды ұнатамын. Жалпы, жаңа салаларды зерттеп, барлық мүмкіндікті сынап көру арқылы үнемі жетілу қажет деп санаймын», — дейді Айшат Бақытова.

Музыка мектебін домбыра мамандығы бойынша бітірген Айшат бірнеше рет байқауға қатысып, Ресей мен Түркияда жүлделі орындарға ие болды. Әрі география пәнінен олимпиадалардың жүлдегері, «Елбасы медалі» жобасының алтын медаль иегері. Жаратылыстану факультетінің студенттік деканы болған бойжеткен қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. 2022 жылы өз жоғары оқу орнының үздік студенті атанды. Үнемі дамуды көздеген Айшат қазір академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Польшада оқиды.  

«Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясы туралы мектеп қабырғасында біліп, ұтып алуды мақсат тұттым. Университеттің алғашқы күнінен бастап өзімді белсенді студент ретінде таныттым. Мүмкіндігінше барлық жерге қатысып, жақсы дайындалдым, көптеген грамота алдым. Қордың стипендиялық байқауы меніңше, ең күрделі әрі ең абыройлы дүние. Ниет болса, бәріне қол жеткізуге болады, тек талпыну керек. Мен керемет ешнәрсе жасаған жоқпын, бірақ жетістіктерім достарым мен таныстарымды шабыттандырады, бұл үлкен мотивация», — дейді Айшат Бақытова.  

Айшат өмірдің өтпелі екенін, сондықтан мүмкіндіктерді мүлт жібермеуге кеңес береді.

 «Қалаған нәрсеге қол жеткізу керек, мақсатқа қадам қадам басу қажет. Арман жолында болсаңыз, жеңу-жеңілу маңызды емес. Ақыр түбінде бәрібір діттеген нәрсеге жетесіз. Уақытыңызды және өзіңізді бағалаңыз. Уақытты тиімді пайдаланыңыз. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, сәл тынығып алыңыз. Шешімі өзі-ақ табылады. Сабыр сақтай білген адам әркез дұрыс шешім қабылдайды», — деді Айшат Бақытова.