Жарияланды: 150

"Айуандықпен өлтіреді деп ойламадық": Нұр-Сұлтанда күйеуі 6 баланың анасын буындырып өлтірген

"Айуандықпен өлтіреді деп ойламадық": Нұр-Сұлтанда күйеуі 6 баланың анасын буындырып өлтірген Сурет - Stan.kz

Астана қаласының тұрғыны өз әйелін, алты баласының анасын басынан ағашпен ұрып, мойнындағы шарфымен буындырып өлтірген.

Жантүршігерлік оқиға өткен жылдың 28-қазанда орын алған. Содан бері артында қалған екі ұл, төрт қызы анасыз өмір сүруде. Кәмілетке толмаған төрт баласы қазір оңалту орталығында, ал үлкен ұлы Аян бауырларын қолына алуға еш көмек болмай тұр.

Бұл туралы "Ниет" тележобасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

"Полиция қызметкерлерінің айтуынша, анам мен әкем несие төлеп, үйге қайтар жолда келіспей қалған. Мүмкін ақшаға келіспей қалды ма ол жағын білмедім. Біздің үйден 100-150 метр жерде иесіз жаман үй болатын. Сол жерге келгенде артында келе жатқан әкем анамның басынан ағашпен  ұрған. Құлаған кезде мойнындағы шарфымен қылқындырып, сүйреп иесіз үйге тығып кеткен. Кейіннен өлтіріп алдым деп ойламадым дейді. Бірақ қалай олай болатын мен түсінбеймін. Оқиғаны ешкім көргемеген. Бөтен адамға жамандық тілемейсің, 23 жыл бірге тұрған, алты баласының анасын өлтіруге қалай қолы барды? Әлі күнге бұл сұрақ менің көкейімнен кетер емес. Неткен айуандық? Үйге келіп, балаларды тамақтандырып, ұйтауға жатқызған. Түннің бір жарымында "кіші ініме анаңды таптым, құлап қалыпты" деп тастап кеткен жеге алып барған. Інімнің ойында дым жоқ, құлап қалған деп ойлап үйге дейін көтеріп әкелген. Үйге келіп мойнындағы байланған шарфын шешіп едім бір рет дем алды деп айтты. Ол сөз өмірі көкейінде қалып қойды ғой", - деген Аян Төлеуғазин кішкентай бауырлары үшін қатты алаңдаулы. 

Семейдегі ата-анасы мен бауырларына көмектесі үшін 22 жасар Аян Нұр-Сұлтанға жұмыс жасауға келген. Анасының қайтыс болғанын таңғы 4-ке таяу есіткен ол басында мүлде сене алмағанын, бір сәтке есін жоғалтып, не болып жатқанын бақылай алмай, сандырақтап қалғанын айтады. Ақшасын жинап, ата-ана бауырларын астанаға әкеліп, үлкен бір отбасы болып, келін әкелсем, анам немере сүйсе деген арманы бар болғанын айтып көзіне жас алып қалды. 

"Өзінің алты баласын туған әйелін не себепті өлтіргенін түсіне алмаймын. Жарайды мені ойламай-ақ қойсын. Өз қолым өзіме жетті, тамақ тауып жей аламын. Қарындасым да кәмілетке толған. Бірақ неге төрт баланы ойламады? Санамда жалғыз осы сүрақ бар. Сол кісіні көрсем сіз неге ойламадыңыз деп сұрағым келеді. Төртеуінің өмірін неге ойламадың?"- дейді егілген Аян Төлеуғазин.

"Балалардың үлкені болғандықтан, алты баланың атынан кешірім хат жазып беруімді сұрады. Маған жазып беру дым да тұрмайды. Мен ол кісіге жаманшылық ойламаймын. Ар жаққа отырғызғым келмейді. Алла өзі жазасын берер. Барлығының көзінше жазып кешірімді жазып бердім", - деген Аян бауырларын өзіне қайтарып алуға әкесінің туыстары көмектеспей отырғаны жанына бататынын айтады. 

"Ағайын-туыстарыма бізге көмектесіңіздер айттым. Барлығымыз бір қаннан тарағанбыз, бауырларыңздың баласымын балаларды алуға көмектесіңіздер дедім. Басында "иа" дегендей болған. Кейін көмектескісі келмейтінін түсіндім. Қазіргі таңда балалар оңалту орталығында. Хабарласқан сайын "қашан келесің, қашан алып кетесің, неге ұзақ болып кетті, біз саған керек болмай қалдық па, бізді балалар үйіне алып кетеді ғой, тездетсейші" деген сұрақтар қояды. Содайда не деп жауап айтам деп жүрегім ауырады. Тағы да қанда сылтау айтсам болады деп ойлаймын", - деген Аян бауырларын тездетіп өзіне алуға қанша құжат толтырса да бір өзінің шамасы жетпей отырғанын, қаржы жағынан да қиналып отырғанын айтады. 

Марқұмның сіңлісі Сайрангүл Сәрсенқызы күйеу баласының мұндай айуандыққа барғанына әлі күнге кешіре алмайды.  

"Сіңлімді мынадай айуандықпен өлтіреді деп ойламадық. Өлтіріп бір жерге тастап кеткен. Сіңлім ол жерде қанша жатқан. Содан қайта барып, өз баласына көтергізіп үйіне әкелген. Сіз ойлаңызшы қандай  хайуандық?" - деген ол күйеу баласының мінезінде қатаңдық болғанын жасырмады. 

"Күйеу баламыздың туғаннан құлағы естімей қалған. Алмагүл Бауыржанның екініші жолдасы... Естімеген соң қаталдау еді. Өзі тапқан-таянғанын балаларының желкесінен шығарып отыратын сараңдау, тиын санап қалған азамат еді", - дейді марқұмның сіңлісі. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін