1 қазанда Павлодар қаласы №2 сотында Арон Атабекке қатысты оның науқастануына байланысты бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы ұсынысы қаралды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық сотына сілтеме жасап.
Сотталушы "Омыртқаның мойын бөлігі омыртқааралық дискісінің миелопатиясымен зақымдалуы, жұлынның мойын бөлімі деңгейіндегі дегенеративті — демиелинизирлеуші ауруы" және тағы басқа емделмейтін аурумен ауыратыны анықталған.
Аурудың бұл түрі ҚР Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 19 тамыздағы №530 бұйрығымен бекітілген науқастануына байланысты жазасын өтеуден босатудың негізі болып табылатын сотталғандардың аурулар тізбесіне кіреді.
Сот шешімі бойынша, Заң талаптарына сәйкес, (ҚК-тің 75 бабының 2 бөлігі), өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергi жасайтын ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
Заңда баяндалған мән-жайлар мен процесске қатысушылардың пікірін ескеріп, сотталған тұлғаға бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзіміне пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеуіне ауыстырылды.
Сот шешімімен келіспеген жағдайда сотталған тұлға және процестің басқа қатысушылары апелляциялық сот сатысына шағым түсіруіне құқығы бар.