Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев ата-аналарға үндеу жолдап, дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ай өткен сайын төрт аяқты адамдар қатары көбейіп барады. Олар мысыққа, итке, қасқыр, сілеусін сынды жануарларға еліктеп, солардың күйін кешуде. Олар тіпті маяулайды, үреді, ұлиды. Ол аздай, жануарлардың тамағына дейін жейді.
Шетелдерде төрт аяқты хайуанға еліктегендердің адамдарды тістеп, тырнаған әрекеттері тіркелген. Осылайша адамдар адамшылыққа емес, нағыз айуандыққа қадам басып жатыр. Бұл бір жұқпалы ауру жасөспірімдердің арасында белең алып жатыр.
Депутаттың айтуынша, бұл — субмәдениет. Бұның артында өзге күштердің үлкен бизнесі тұр.
«Балаларыңыздың жануарға айналуы әрине қорқынышты, ақылға қонымсыз нәрсе. Дегенмен бұл қоғам үшін қауіпті дерт. Оның алдын алуға ат салыспасақ, ертең ұрпақтың тамырына балта шауып алуымыз мүмкін. Керек болса, біздің тарапымыздан тиісті заң шығаруға дайынбыз. Сондықтан ата-аналар балаларыңызбен сөйлесіңіздер. Президент үнемі айтады, қоғамда заң мен тәртіп бірінші орында тұруы керек, сондықтан барынша сақ болыңыздар», — дейді депутат үндеуінде.
Квадробер деген кім?
Квадробика — ол спорттың бір түрі. Жарыста адамдар жануарлардың іс-әрекеттерін қайталайды. Түсінік «квадро» — «төрт» және «аэробика» сөздерінің бірігуінен пайда болған. Квадробиканың негізін қалаушы жапондық спринтер Кеничи Ито болып саналады. 2000-шы жылдардың басында ол жүгіруді қоса алғанда, маймылдарша жүрудің алты тәсілін ойлап тапқан. 2008 жылы Ито Гиннесстің рекордтар кітабына кірді. Ол 100 метрді төрт аяқтап 18,58 секундта жүгіріп өткен.
Квадробиктің екінші ажырамас бөлігі — жануарлардың костюмдері. Жасөспірімдер беттерін жауып тұратын маскалар тағып, жануарлардың құйрықтарын жабыстырып алады. Оларды тапсырысқа жасатады, немесе өздері әзірлейді. Квадоберлердің өмірі мен салты туралы видеолар әлеуметтік желіде толып тұр. Әсіресе Youtube-та.
Алғашында тек спорт түрі, кейінірек жасөспірімдердің хоббиі ретінде пайда болған бұл қызуғышылық қазір қауіпті дертке айналуда. Яғни, адамдар шынымен де айуандыққа қадам басып жатыр. Бала немесе жасөспірім өзіне ұнайтын жануарды таңдап, соның әрекетіне еліктейді. Оны өз өмірінің бөлігіне айналдырады. Жануардың маскасын тағып, құйрығын жалғап, әрдайым образда жүргендіктен, мектептегі үлгерімі, қоғамдағы рөлі, достары мен ата-аналарымен қарым-қатынасы нашарлайды. Ал жануардың тамағын жегендері денсаулығына, азқазанына кері әсерін тигізіп жатыр. Тіпті образдан шыға алмай, өзі таңдаған жануар не істесе, соны жасайтын жағдайға жетіп жатқаны да қорқынышты. Көрші елдерде аталмыш квадоберлердің көшеде төрт аяқтап жүріп, адамдарды тістеп, тырнаған жағдайлары да тіркелген.
Дәулет Мұқаев бұл дерттің біздің елде белең алмауы үшін ертерек тиісті шараларды қабылдауымыз керек дейді. Қазір аталмыш дерт Еуропа мен АҚШ елдерінде ушығып барады, тіпті Ресей мен Өзбекстанда да тіркелген. Сондықтан квадроберледің әрекетін құзырлы органдар мұқият зерттеуі керек. Ал ата-аналар балаларының іс-әрекетін бақылап, шектен шығып кетпеуін қадағалуына кеңес берді.