«Әкемді көру арманым»: Белгілі блогер «Супер әке» Серік 60 мың айлыққа қалай күн көргенін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Әкемді көру арманым»: Белгілі блогер «Супер әке» Серік 60 мың айлыққа қалай күн көргенін айтты

«Әкемді көру арманым»: Белгілі блогер «Супер әке» Серік 60 мың айлыққа қалай күн көргенін айтты

 

  • 20 Сәуiр 2023
  • 901
Фото - Caravan.kz

Танымал блогер, көпшілікке «Супер папа» есімімен танылған Серік Тілеулесов отбасындағы ел білмейтін құпияларымен бөлісіп, Caravan.kz медиа-порталына экслюзивті сұхбат берді. Блогердің айтуынша әкесін көрмей өскен ол, кішкентайында балалары мен әйеліне, анасына ерекше қамқор көрсетемін деп уәде берген екен.

— Серік, сіздің отбасыңызға қарасақ, шынымен ыдыс-аяқ сылдырамайтын, үлгілі, нағыз бақытты отбасы дерсіз… Өзіңіздің де «Супер әке» деген атағыңыз бар. Осы атқа лайық болу жалпы қаншалықты қиын? Блог жүргізу ойы қайдан пайда болды жалпы?

Менің әкем мен дүниеге келмей тұрып, жол апатынан қайтыс болған. Мен әкем Серік дүниеден өткеннен кейін алты айдан соң өмірге келгендіктен, атымды Серікжан қойған. Бәрі әкем қайтыс болған соң, соның ізі ретінде мен өмірге келдім деп, осындай ат қойған. Сөйтіп анам жалғыз қалған. Кішкентайымда әкемнің қандай керемет жан екендігін бәрі айтатын. Өзімнен үлкен әпкем бар, әкем марқұм сол әпкемді өзі жуындырып, бағып-қаққан. Сөйтіп бала күнімнен, өскенде әкем сияқты балажан боламын деп ойлайтынмын. Анам 6 жасымда туберкулезбен ауырып, мені мектепке осы аурумен ауырған отбасылардың балалары баратын интернатқа сабаққа берді. Сол кезде ата-анамды қатты сағынатынмын. Сонда өз балаларым ешқашан мен сияқты әке-шешесін сағынбайтын болады, мен олардың үнемі жанында боламын деп өз-өзіме айтатынмын. Отбасым мен балаларымды да сол себепті де бірінші орынға қоятын шығармын. Үйленіп, балаларым, әсіресе қызым дүниеге келгенде де қатты қуандым. Бір күні теледидардан «Супер папа» деген бағдарлама көрдім. Сөйтіп соларға хабарласып, бағдарламаға қатысқым келетінімді айттым. Бағдарламаны дайындайтындар қатты таң қалды, себебі олар керісінше осы жобаға қатысатын әкелерді таба алмайды екен, тіпті мен өзім бірінші рет қатысқым келетіні туралы айтқан әке болыппын. Бағдарламаға қатысып, сол жылы жеңімпаз болдым, ұлым дүниеге келген соң тағы қатысып, тағы жеңімпаз атандық. Сөйтіп мені біліп-танитын адамдардың арасында «Супер папа» болып шыға келдім. Жұбайым сол жылдары «супер мамаситаны» көретін, маған да сол идея келіп, желіде осы бағытта жұмыс істеймін деп шештім.

— Вайнды да өздеріңіз түсіресіздер ғой?

Иа, бала кезімде диджей болып, КВН-ға қатысатынмын. Оның бәрі өмірден алынған ғой? Мысалы біздің үйде бір қызық оқиға болып жатса, соны түртіп алып, видеоға түсіре қоямын. Сосын желіге саламын, сөйтсем жалғыз біздің отбасы емес, барлық отбасында сондай қызық жағдайлар болып жатады екен.

— Блогерлер ақшаны көп табады дейді… Құпия болмаса сіз жарнама, сторис үшін қанша аласыз?

Негізі блог жүргізу өте қиын. Сізде не демалыс, не сенбі-жексенбі күндерің жоқ, үнемі аудиторияға контент ұсыну керек болады. 6 жыл болды, күн сайын адамдарды жалықтырып жібермейтін, керісінше оларға қызықты ақпарат ұсыну, ойлаңызшы, қанша уақыт пен энергияны қажет етеді? Бастапқыда болгымды бастаған кезде, ақша табуды шыны керек ойламаппын. Бірінші жарнамаға дейін біз екі жыл бойы жай ғана видео түсіріп жүрдік. Сол кезде адамдардың пікірі, жай ғана қаралымға балаша мәз болатынмын. Бір күні ролик жасайтын клубтан хабарласып, 20 мың теңгеге видео түсіруге ұсыныс түсті. Ол кезде бухгалтер болып, 60 мың теңге айлыққа жұмыс істейтінмін. Сонда ғана алғаш рет үш сағат жұмыс істеп, айлығымның үштен бірін шығарады екенмін деген ой келді. Сөйтіп өз жұмысымнан шығып, блогерлікке бет бұрдым. Қазір иа, блогерлерге сұраныс көп, жарнама жасаудың ең тиімді құралы шығар. Бұған жалпы мен бизнес ретінде қараймын. Өзіміздің ИП бар, бәрі заң жүзінде, өзім де бухгалтермін, бұл істің қыр-сырын білемін. Жарнаманың бағасы әр түрлі, мысалы жақсы жарнаманы 200 мың теңгеге түсіруге болады. Кейде 100 мың теңгеге де түсіріп жатамыз, кейде жеңілдіктер сұрап жатады. Жалпы блогерлер арасындағы бағасы арзан, ең қарапайым блогер шығармын.

— Соңғы кездері сіздерді көп сынға алып жатады. Неге? Адамдар көре алмай ма? Әлде блогерлердің де артық кететін жерлері бар ма?

Иә, хейтерлер көп, бірақ біздің отбасымызға қатысты сын айтылып жатқанын естімеппін. Бізде бәрі өмірден алынған ғой? Біз қашан да бақытты отбасы, балаларды көрсетеміз. Кейде әрине блогерлердің өздері де кінәлі болып жатады. Сөзінде тұрмайды немесе белгісіз ұтыстарды ойнатады, содан кейін халық ондайдарды қайдан сыйласын? Мүмкін халық та блогерлерді бір сторис салып, қыруар ақша табады деп ойлайтын шығар. Себебі көбісі 8 сағат бойы, аптаның 5-6 күнінде жұмыс істейді ғой? Бірақ айтарым, блогерлік те оңай жұмыс емес. Кез келген салада еңбектену керек, онсыз болмайды.


— Тамақты керемет дайындайсыз? Кімнен үйрендіңіз?

Тамақ пісіруді әжем үйретті, жазғы демалыста әжемізге мен сияқты немерелері көп баратынбыз. Сол кезде бәрі жұмысқа кететін, біз әжемізге көмектесетінбіз. Мен қамыр илеп, оны жаюды ұнататынмын, сол кезде әжем: «бұл да бір қажетіңе жарап қалар» дейтін. Кім білген блогер болып, оқырмандарға мантыға қамыр жаюды үйрететінімді?

— Қазір «абъюзерлік» деген ұғым пайда болды… Тоқал тақырыбы да әлі жиі талқыланады… Осыған қатысты сіздің де пікіріңізді білсек деп едік?

Мүмкін қазір әйелдер ер адамдарға қарағанда көбірек ақша табатын болды, бәлкім содан шығар. Ер адамдар табиғатынан әйелдерге қарағанда жалқау ғой? Сөйтіп үйде отыра бастайды, бұл оларға ұнамайды. Одан кейін әйелдерден жоғары екенін көрсеткілері келіп, қол жұмсай бастайды, оған үстемдік еткісі келеді. Балалардың тәрбиесі де ақсап жатыр, олар үйде не көрсе, өскенде соны істейді. Тоқал алу тақырыбына келер болсам, оған өз басым қарсымын. Әйел адам ер адамның айнасы деп ойлаймын, яғни сен оған қалай әрекет етсең, ол да саған соны көрсетеді. Енді мысалы әйелдерді еркектердің орнына қойыңызшы… Кім әйелінің бірнеше күйеуі болғанын қалайды? Әйелдердің жағдайында да дәл солай. Махаббат өмірде тек бір қана берілетін алып күш қой? Оны қалай бөлуге болады?

— Ыдыс аяқ сылдырамайтын үй жоқ дейді… Сіздерде ондай жағдайлар болатын шығар? Қалай шешесіздер ондай мәселені? Бір-біріңізге кешіріммен қарайсыздар ма? Бақытты отбасы болудың құпиясы неде?

Біз бір-бірімізді әбден танып-біліп үйрендік, себебі қыз-жігіт ретінде 6 жыл жүрдік. Яғни үйленген кезде оның бойындағы барлық кемшіліктерді білдім, ия мүмкін отбасылық өмірдің бастапқы 2-3 жылы қиын шығар, сосын бәрі түзелу керек. Дұрыс айтасыз, кешірімді болу керек. Біз ұрсыса бастасақ, мен бөлмеден шығып кетемін, 2-3 сағатта ашуымды басып, сосын барып сөйлесеміз, әйелімді де соған үйреттім. Егер сол кезде дауласып, ұрысып тұрып алсақ, баяғыда ажырасып кететін бе едік.

— Өзіңізді қаншалықты халыққа жақын блогермін деп ойлайсыз?

Өмірде вайндағыдай өте қарапайым адаммын, адамдар келіп, суретке түсіп жатқанда қалай асығып тұрсам да, ешқашан көңілдерін қалдырмауға тырысамын. Блогер болу адамдардан артық болу деген сөз емес, бұл менің бухгалтерлік сияқты жай ғана жұмысым. Қайырымдылықпен де айныласамыз, Талғарда өзіміз үнемі көмекесетін 4-5 отбасы бар. Ондайды желіде көп көрсеткім келмейді.

— Энергияны қайдан аласыз?

Әрине балаларымнан. Түнде ертерек, 10-дарда ұйықтауға тырысамын, себебі ұйқы қанғанда энергиям да көп болады. Үйде ұрысудан аулақ болыңыз, оның бәрі энергияны жеп қояды, керісінше тыныш, бақытты отбасы болуға тырысыңыздар. Әрине үнемі көңілді жүре беру қолдан келмейді, бірақ ондайда бұрынғы күндерімді еске алып, шүкір етемін. Таңертең денің сау, отбасың, балаларың аман болып ұйқыдан тұрудың өзі бақыт қой? Бізге не жетпейді деймін өз-өзіме… Өмір қысқа ғой, әр күнін бақытты өткізуге тырысу керек. Сосын табиғатқа баруды көп ұнатамын. Қапшағай, Бурабай, тауға шықсаңыз да, бір мезгіл тынығып, таза ауамен тыныстаған жөн. Үйде отыра бермеңіздер, өлгенше жұмыс істеп керек емес. Отбасыңызға, әйеліңізге көп көңіл бөліңіздер. Әйеліңіз бақытты болса, отбасыңыз, балаларыңыз да бақытты болады.

Әңгімеңізге рахмет!