Бұл туралы ол мәжілістің жалпы отырысында айтты, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Әкесі тәңірші, ұлы уахабист, келіні кришнайт, қызы иегованы иектеп жүрген отбасылардың трагедиясын көріп отырып,енді кімге қарап,кімнің бәтуасын күтіп отырмыз?
Жалпы елімізде радикалды деп танылған салафизм мен уахабизм және сонымен қатар иегова куәгерлері, бахаи сенімі, кришнаиттер және тб теріс ағымдағы секталар өріп жүр.
Еліне барлық діни ағымдарды кіргізген көп дінді, билеушілері мен күзетшілеріне дейін көп тілді елдер картадан жойылып кетті! Біздің ел бұдан сабақ ала ма, жоқ па”, — деді депутат.
Сондай-ақ, ол бұл ұлттық қауіпсіздік мәселе екенін атап өтті.
”Радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салу – Ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Мемлекет ең алдымен Ұлттық қауіпсіздікті қорғауға міндетті.
Біріншіден, радикалды ұйымдар қоғам тұрақтылығына қауіп төндіреді, елге іріткі салады.
Екіншіден, мемлекет өз азаматтарының қауіпсіздігін қорғауға міндетті.
Ол үшін қоғамдық тұрақтылықты сақтау керек.
Бұл – мемлекеттің негізгі функцияларының бірі.
Үшіншіден, егер мемлекет мұндай қауіптерге қарсы әрекет етпесе, бұл әлеуметтік қақтығыстарға; экстремистік әрекеттерге; қоғамдық тұрақсыздыққа алып келеді.
Қауіп төніп тұрғанда заң арқылы шара қолдану – ең дұрыс шешім.
Төртіншіден, заңмен тыйым салу – бұл бостандықты шектеу емес, қауіптің алдын алу.
Бұл — дінге қарсы емес, керісінше, дінді қорғау үшін теріс мақсатты ұйымдарға қарсы бағытталған шара.
Сондықтан діни радикализмге қарсы саясат – кез келген құқықтық мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясының маңызды бөлігі.
Бұл мұхитта адасқан кеменің соңғы SOS дабылы!!!
Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз…
Бұдан кейін кеш болады”, — деді Қазыбек Иса.