Жарияланды: 440

«Әкесімен жасты адамға жұдырық жұмсаған бұзақы ұсталды» - БАҚ-қа шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Жамбыл облысы Қордай ауданында ерекше электр стансасы іске қосылды. Бұл - еліміздегі күн сәулесінен қуат алатын алғашқы электр стансасы. Бұл станса Отар кентінің ма­ңайына орналасқан. Өйткені «Қазгидрометтің» деректері күн қуатын пайдалану үшін бұл жердің ауа райы өте-мөте қо­лайлы екенін растайды. Станса құрылысы өткен жыл­дың мамыр айында басталған. Жақында оның қуаты 504 ки­ло­ватқа жететін алғашқы кезегі

іске қосылды. Осы басылымда «Дауылдан кейін» деген тақырыппен материал берілді. «Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметі бойынша, өткен сенбі күні тұрған қатты дауыл Жамбыл өңіріндегі инфрақұрылымдарға 2,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірген. «Бірақ бұл сома бұдан да өсе түсуі мүмкін», дейді арнайы комиссия мүшелері. Жоғары кернеулі бағандарды құлатып, автокөліктерді аударып тастаған дауыл кезінде барлығы 31 адам әртүрлі деңгейде жарақат алыпты. Олардың 23-іне медициналық көмек көрсетіліп, 8-і ауруханаға жатқызылған. Ең бастысы, адам шығыны орын алған жоқ»,-деп жазады газет. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен төтенше жағдайға байланысты облыстық штаб өз жұмысын одан әрі жалғастыруда. Дауыл өтінде қалған аудандар мен олардың орталықтарында айтып келмейтін апаттан болған зардаптар қалпына келтірілуде. Бүгінде Қаратау қаласындағы барлық нысандарға жылу беріліп, орталық қазандық кесте бойынша жұмыс істеп тұр. Байланыс жүйелері де іске қосылды. *** «Айқын» басылымында «Аты-жөнді жазуда неге бірізділік жоқ?» деген тақырыппен сауалнама жасалған. Онда саясаттанушы Әзімбай Ғалидің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде азаматтардың аты-жөнін жазуда бірізділіктің болмауы көпшілікте орысшылдық басым да, құжатты ауыстыруға ниет жоқ. Аза­маттар бұл жұмыстың машақатынан қашады. Содан кейін мемлекеттік жігер болмай тұр. «90-жылдары мен өзімнің аты-жөнімді қазақша әріптермен жаздырып алғам. Алайда кейіннен банк секілді қаржылық ұйымдардағы құжаттарымда қазақша қаріптердің орнында бос орындар жүргенін байқадым. Сонда менің аты-жөнімнің үш әрпі жоқ. Қазіргі заманда қазақша қаріптерді танитын техниканы орнатуға мұндай ұйымдардың қаржылық жағдайы жетеді емес пе? Ал қарапайым азаматтар кеңес дәуірінен қалған «ов», «ев»-тардан арылғысы келсе де, осындай кедергілерден өтетін табандылық жетіспейді. Бұл мәселеде мемлекет не бітіреді екен деп күтпей, әркім өз есімінің дұрыс жазылғанын қадағалауы керек. Меніңше, бірінші адамның есімі, содан кейін әкесінің не атасының аты жазылғаны дұрыс. Ал лақап аттары болса, ол жақшаға алынсын»,-дейді ол. Сонымен қатар «Айқын» газетінде «Бұзақылық жасаған Бопатаев ұсталды» деген тақырыпта материал берілген. Естеріңізге сала кетейік, 10 қаңтар күні Алматыда Әуезов пен Шевченко көшелерінің қиылысында болған жағымсыз оқиғаны телеарналар арқылы рес­­публика жұртшылығы көріп, рульде отырған қарияны Ford Focus көлігі иесінің соққылай бастаған жат қылығына ашынғаны анық. Тіпті егде әйел де бұзақының жұдырығынан зардап шекті. Ал осы оқи­ғаға куә болғандардың ешқайсысы аза­маттарға арашашы болмағаны өкінішті... Іле-шала Алматы қаласының тәртіп сақшылары осы оқиға бойынша күдіктіні іздеуге кірісті. Ал кеше қалалық ішкі істер департаменті бас­пасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек бұзақылық жасаған азаматтың ұсталғанын хабарлады. «1981 жылы туған Бақытжан Бопатаев - Бостандық ауданының тұрғыны. Оны Алмалы ауда­ны­ның тәртіп сақшылары бұзақылығы үшін ұстады»,- деді ол. *** «Алаш айнасы» басылымының жазуынша, дәл қазір қырғыз-өзбек шекарасындағы жағдай жаздың аптап ыстығындағы шөлден қураған сары шөпке ұқсап тұр - өртке қауіпті. «Кез келген кішігірім кикілжің екі елдің арасындағы ірі деңгейлі жанжалдарға ұласып кетуде. Жаңа жылдан бері ала шапанды ағайындар мен айыр қалпақты көршілердің арасында бірнеше дау көтеріліп үлгерді»,-деп жазады басылым.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін