Жарияланды: 1300

А.Хамзин: Қазақстанда қолдан жасалған ашаршылық құрбандарын ұмытуға болмайды

Қазақстанда өткен ғасырдың отызыншы жылдары қолдан жасалған ашаршылық құрбандарын ұмытуға болмайды.

Өйткені бұл тұтастай ұлттың басына күштеп таңылған нәубет еді. БҚО-ның Бөкей ордасы ауданында тұратын тарихшы-өлкетанушы Амантай Хамзин ҚазАқпарат тілшісімен әңгімесінде осындай пікір білдірді. Ол ашаршылыққа қатысты ойын былайша сабақтады. - Бұдан 55 жыл бұрын, 1956 жылы ақпан айында өткен партияның ХХ съезінде СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущевтің Сталиннің жеке басына табынушылықтан туған қателіктер мен бұрмалаушылықтар туралы баяндама жасағаны мәлім. Онда отыз жылдың үстінде билік басында болған Кеңес Одағы Коммунистік (большевиктер) партияның бас хатшысы И.В.Сталиннің қуғын-сүргін түріндегі саяси-қылмыстық іс-әрекеттері жария болып, әшкереленді. Бұқара халық тарихта «қызыл террор дәуірі» деген атпен белгілі болған бұл кезеңді режимнің «жауларын» түрлі концлагерлерге айдау, түрмеге тоғытып, кейін өлім жазасына кесу актілерімен байланыстырады. Рас, оның бәрі болған жәйт және ол кеңестік кеңістіктің барлық жерінде бірдей отыз жылдың үстінде толассыз жүріп жатты. Ең сорақысы, Қазақстанда қызыл террор акциясы қолдан жасалған ашаршылықпен ұштастыра жүргізілді. Саяси қуғын-сүргін құрығынан кеңестік қызыл империяны мекен еткен барлық ұлттар мен ұлыстардың бірде бірі құтыла алмады. Яғни ол барлығына бірдей жұмсалған ортақ соққы болды. Ал қазақ халқы саяси қудалауға ұшыраумен қатар қолдан жасалған ашаршылықтың зардабын жеке тартып, қос соққының астында қалды. Халқымыз кеңестік кезеңде ашаршылыққа екі рет ұшыраған екен. Біріншісі, 1921-1922 жылдары қуаншылық салдарынан егін шықпай аштыққа ұшыраса, екіншісі, 1931-1932 жылдары әр қазақтың алдындағы ақадал малын тартып алып, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» саясатын ұстанған Қазақстандағы «Кіші Октябрьдің» авторы Ф.Голощекин басқарған жылдары қолдан жасалған аштық болатын. Қол-аяғы балғадай, он екі мүшесі сау халқымыздың тең жартысынан көбі (2 млн. астам) аштан өлді. 1933 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің басына Л.И.Мирзоян келгесін (1933-1938) жағдай біртіндеп түзеле бастады. Осы орайда Бөкей Ордасы тарихи-музейлік кешені қорында құндылығы жөнінен баға жетпес аса маңызды тарихи жәдігер сақтаулы екенін айтудың жөні келіп тұр. Ол кеңестік кезеңде жабық тақырыпта болып келген жәдігер - 1934 жылы қаңтар айының 8-16 күндері аралығында Алматыда өткен 8-ші Қазақстан өлкелік партия конференциясының стенографиялық есебі. Осы конференцияның делегаты, кезінде Ордада Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан, 1919 жылы Ордада жасақталған Қазақтың бірінші атты әскер полкінің кіші командирі, Ұлы Отан соғысына қатысушы капитан алматылық Шүкір Шағыровтың жеке мүлкі. Музейге оны осыдан ширек ғасыр бұрын сол кездегі Қазақстан КП Орда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Мырзағалиев Тауасихтың жұбайы, Шағыров Шүкірдің қарындасы Сәуле Табылдиева тапсырған-ды. Конференция мінберінен Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянның жасаған баяндамасынан, ондаған делегаттардың сөйлеген сөздерінен сол кездегі қоғамның саяси-әлеуметтік хал-ахуалы, замана тынысы есіп тұр. Халқының тең жартысынан айырылып, қан жылаған қазақ елінде ол кезде не күй болсын?! Елдің ауыр хал-жағдайы делегаттар сөзінен көрініс тапты. Мысалы, конференцияның 10-шы қаңтар күнгі отырысында жарыссөзге шыққан Тойын ауданынан сайланған Тәжібаев деген делегат өз сөзінде былай депті (орысша мәтінінің қазақша мағынасы беріліп отыр): - ...Лениндік ұлт саясатын, орталық комитететтің нұсқауларын бұрмалаған бұрынғы өлкелік партия комитетінің жетекшісі тарапынан болған дөрекі қателіктердің нәтижесінде қазіргі күні елде аса ауыр жағдай қалыптасып отыр. Мысалы, 1930 жылы Табын ауданында 11782 шаруашылық, 417441 мал болса, қазір қолда небәрі 12000 мал, 3600 шаруашылық қалды - дейді. Конференцияның 9 қаңтардағы отырысында Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоян «Об откочевщиках» деген тақырыпта баяндама жасапты. Кезінде республиканың бірінші басшысы болған Л.Мирзоянның баяндамасынан келтіріп отырған үзіндіні бір әрпін өзгертпестен сол күйінде берсек: «... Одной из главных задач и работ крайкома партии за истекший год заключается в том, чтобы развернуть широкую работу по ликвидации откочевок и хозяйственное устройство откочевщиков. В течение последних 2,5-3 лет откочевки в Казахстане приняли исключительно большие размеры и нанесли огромный ущерб всему народному хозяйству и в первую очередь - животноводству. Конец 1932, начало 1933 года представляет собой исключительную картину, когда огромные толпы откочевщиков, двинувшихся со своих районов и мест, запрудили железнодорожные станции и города и создали крайне неблагоприятную обстановку для работы всего нашего госаппарата. Руководящие краевые и областные органы вплоть до начала 1933 года придавали этому делу какой-то конспиративный характер и пытались объяснить откочевки и наличие огромного количества лишенных всяких средств к жизни людей, природой казахского народа...». Баяндамадан көрінгендей, 1931-1932 жылдары қасақана қолдан жасалған аштықтың салдарынан қазақ ұлтының ұлы көші орын алғанын байқау қиын емес. Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламадағы ұлттың ұлы жосуы жоңғар шапқыншылығының себебінен болса, мұндағы, ұлы көштің себебі - тігерге тұяқ қалдырмай алдындағы малын күштеп тартып алып, қолдан жасаған ашаршылық болатын. Тіршілік көзінен айырып, ашаршылыққа ұшыратқасын жан сауғалап басқа жаққа бет бұрмағанда қайтеді?! Әйтпесе, айдын күн аманында жылы орнын суытып, жат жерге қоныс аударар ма? Бірінші хатшының: «көш нөпірі теміржол станциялары мен қалаларды басып кетті» деген сөзінен аш халықтың үдере көшуі Қазақстанның барлық аймақтарында орын алғанын аңдау қиын емес. Аш қазақтар көрші Ресей қалаларына бет түзеді, шетел ауды. Олардың ізін ала жолын тосып кері қайтару үшін мұздай қаруланған тосқауыл отрядтары (заградительные отряды) жіберілді. Бұл жолда қақтығыс та болмай қалған жоқ. Өткендері өлермеңдікпен өтіп кетті, қалғандары қарудың күшімен кері қайтарылды. Бір көңіл аударарлығы, конференцияның қатардағы қарапайым делегатынан бастап, бірінші басшы Л.И.Мирзоянға дейін сөйлеген сөздерінде мал шығынын әңгіме етеді де, екі миллион аштан қырылған адам шығынын ауызға алмайды. Себеп? Себеп белгілі. Саясатқа ұрынуға болмайды, ұрынсаң басың кетеді. Шындыққа көшіп, ашық айтайын десе, артында мылтығын тақап «мұртты қарттың» жаналғыштары тұрды. Белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаев журналисттерге берген бір сұхбатында Қазақстанда 118 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны, оның 25 мыңы ату жазасына кесілгені туралы дерек келтірген болатын. Ашаршылық акциясы арқылы «Ол сары пәлелерден тек осылай құтылуға болады» деген Сталин мен оның қолшоқпары Голощекин халқымыздың тең жартысынан астамын құртып жіберді. Бұл акция орын алмағанда, қазіргі күні қазақтардың табиғи өсімі 20-25 миллионды құрар ма еді?!. «Шыны керек, құғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөнінде үкімет қаулысы шыққаннан кейін олардың әрқайсысының артында іздеушілері, жоқтаушылары шықты, ол әлі жалғаса береді. Ол дұрыс. Ал, аштан қырылған екі миллион қазақты кім жоқтайды?! Біздіңше, оның жоқтаушысы бүкіл ұлт болуы керек. Ол халық болып жоқтау салу керек деген сөз емес, еске алу керек деген сөз. Осы қасіретті халық жадынан, ұрпақ жадынан өшірмеудің бірден-бір жолы - еске алу күнін белгілеу және екі астананың бірінде ескерткіш орнату деп білеміз», - деп түйіндеді ойын А.Хамзин.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть