ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, «заң жобаларының топтамасы екі бағытты қамтиды: орталық деңгейдегі әкімшілік реформаларды аяқтау және мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттілікті шектеу мәселелері». Қ.Келімбетовтың айтуынша, қолданыстағы 20 заңға өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Мәселен, 2006-жылдан бастап ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің функциялары облыстық деңгейге беріледі. «Бұл ретте фитосанитарлық және мал дәрігерлік бақылау тәрізді екі маңызды функция төменге өткерілмейді. Бүкіләлемдік сауда ұйымының талабына сәйкес, бұл екі функцияны орталық уәкілетті орган жауаптануы тиіс»,- деді министр.
Оның айтуынша, жер қатынастарын бақылау, қала салу және сәулет-құрылыс саласындағы қадағалау, жергілікті жерлерде бәсекелестікті қамтамасыз етуге қатысты көптеген функцияларды орталықтан облыстық деңгейге беру көзделіп отыр.
Шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету функциясын облыстан аудандық деңгейге беру межеленді, деді министр. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдерінің құзыретін күшейту үшін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету функциясын солардың қарамағына беру жоспарланып отыр.
«Қазіргі жағдаймен барлық заң жобалары дайын болды. 1-сәуірге дейін олар үкіметте түбегейлі дайындалып, парламенттің қарауына ұсынылады»,- деді Қ.Келімбетов.