Ақшамыз қайда кетеді? Неліктен қазақстандықтар МӘМС жүйесіне наразы - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақшамыз қайда кетеді? Неліктен қазақстандықтар МӘМС жүйесіне наразы

Ақшамыз қайда кетеді? Неліктен қазақстандықтар МӘМС жүйесіне наразы

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бес жыл бұрын іске қосылды. Осы уақыт ішінде бағдарлама халықтың сенімінен шыға алмай келеді.

  • 22 Желтоқсан
  • 93
Фото - Caravan.kz

Азаматтар ай сайын жарна төлеп отырса да, қажетті дәрігерге жете алмай, талдаулар мен тексерулерді ақылы түрде өтуге тура келеді. Мұндай қиындықтармен кездесетін ел азаматтары біздің редакциямызға хабарласты. Caravan.kz медиа порталының тілшісі халықпен тілдесіп, мамандардың ұсыныстарын саралады.

Халықты алаңдатып отырған бір маңызды сұрақ бар. Ай сайын төленіп отыратын медициналық жарналар қайда кетіп жатыр? Оның нақты нәтижесі неге көрінбейді?

Әлеуметтік желіде жарияланған видео жүзден аса пікір жинады. Көпшілігі МӘМС арқылы тексерілу мүмкін емес екенін алға тартады. Олардың пікірі келесідей:

«Бізде тегін медицина бар ма? Бәрі ақша, бір анализдің өзі 100 мың теңгеден кем емес».

«Жеке клиникада МӘМС арқылы өту мүмкін емес. Мені аритмологқа ақылы жіберді».

«Менің әкемді компьютерлік томография өткізбеді МӘМС арқылы, ақша төлеп өтсін деді».

«МӘМС не үшін төлейтінімізді білмеймін, барлығын ақылы өттім. Анализдерім 150 мың теңге болды. МӘМС бойынша болмайды деді».

«Мен ай сайын төлеймін, бірақ іс жүзінде пайдаланбаймын».

«Тіркелген емханада қажетті мамандар мен анализдер жоқ».

«Барлығы ақылы медицинаға айналып бара жатыр», — деп жазып жатыр халық.

Зейнеткерлер мен ата-аналар да МӘМС жүйесінің кемшіліктерін атап өтті. Олардың айтуынша, тар бейінді мамандар жетіспейд және белгілі зертханалардың МӘМС аясында қызмет көрсетпеуі салдарынан жеке қаражатқа қызмет алуға тура келеді.

Көпшілік қаржының ашық бақылауының жоқтығын басты мәселе деп санайды.

«Егер қайда, не үшін төлеп жатқанымызды көріп отырсақ, сенім де артар еді», – дейді халық.

Видео жинаған пікірлердің арасында МӘМС жүйесіне көңілі толатындар да бар болып шықты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бір-біріне кеңес берген. Олар МӘМС арқылы түрлі талдаулар тапсырғанын, ультрадыбыстық диагностика, рентген сияқты тексерістерден өткендерін де жазған.

Депутаттық ұсыныстар

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов МӘМС жүйесіндегі басты мәселе – қаражаттың ашық бақыланбауы екенін атап өтті. Оның айтуынша азаматтар ай сайын жарна төлейді, бірақ өз қаражатының қалай және қайда жұмсалып жатқанын көре алмайды. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес қор азаматтардың жарналары есебінен инвестициялық қызмет жүргізеді, алайда салымшылар бұл инвестициялық табыстан үлес алмайды. Депутаттың пікірінше, мұндай жабықтық әлеуметтік әділетсіздік тудырады.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында әр замат өзінің жинақтарын онлайн режимде көре алады. Осындай цифрлық әрі ашық бақылау механизмін МӘМС жүйесіне де енгізуге толық мүмкіндік бар. Қазіргі цифрландыру деңгейі бұл процесті техникалық тұрғыда жүзеге асыруға жол ашады», – дейді Магеррам Магеррамов.

Фармацевтика және отбасылық бюджет

МӘМС жүйесіне қатысты тағы бір өзекті мәселе – дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы. Бір ғана вирустық маусымның өзі азаматтарға, әсіресе отбасыларға, айтарлықтай қаржылық салмақ түсіреді. Көп жағдайда дәрілік препараттар МӘМС аясында толық қамтылмайды, сондықтан адамдар оларды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр. Осыған байланысты депутаттар пайдаланылмаған МӘМС қаражатын, оның ішінде инвестициялық табысты ескере отырып, дәрі-дәрмек сатып алуға пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Бұл бастама қоғамда әртүрлі пікір туғызғанымен, көпшілік оны қолдайды. Азаматтар ай сайын төлеп отырған жарналары нақты өз денсаулығына жұмыс істесе, жүйеге деген сенім артады деп есептейді. Кейбіреулер жинақталған қаражат барлық шығынды жабуға жеткіліксіз болуы мүмкін екенін алға тартады. Десе де, халық үшін ең бастысы – таңдау құқығы мен өз қаражатының тағдырын білу мүмкіндігі.

Осылайша, депутаттар Үкіметке МӘМС жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар нақты ұсыныс жолдап отыр. Атап айтқанда, МӘМС қаражатының қозғалысын бақылауға арналған ашық цифрлық жүйе енгізу, салымшыларға инвестициялық табыс есептеу мүмкіндігін қарастыру және пайдаланылмаған қаражатты дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсау тетіктерін әзірлеу ұсынылады. Бұл қадамдар жүзеге асқан жағдайда, МӘМС жүйесі анағұрлым әділ, түсінікті әрі азаматтардың нақты қажеттіліктеріне бағытталған механизмге айналуы мүмкін.

Перейти к новостям спорта