ҚР Көлік министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты бойынша 50 беттен асатын тергеу қорытындыларының есебін жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Тергеу комиссиясы ұшақтың артқы бөлігінен көптеген шұрық тесікті анықтаған. Бұған қоса, сол жақ мотор мен сол жақ қанаты да бүлінген. Кейбір тесік сырттан ұшып келген заттардан болған.
Құжатта Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы Бакуден Грозныйға тұрақты әуе рейсіне ұшып шыққаны айтылған. Экипаж тиісті медициналық тексеруден және ұшар алдындағы дайындықтан ойдағыдай өткен. Ұшаққа техникалық қызмет көрсетілген.
Ұшақта экипаждың бес мүшесі мен 62 жолаушы (екеуі — бала) болған.
Ұшақ сапар бағытынан ауытқымай Грозныйға жеткен. Есепке сүйенсек, ұшақ Грозный әуежайына қонуға екі рет талпыныс жасағанымен, онысы сәтсіз болған. Ақыр соңында экипаж Әзербайжан астанасына оралуды ұйғарған.
Ұшақ Шешенстанда неге қона алмағаны жөнінде есепте еш мәлімет жоқ. Грозныйдағы әуедегі ұшақтармен байланысатын диспетчерлер мұнарасы мен Embraer экипажы ұшқыштары арасындағы әңгімеде де ол туралы ештеңе айтылмайды. Жарияланып отырған есепте экипаждың қонуға рұқсат алған сәтінен бастап ұшқыштар ұшақ Бакуге оралатынын хабарлағанға дейінгі аралықтағы әңгімелерінде екі минутқа жуық уақыт үзіліс бар. Тек соңында ресейлік диспетчерлердің ауа райы себеп болғанын айтқан сөздері жазылған.
05:13:30 UTC (Дүниежүзілік үйлестірілген уақыт), ұшақ Грозный әуежайы үстінен көкке самғап бара жатқан кезде GPS белгісінің екеуі де жоғалып кеткен. Есепте оның себебі айтылмаған. Басқа жүйелер әдеттегідей жұмыс істеп тұрған.
05:13:31 – ұшақтың тіркеу жүйесі «соққы дыбысын» жазып алған, автопилот пен тартқыш автомат ажырап қалған. Үш секундтан кейін ұшақ рульдері мен доңғалақтарын қозғалтатын гидравликалық жүйедегі қысым мен сұйықтық деңгейі нөлге түсіп кетіп, басқаруға көнбеген. Бұдан кейін басқа жүйелер де істен шыға бастаған.
05:13:39 – ұшақ кабинасында саңылау пайда болған.
05:13:56 – екінші мәрте «соққы дыбысы» тіркелген. Экипаж командирімен сөйлескен стюардессалар салонда «екі орындық жарылғанын» хабарлаған.
Бұған қоса есепте ұшқыштардың Грозныйдағы әуе диспетчерлерімен сөйлескен сөздері де жарияланған. Ол жазбаларда капитан жердегі диспетчерлік басқару бекетіне ұшақ бағынуға көнбей жатқанын, «кабинаға құстар соғылғанын» хабарлаған.
Жердегілердің сөзіңізді қайталаңызшы деген сұрауы бойынша ұшақ капитаны: «Қатты соққы болды, артқы орындықтар жарылды деп жатыр, стюардесса айтты» деп хабарлаған.
Осы жазбаларға қарағанда, ұшақ экипажы Минеральные воды, Махачқала мен Ақтаудағы ауа райының жағдайы жөнінде мәлімет сұраған. Одан кейін экипаж Қазақстанға ұшуды ұйғарып, өрт сөндірушілер, эвакуациялық және медициналық қызметтер әзір тұрсын деп хабар берген.
«Жағдайымыз мынадай: жолаушылар кабинасында оттегі таусылайын деп қалды, яғни онда оттегі баллоны жарылған тәрізді, ааа, отын иісі тарады, жолаушылардың кейбірі естен танып қалып жатыр», – деген ұшқыштардың сөзі келтірілген есепте.
06:03:06 – экипаж Ақтаудағы диспетчерлермен сөйлескен.
6:22:20 – экипаж жерге тым жақын төмендеген ұшақты қондыруға тырысқан.
06:27:58 – ұшақ жерге құлаған.
Апат салдарынан ұшақ толық қирап, бір бөлігі жанып кетті делінген есепте.
«Бұл есепте алдын ала ақпарат ұсынылып отыр, барлық материалдарды зерттеу мен саралаудың нәтижелері бойынша ол нақтыланып, толықтырылуы мүмкін» деп жазылған құжатта.
Тексеру жұмыстарына ұшақты жасаған ұйымның (Embraer S.A., Empresa Brasileira de Aeronautica S.A.) және «Әзербайжан Хава Йоллары» ЖАҚ («Azerbaijan Airlines») әуе компаниясының өкілдері қатысуда.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Салдарынан әуе кемесінің командирі, екінші ұшқыш, аға бортсерік және 35 жолаушы (барлығы 38) қаза тапты, оның ішінде алты Қазақстан азаматы бар, 2 бортсерік және 27 жолаушы түрлі дәрежеде дене жарақатын алды.