Былтыр Ақтауда жаз қыз өз-өзіне қол жұмсаған еді. Қыздың өліміне қатысты жантүршігерлік жаңа деректер пайда болды. Мән-жайды «Немолчи» қоры мәлімдеді. Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады.
Ақтауда спортшы, фитнес-тренер болып жұмыс істеген Алина есімді жас қыз 9-қабаттан секіріп көз жұмған еді. Оқиғадан екі күн бұрын ауыр зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. 14 мамыр күні әдеттегідей жұмыстан шыққан қыз үйіне қайтып бара жатқан жолда бір топ жігіт оны қинап көлікке отырғызған. Аталмыш сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жаз қыздың көзін байлап, түні бойы жанармай бекетінде қинап, соққыға жыққан. Кейін есірткі беріп, зорлаған. Қыздың атына 2 миллион теңге несие рәсімдеп, базардағы таныстары арқылы ол ақшаны шешіп алған. Қылмыскерлердің барлығы сол түні мефедрон қолданған.
Арамы ойларын іске асырған соң қызды қалаға әкеліп, ешкімге айтпа деп қорқытқан. Аузын ашса, өлтіретіндерін де жеткізген.
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз құрбысының үйіне келіп, болған оқиғаны айтып берген. Ол қыздың ағасына хабарласты. Марқұмның ағасы қарындасы зорлыққа ұшыраған орынды сұрастырып, мән-жайды анықтауға іс-әрекет етеді. Алайда қорлыққа шыдамаған жас қыз құрбысының көз алдында биік қабатты үйдің терезесінен секіріп, қайтыс болды.
Маңғыстау облысының прокуратурасы 5 жігіттің ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Олар кінәлілерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етті.
«2024 жылғы 19 желтоқсанда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудандық соты жәбірленушілерге қатысты жасалған қылмыс бойынша негізгі фигурантқа 20 жыл, ал басқа күдіктілерге 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру тағайындалды. Өз кезегінде прокурор өзінің жарыссөзінде бас фигурантқа өмір бойына бас бостандығынан айыруды, ал басқа қатысушыларға 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған», — делінген прокуратура хабарламасында.
Сот жабық форматта өтті. Алайда марқұмның туыстары соттың шешімімен келіспейді. Олар басты қылмыскерді өмір бойына соттауды, қалған қатысушыларға 15-20 жыл беруін талап етуде. 5 қаңтарда облыс прокуроры сот үкімі мен жаза мөлшеріне келіспегендіктен, сот жарыссөзінде баяндалған ұстанымға сәйкес өтінішхат енгізген.
Қылмыскерлердің суреттері әлеуметтік желіде пайда болды. Күдіктілердің бірі — 1991 жылы туған ер адам, үйленген, бала тәрбиелеп отыр. Тергеу кезінде ол алғаш рет мефедрон қолданып көргенін айтып, ештеңе есінде жоқ екенін алға тартқан. Ол кінәсін мойындамаған. Қалған төртеуі қылмыстың барлық егжей-тегжейін айтып берген.
Аталмыш шулы оқиға қоғамдық резонанс тудырды. Қазақстандықтар әлеуметтік желіде жаппай қылымыскердерге әділ жаза берулерін талап етіп жатыр.